Эссе
учебно-методическое пособие (11 класс) на тему
Әдістемелік нұсқаулықта эссе термині, түрлері, құрылымы, ерекшелігі, талаптары және оның шығармадан айырмашылығы жөнінде түсінік беріледі. Сонымен қатар, эссе тақырыптары, оны бағалау критерийлері және эссе жазу үлгісі ұсынылып, талданды.
Эссе талаптары және бағалау критерийлері халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, бірнеше дереккөздердегі мәліметтерді қарастырып, сараптап, талдап ұйғарылған қорытынды шешім бойынша құрастырылды.
Скачать:
Вложение | Размер |
---|---|
esse._distemelik_nuskaulyk.docx | 148.23 КБ |
kazak_tili_zhne_debietinen_esse_takyryptary.docx | 18.84 КБ |
shema.pdf | 309.03 КБ |
esse.pdf | 330.07 КБ |
Предварительный просмотр:
Алғы сөз
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылдың 16 қарашасында шыққан №660 бұйрығына сәйкес 2016-2017 оқу жылында жалпы орта білім беретін мектептердің 11-сынып оқушыларын қорытынды аттестаттауға өзгерістер енгізілді. 11-сынып оқушылары үшін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен эссе жазу міндеттелді. Эссе жазу мұғалімдер мен оқушылар үшін жаңа формат болғандықтан, Ұлттық тестілеу орталығы тарапынан көмекші құрал ретінде әдістемелік нұсқаулық әзірленді. Әдістемелік нұсқаулықта эссе термині, түрлері, құрылымы, ерекшелігі, талаптары және оның шығармадан айырмашылығы жөнінде түсінік беріледі. Сонымен қатар, эссе тақырыптары, оны бағалау критерийлері және эссе жазу үлгісі ұсынылып, талданды.
Эссе талаптары және бағалау критерийлері халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, бірнеше дереккөздердегі мәліметтерді қарастырып, сараптап, талдап ұйғарылған қорытынды шешім бойынша құрастырылды.
Әдістемелік нұсқаулық жалпы білім беретін мектеп мұғалімдеріне, оқушыларға арналады.
Эссе мен шығарманың айырмашылығы
Эссе | Шығарма | |
Анықтамасы | Эссе дегеніміз (фр. тіл. essai -тәжірбие, лат.т. exagium – құрау ) – философиялық, әдеби, тарихи, публицистикалық, әлеуметтану, саяси және тағы басқа саладағы ғылыми емес, автордың жеке көзқарасын білдіретін прозалық мәтін. | Шығарма – оқушының туған халқының әдебиетінен алған білімін өз ойымен, дүниетанымдық көзқарасымен еркін ұштастыра отырып баяндайтын шығармашылық төл еңбегі. Оқушыдан көркем шығарманы өзіндік ой-пікірі, көзқарасы тұрғысында терең талдап пайымдауы, әсерлі, көркем тілмен жүйелі баяндауы талап етіледі. |
Эссе – еркін композициялық құрылымға негізделген немесе көркем-публицистикалық жанрдың бір түрі | Шығарма – белгілі бір берілген тақырыпқа арналған, міндетті құрылымнан тұратын, тек пәндік білімге бағытталған шығармашылық жұмыс. | |
Эссе қатаң түрде жоспарға негізделуі міндетті емес. | Шығармада жоспарды жазу міндетті. | |
Эссе жеке көзқарас, сараптама, дәлелдемелерге негізделеді. | Шығарма формасы оның түріне байланысты, көбінесе көркем мәтінді талдауға негізделеді. | |
Эссенің мақсаты – эссе жазушының өзіндік көзқарасын, сыни ойын жетілдіру, ұстанымын дәлелді бекіту үшін жан-жақты білім алып, ақпараттық қарулану, тақырыпты ашуда метатанымдық білігін тиімді қолдану, шығармашылық қабілетін шыңдау, ой жүйелілігін реттеу, жазу түрлеріне қарай жазу тәсілдерін таңдай біліп, эссе түріне қарай жазу стилін сақтау, ой жүйесінің бірізділігін сақтауда сөз оралымдарын тиімді қолдану, шығармашыл жазбаларда сөздік қорының байлығын дамыту, талдау жұмыстарында қажетті термин сөздерді тиімді қолдану. | Шығарманың мақсаты – жазылым тілін дамыту, логикалық ойлауды дамыту, шығармашылык, қиялды, нақты нәрсені еркін, қызықты түрде беруге ұластыру, әдебиетті іштей түсіне отырып, оның мәні мен құдіретті орнын өз дүниесінде көркемдеп бере алу. |
Емтихан жұмысының сипаттамасы
Жазбаша емтихан жұмысы – эссе.
Уақыты: 180 минут.
Оқушылар берілген тақырыптардың ішінен 1-еуін таңдайды. Жазылған эссе жұмысы жалпы 20 балмен бағаланады. Оқушылар өздері таңдаған тақырып бойынша эссе көлемі 200 – 250 сөз болса, қазақ әдебиетінен тереңдетілген сыныптарда 250 – 300 сөзден тұратын эссе жазады. Оқушылар шимай парақты қолдана алады. Шимай парақты оқушы жұмыспен бірге тапсырады, бірақ тексерілмейді. Емтихан уақытында әдебиет хрестоматиясы, тақырыпқа қатысты көркем әдебиеттер, мақал-мәтел, қанатты сөздер кітаптары аудиторияға қойылады.
Емтиханда жазылатын эссе түрі: академиялық
Қорытынды аттестаттау емтихан болғандықтан, жазба жұмысы академиялық эссе түрі бойынша жазылады. Академиялық эссе ұзақ және қысқа мерзімді қамтиды.
Зерттеу жұмыстарына ұзақ мерзімді академиялық эссе тән. Ұзақ мерзімді академиялық эссеге кеңейтілген эссе түрі жатады. Оқушы қызығушылығымен таңдап алған тақырыбына зерттеу жүргізеді. Зерттеу 1- 1,5 жыл мөлшерін қамтуы мүмкін.
Қысқа мерзімді академиялық эссе білім алушының оқыған, талдаған, сараптаған білімін бағалау үшін беріледі. Қысқа мерзімді академиялық эссе емтиханға бөлінген уақытта орындалады. Академиялық эссе кез келген пәндер: жаратылыс, гуманитарлық, тіл, әдебиет бойынша жазылады. Әр пән функционалдық міндетіне сәйкес білім алушының білім нәтижесін бағалауға бағыттайды. Ана тілі мен әдебиеті пәндерінің қорытынды аттестаттау емтиханында әдеби эссе жазады.
Әдеби эссе – эссе түрлерінің ішіндегі ең күрделісі. Ол жазылу мақсатына қарай әдеби-талдау эссе, әдеби-сыни эссе, әдеби-синтез эссе, әдеби-дәлелдеме эссе, әдеби-салыстырмалы эссе, әдеби-шығармашыл эссе болып бөлінеді. Әдеби эссенің әрбір түрінің жазу әдістері бар. Әдеби-талдау эссені туындыға талдау жасай отырып жазады. Әдеби-сыни эсседе автор көзқарасына, автор бейнесіне, автор үлесіне сыни көзқарасын, пікірін білдіріп жазады. Әдеби-синтез эсседе бір тақырыптың бірнеше туындыдағы көрінісін талдай келе, шешім шығарады. Шешіміне талдау жүргізе отырып, қорытындыға келеді. Әдеби-дәлелдеме эсседе ұстанымын көрсете отырып, аргументтер арқылы дәлелдеп жазады. Әдеби-салыстырмалы эсседе туындыны басқа туындымен және сол туындыдағы кейіпкерлерді, оқиға жайларын салыстыра отырып, талдап жазады. Әдеби-шығармашыл эсседе әдеби туындыдағы оқиғаны өз шығармашылығымен оқиға тудырып және кейіпкер рөліне еніп немесе оқиға уақытына, мекеніне түсіп, сезімін, ойын, жай-күйін баяндап, сипаттап, суреттеп жазады.
Әдеби эссенің әр түрінің мақсаты, жазылу ерекшеліктері бар. Мақсат, жазылу ерекшеліктері эссе тақырыптары арқылы айқындалады. Мысалы,
- «М.Әуезовтің «Көксерек» повесіндегі тосын және қатыгез эмоцияларды автордың оқырманына жеткізу тәсілдерін талдап жаз». Әдеби-талдау эссе автордың тосын және қатыгез эмоцияларды жеткізу үшін қолданған тәсілдерін тауып, талдап жазылады.
- «М.Әуезов «Көксерек» повесіндегі тосын және қатыгез эмоцияларды оқырманына қаншалықты әсерлі жеткізе алды?» Әдеби-сыни эссе автордың тіл шеберлігіне сыни бағасын бере отырып жазылады.
- «Тосын және қатыгез эмоциялар: М.Әуезовтің «Көксерек» повесі және әлемдік әдебиетте». Әдеби-синтез эсседе бірнеше туындылардағы тосын және қатігез эмоциялардың берілуін талдай келе, өзіндік бағасын шығарады. Өзіндік көзқарасы тұрғысынан шығарылған бағасына талдау жүргізеді.
- М.Әуезовтің «Көксерек» повесіндегі тосын және қатыгез эмоциялар оқырман психологиясына кері әсер ете ме? Әдеби-дәлелдеме эсседе білім алушы өз позициясын /ұстанымын/ танытады. Позициясын аргументтер арқылы дәлелдеп жазады. Аргумент келтіруде М.Әуезовтің «Көксерек» повесімен ғана шектелмей, неғұрлым өзге дереккөздерден аргументтер келтірген сайын, соғұрлым эссе бағасы жоғарылайды.
- «М.Әуезовтің «Көксерек» повесіндегі Құрмашсың. Жоғалып кеткен Көксеректі күтпеген сәтте кездестірдің. Көксерек саған қарсы шауып, жараландың. Осы сәттегі сезіміңді сипаттап жаз. Әдеби-шығармашыл эссе жазуда Құрмаш рөліне енеді, сезімін, жай-күйін сипаттап жазады.
Эссе құрылымы
Әдеби-талдау эссе
Тақырыбы:
М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Құнанбайдың Қодар мен Қамқаға шығарған үкіміне қатысты автор ойын талдап жазыңыз.
Роман-эпопеяда кейіпкер Қодар - жалғыз ұлы қайтыс болып, келіні Қамқамен, немересімен ғана қалған қауқарсыз жан. Елмен қатар көшуге күйі келмеген Қодардың ескі жұртта қалып қоюы туралы баяндала отырып, Қодар келінімен жақын қатынаста екендігі, сондықтан көшпей оңаша отырғандығы туралы да мәлімденген. Бұл іске Құнанбай ел билеуші би ретінде Қодар мен Қамқаға өлім жазасын кеседі. Автор Құнанбайдың бұл үкіміне қатысты романда қандай ой жеткізеді?
Романды оқи отырып, Қодар мен Қамқаны өмірден оздыру арқылы Құнанбай ішкі есебін жүзеге асыруға жол ашты. Құнанбайдың көп малына жайылымдық жер керек еді. Автордың Бөкенші, Борсақтың өз жеріне көшіп келген сәтін: «Жартастан бері Сүйіндіктердің қарсы алдында қалың жылқы ендеп, жайылып келеді. Ішінде жирені мен құласы көп, Құнанбай жылқысы», - деп баяндауынан Құнанбай Бөкенші, Борсақ жеріне олардан бұрын келіп, баса-көктеп жайлап алғаны жеткізіледі. Мұхтар Әуезов Құнанбайдың бұл әрекетін баяндай отырып, ел билеуші Құнанбайды қолындағы билікті өз мүддесіне жұмсайтын әділетсіз сұлтан ретінде көрсетеді.
Сонымен қоса, Бөкенші, Борсақтың өкініші де Қодар мен Қамқа өлімінің Құнанбайға ғана пайдалы болғанын ұғындырады. Романдағы «Арманда кетіпсің ғой, есіл ерім, Қодар-ай» - деген Сүйіндіктің өкінішті сөзі дәлел. Бөкенші, Борсақтың бармақ тістеуін автор қақпанға түскен қасқырлар сияқты елестетеді. Бұл сәтті автор тарапынан қарастырғанда, Қодар мен Қамқа өлімі - Құнанбайдың жерін кеңейту үшін ғана қолданған айласы деп есептеуге болады. Ой салатын тағы да басқа себептер бар.
Қодар мен Қамқа – жалғандық құрбаны. Автордың жеткізуі бойынша, Құнанбай ел арасындағы сөздерге ғана сүйенді. Ру басыларының жиынындағы Сүйіндік пен Құнанбай арасындағы қызу талқы, Қодардың: «Ақ, қарамды тексермедің бе, өңшең қан жұтқан қара бет?!», Қамысбайдан Қамқаның: «Жаным-ау, адам баласысың ғой... Осы айыбымыз не? Не қылмақсыңдар? Айтып өлтірсеңші?» - деген сөздер Құнанбай үкімінің адалдығына күмән тудырады. Сондықтан бұл үкім адал болды деп айту қиын.
Қорытындылай келе, Құнанбай шешімі арқылы автор қазақ еліндегі биліктің халық жайынан алыс болғанын көрсетті. Билік әділ болғанда ғана халыққа қызмет ете алады.
Әдеби-талдау эссеге құрылымдық талдау
КІРІСПЕ
Тақырыпты түсіну сөйлемі:
Роман-эпопеяда кейіпкер Қодар - жалғыз ұлы қайтыс болып, келіні Қамқамен, немересімен ғана қалған қауқарсыз жан.
Бұл сөйлемде эссе жазушы эссенің тақырыбына орай, эссенің кім туралы болатынына түсінік беріп тұр. Романдағы кейіпкер Қодар туралы баяндады.
Тақырыптың өзектілігі:
Елмен қатар көшуге күйі келмеген Қодардың ескі жұртта қалып қоюы туралы баяндала отырып, Қодар келінімен жақын қатынаста екендігі, сондықтан көшпей оңаша отырғандығы туралы да мәлімдеген. Бұл іске Құнанбай ел билеуші ретінде Қодар мен Қамқаға өлім жазасын кеседі.
Тақырыптың өзектілігі эссе жазуға себеп болған жайдан хабардар етеді. Өзекті мәселе – Қодар мен Қамқа арасындағы қатынас.
Тезис:
Автор Құнанбайдың бұл үкіміне қатысты романда қандай ой жеткізеді?
Эссе тақырыбынан тезис қойылады. Тақырып Құнанбай үкіміне қатысты автор ойын сұрап тұр. Сондықтан тезис те автор ойын талдауға құрылған.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
1 - абзац
Тезисті қолдаушы пікір
Романды оқи отырып, Қодар мен Қамқаны өмірден оздыру арқылы Құнанбай ішкі есебін жүзеге асыруға жол ашты.
Тезис Құнанбай үкіміне қатысты автордың ойын талдауды негізгі идея ретінде алды. Соған қатысты тезистегі негізгі ойды қолдайтын пікір білдірілді. Пікір Қодар мен Қамқа өліміне қатысты Құнанбай үкімі туралы автордың оқырманына жеткізген ойын талдауға байланысты білдірілген.
Аргументке дейінгі баяндау(уақыт, мекен, жағдай, қатысушылар т.б.)
Құнанбайдың көп малына жайылымдық жер керек еді. Автордың Бөкенші, Борсақтың өз жеріне көшіп келген сәтін:
Әдеби эссенің ерекшелігіне қарай аргумент келтіргенге дейін сол сөздің болған уақыты, мекені, жағдай, кімдердің бұл сөзге қатысы бар екендігі туралы қысқаша баяндайды.
Аргумент
«Жартастан бері Сүйіндіктердің қарсы алдында қалың жылқы ендеп, жайылып келеді. Ішінде жирені мен құласы көп, Құнанбай жылқысы»-
Құнанбайдың ішкі есебін білдіретін автор баяндауын аргумент ретінде алған.
Талдау (анализ)
деп баяндауынан Құнанбай Бөкенші, Борсақ жеріне олардан бұрын келіп, баса-көктеп жайлап алған басқыншы сияқты жеткізіледі.
Аргументтен кейін автор баяндауынан нені ұғуға болатыны, автордың оқырманға жеткізбек ойына талдау жасайды.
Абзацты қорытындылаушы сөйлем
Мұхтар Әуезов Құнанбайдың бұл әрекетін баяндай отырып, ел билеуші Құнанбайды қолындағы билікті өз мүддесіне жұмсайтын әділетсіз сұлтан ретінде көрсетеді.
Абзацта айтылған пікір, аргумент, анализдерден кейін абзацты қорытындылап, жинақтап, бекітетін сөйлем.
2 - абзац
Тезисті қолдаушы пікір
Сонымен қоса, (сөз оралымы) Бөкенші, Борсақтың өкініші де Қодар мен Қамқа өлімінің Құнанбайға ғана пайдалы болғанын ұғындырады.
Аргумент
Романдағы «Арманда кетіпсің ғой, есіл ерім, Қодар-ай» -
Талдау (анализ)
деген Сүйіндіктің өкінішті сөзі дәлел. Бөкенші, Борсақтың бармақ тістеуін автор қақпанға түскен қасқырлар сияқты елестетеді.
Абзацты қорытындылаушы сөйлем
Бұл сәтті автор тарапынан қарастырғанда, Қодар мен Қамқа өлімі - Құнанбайдың жерін кеңейту үшін ғана қолданған айласы деп есептеуге болады.
Негізгі бөлімнің бір абзацынан екінші абзацқа өтуші сөйлем
Ой салатын тағы да басқа себептер бар.
3 – абзац
Тезисті қолдаушы пікір
Қодар мен Қамқа - жалғандық құрбаны.
Аргумент
Автордың жеткізуі бойынша, Құнанбай ел арасындағы сөздерге ғана сүйенді. Ру басыларының жиынындағы Сүйіндік пен Құнанбай арасындағы қызу талқы, Қодардың: «Ақ, қарамды тексермедің бе, өңшең қан жұтқан қара бет?!», Қамысбайдан Қамқаның: «Жаным-ау, адам баласысың ғой... Осы айбымыз не? Не қылмақсыңдар? Айтып өлтірсеңші?» -
Талдау(анализ)
деген сөздер Құнанбай үкімінің адалдығына күмән тудырады.
Абзацты қорытындылаушы сөйлем
Сондықтан бұл үкім адал болды деп айту қиын.
ҚОРЫТЫНДЫ БӨЛІМ
Қорытындылай келе, Құнанбай шешімі арқылы автор қазақ еліндегі биліктің халық жайынан алыс болғанын көрсетті. Билік әділ болғанда ғана халыққа қызмет ете алады.
Әдеби-талдау эсседе тезиске оралу міндетті емес. Қозғалған тақырыптың маңыздылығы туралы жазып, өз көзқарасын қысқаша жеткізіп, аяқтайды.
Әдеби-дәлелдеме эссе
Тақырып:
М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Қодар мен Қамқа өліміне қатысты Құнанбай үкімі дұрыс па?
Қодар роман-эпопеяда жалғыз ұлы қайтыс болып, келіні мен немересін сүйеніш еткен қайғылы кейіпкер бейнесінде танылған. Ол ауыл-аймағы жайлауға көшкенде, қонысын аударуға күйі келмей ескі жұртта қалып қояды. Оның көшпей қалуы туралы ел арасында жағымсыз сөздер тарай баастайды. Келінімен жақын қатынаста болды деген айыппен Қодар мен Қамқаны өлтіру ұйғарылады. Менің ойымша, Құнанбай шешімі дұрыс.
Қодар мен Қамқаны өлтірмеске Құнанбайдың амалы болмады. Ру басыларының жиынында Сүйіндіктің сөзіне: «Тергесең, Қодар сұмдығын аңыз қып, көпке жайып әкеткен елді терге. ...Ел аузына қақпақ болып көрші», - деп шарасыздық танытып сөйлейді. Автор Құнанбай мен Сүйіндік арасындағы тайталас арқылы оқиғаның өріс жайып, шарықтап кеткендігін жеткізеді. Анық-қанығы айқындалмаса да, елге тыйым салу қажет. Сондықтан Құнанбай үкімінің өлім болуы шарасыздықтан туындаған.
Оған қоса, романнан тыс туындылар да шешімнің әділдігіне сендіреді. Бұған Ш.Құдайбердіұлының «Қодардың өлімі» поэмасында: «Ел бұзатын ерсі істі өршітпеске, дарға асып, таспен атқан өз ағасы» деген жолдар негіз болады. Ғалым Т.Жұртбайдың «Жетпіс жыл жұртын сүйіндірген сұлу сөз» мақаласында «Атасы мен келінінің арасындағы зинаны тыю үшін Құнанбай дала заңына сүйене отырып, оларды қоғамнан аластау туралы үкім шығарады. Екеуін дарға асып, болашақта басына жастардың келуі мүмкін деп қауіптеніп, опасыз оқиғадан ескерткіш қалмау үшін денелерін қара жерге де бермей, өртеп жіберген. Бірақ романда Қодар жазықсыз кедей ретінде суреттеліп, күнәсіз жандарды Құнанбай жер үшін өлімге қиған болып, өмірлік шындық көркемдік шындыққа айналып кете береді», - дейді. Бұл деректер оқиғаның растығына сендіреді. Сондықтан Құнанбайдың үкімімен келіспеуге негіз жоқ, оны ұрпақ болашағын ойлаған кемеңгер деп айтуға болады.
Қорытындылай келе, ақиқатқа негізделген жаза теріс өнеге қалдырмауды көздеген. Ұлт ұрпағының бұзылуының алдын алған қатал шешім – көреген жанның ісі. Бұл оқиға әрбір оқырманын түзу жолдан адаспауға тәрбиелейді.
Әдеби-дәлелдеме эссеге құрылымдық талдау
КІРІСПЕ
Тақырыпты түсіну сөйлемі:
Қодар роман-эпопеяда жалғыз ұлы қайтыс болып, келіні мен немересін сүйеніш еткен қайғылы кейіпкер бейнесінде танылған.
Тақырыптың өзектілігі:
Ол ауыл-аймағы жайлауға көшкенде, қонысын аударуға күйі келмей ескі жұртта қалып қояды. Оның көшпей қалуы туралы ел арасында жағымсыз сөздер тарай баастайды. Келінімен жақын қатынаста болды деген айыппен Қодар мен Қамқаны өлтіру ұйғарылады.
Тезис:
Менің ойымша, Құнанбай шешімі дұрыс.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
1 - абзац
Тезисті қолдаушы пікір
Қодар мен Қамқаны өлтірмеске Құнанбайдың амалы болмады деп шарасыздық танытып сөйлейді.
Аргументке дейінгі баяндау(уақыт, мекен, жағдай, қатысушылар т.б.)
Ру басыларының жиынында Сүйіндіктің сөзіне:
Аргумент
«Тергесең, Қодар сұмдығын аңыз қып, көпке жайып әкеткен елді терге. ...Ел аузына қақпақ болып көрші», -
Талдау (анализ)
деп шарасыздық танытып сөйлейді. Автор Құнанбай мен Сүйіндік арасындағы тайталас арқылы оқиғаның өріс жайып, шарықтап кеткендігін жеткізеді. Анық-қанығы айқындалмаса да, елге тыйым салу қажет.
Абзацты қорытындылаушы сөйлем
Сондықтан Құнанбай үкімінің өлім болуы шарасыздықтан туындаған.
2 - абзац
Тезисті қолдаушы пікір
Оған қоса, романнан тыс туындылар да шешімнің әділдігіне сендіреді.
Аргумент
Бұған Ш.Құдайбердіұлының «Қодардың өлімі» поэмасында: «Ел бұзатын ерсі істі өршітпеске, дарға асып, таспен атқан өз ағасы»...
Ғалым Т.Жұртбай «Жетпіс жыл жұртын сүйіндірген сұлу сөз» мақаласында «Атасы мен келінінің арасындағы зинаны тыю үшін Құнанбай дала заңына сүйене отырып, оларды қоғамнан аластау туралы үкім шығарады. Екеуін дарға асып, болашақта басына жастардың келуі мүмкін деп қауіптеніп, опасыз оқиғадан ескерткіш қалмау үшін денелерін қара жерге де бермей, өртеп жіберген. Бірақ романда Қодар жазықсыз кедей ретінде суреттеліп, күнәсіз жандарды Құнанбай жер үшін өлімге қиған болып, өмірлік шындық көркемдік шындыққа айналып кете береді», - дейді.
Талдау (анализ)
деген жолдар негіз болады. Бұл деректер оқиғаның растығына сендіреді.
Абзацты қорытындылаушы сөйлем
Сондықтан Құнанбайдың үкімімен келіспеуге негіз жоқ, оны ұрпақ болашағын ойлаған кемеңгер деп айтуға болады.
ҚОРЫТЫНДЫ БӨЛІМ
Қорытындылай келе, ақиқатқа негізделген (тезиске оралу) жаза теріс өнеге қалдырмауды (негізгі бөлім абзацтарының түйіні) көздеген.
Эссені қорытындылаушы сөйлем
Бұл оқиға әрбір оқырманын түзу жолдан адаспауға тәрбиелейді.
Бір мәселені қозғаған екі эссе. Екеуінің тақырыбы екі түрлі берілгенімен, қозғаған мәселелері - Қодар мен Қамқа оқиғасы. Бірінші тақырыптың жазу тәсілі – талдау, екіншісінікі – дәлелдеу. Бірінші эсседе оқушы автор ойын талдап жазады, екіншісі дәлелдеп жазады. Бірінші эссенің тезисі негізгі идеяны білдірсе, екінші эссенің тезисі позиция/ұстанымды білдіреді. Бірінші эсседе негізгі идеяны талдаса, екінші эсседе позицияны аргументтермен қорғап, бекітеді.
Эссені бағалау
Бағалау әдеби эссе түрлерінің барлығын қамтиды, бірақ эссе түріне қарай бағалау критерийінің ішінен сол эссе түріне сәйкесі бойынша ғана бағаланады.
Балл | Сыни ой /Анализ/ | Тіл сауаттылығы |
9-10 |
|
Грамматикалық сауаттылық: 3 қатеге дейін |
7-8 |
|
Грамматикалық сауаттылық: 7 қатеге дейін |
5-6 |
|
Грамматикалық сауаттылық: 10 қатеге дейін |
3-4 |
|
Грамматикалық сауаттылық: 13 қатеге дейін |
1-2 |
|
Грамматикалық сауаттылық: 13 қатеден көп |
0 |
|
Грамматикалық сауаттылық: 13 қатеден көп |
Әдебиет: Сыни ой /Анализ/ | Балл | Баға | Қазақ тілі: Тіл сауаттылығы | Балл | Баға |
9-10 | 5 | 9-10 | 5 | ||
7-8 | 4 | 7-8 | 4 | ||
4-6 | 3 | 4-6 | 3 | ||
0-3 | 2 | 0-3 | 2 |
Сыни ой /Анализ/
Оқушының эссе тақырыбын түсініп, тақырыпқа қатысты сыни ой білдіруі, оны нақты аргументтермен дәлелдей білуі бағаланады. Эссе барысында оқушы тақырыптан ауытқымауы керек. Сыни ой, талдаулары тезистегі негізгі идеяға, ұстанымға сәйкес болуы қажет. Анализ жасау үшін алған дәлелдерді, автор қолданған тәсілдерді түсініп талдай отырып, әдеби шығармаға сыни сараптама жасай білу дағдысы ескеріледі. Негізгі идеяға сәйкес ойдың логикалық бірізділігін сақтайды. Эссе бойынша өз талдауының, сараптауының түйінін қорытындылап, шешім ұсынады.
Тіл сауаттылығы
Эссе тақырыбына сәйкес жазу стилін (баяндау, дәлелдеу, сипаттау) таңдай білуі бағаланады. Стильге қатысты сөздерді, ойдың логикалық бірізділігін сақтау үшін қолданылатын сөз оралымдарын (шылау, қыстырма сөздер) орынды қолдануы қажет. Сөздік қоры бай және оны дәлдікпен, икемділікпен қолдана білуі керек. Оқырманға ерекше әсер беру мақсатымен көркем тіл құралдарын қолдануы керек. Грамматикалық жағынан сауатты жазуы қажет.
11-сынып оқушылары үшін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен эссе жазу емтиханында мектеп бағдарламасы бойынша таңдалған авторлар мен олардың шығармалары
Эссе тақырыптары мектеп бағдарламаларына сәйкес 10-11-сыныптардағы қазақ әдебиеті пәнінің қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математика бағыттарына арналған оқулық пен хрестоматияға енген авторлар мен олардың шығармалары бойынша дайындалды.
Оқу-әдістемелік құралда:
1) 11-сынып оқушылары 5-9-сыныптардағы әдебиет пәні бойынша
негізгі мектепті бітіру емтиханын тапсырғандары ескерілді;
2) 10,11-сыныптардағы әдебиет пәні қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математика бағыттарына бөлінетіндігі назарға алынды;
3) Мектеп бағдарламасы бойынша 10,11-сыныптардағы әдебиет пәні қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математика бағыттарына арналған оқулық пен хрестоматияда екі бағытқа да ортақ енгізілген авторлар мен олардың шығармалары ғана қамтылды.
Эссе жазуға дайындық үшін ұсынылатын шығармалар
10-сынып бойынша:
Авторлары:
Қазақ әдебиеті оқулығы, 10-сынып, ҚҒБ, С.Қирабаев, Ұ.Асыл, К.Құрманбай, С.Дүйсебаев, Б.Әрінова, «Мектеп» баспасы, 2014 жыл. Хрестоматия, З.Ахметов, Ұ.Асыл, «Мектеп» баспасы, 2014 жыл.
Қазақ әдебиеті оқулығы, 10-сынып, ЖМБ, Қ.Алпысбаев, Б.Әбдіғазиұлы, Б.Сманов, Ж.Сәметова, «Мектеп» баспасы, 2014 жыл.
Хрестоматия, Қ.Алпысбаев, Ж.Сәметова, А.Далабаева, «Мектеп» баспасы, 2014 жыл.
1. Махамбет Өтемісұлы, «Қара нар керек бұл іске», «Қызғыш құс»,
«Еңселігім екі елі» өлеңдері.
2.Дулат Бабатайұлы, «Еспембет» поэмасы.
3.Шортанбай Қанайұлы, «Зар заман» өлеңі.
4. Сүйінбай Аронұлы, «Сүйінбай мен Қатағанның айтысы»
5. Қашаған Күржіманұлы, «Есқали сұпыға айтқаны», «Байларға»,
«Оразалыға» өлеңдері.
6. Мұрат Мөңкеұлы, «Қыз» өлеңі.
7. Мәшһүр Жүсіп Көпеев, «Ғибратнама», «Шайтанның саудасы» өлеңдері.
8. Ыбырай Алтынсарин, «Атымтай Жомарт» («Жомарт») әңгімесі.
9. А.Құнанбаев, «Жігіттер, ойын - арзан, күлкі - қымбат» өлеңі,
19-қарасөзі, «Ескендір» поэмасы.
10. Шәкәрім Құдайбердиев, «Еңлік-Кебек» поэмасы.
11. Жаяу Мұса, «Ақ сиса» өлеңі.
12. Мұхит Мералыұлы, «Зәуреш», «Айнамкөз», «Дүние-ау» өлеңдері
13. Үкілі Ыбырай, «Қалдырған» өлеңі.
14. Балуан Шолақ, «Ғалия» өлеңі.
15. Мәди Бәпиұлы, «Қарқаралы», «Қаракесек» өлеңдері.
16. Біржан сал, «Ләйлім шырақ», «Теміртас» өлеңдері.
17. Ақан сері, «Асыл мен Жасық», «Жақсы мен Жаман», «Құлагер»
18. Әсет Найманбайұлы, «Салиха-Сәмен» поэмасы.
11-сынып бойынша:
Авторлары:
Қазақ әдебиеті оқулығы, 11-сынып, ҚҒБ, З.Қабдолов, С.Қирабаев, Х.Әдібаев, Б.Ыбырайым, Ұлықман Асыл, «Мектеп», 2015 жыл.
Қазақ әдебиеті оқулығы, 11-сынып, ЖМБ, Р.Бердібай, Р.Нұрғали, Б.Ыбырайым, Ж.Дәдебаев, Қ.Мәдібай, «Мектеп», 2015 жыл.
1.Ахмет Байтұрсынов, «Қазақ салты» өлеңі.
2.М.Дулатов, «Бақытсыз Жамал» романы.
3.М.Жұмабаев, «Толқын» өлеңі, «Қойлыбайдың қобызы» дастаны.
4.Ж.Аймауытов, «Ақбілек» романы.
5.С.Сейфуллин, «Сыр сандық» өлеңі.
6.І.Жансүгіров, «Құлагер» поэмасы.
7.М.Әуезов, «Абай жолы» романы.
8.М.Әуезов, «Еңлік-Кебек» драмасы.
9.С.Мұқанов, «Сұлушаш» поэмасы.
10.Қ.Аманжолов, «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы.
11.Ж.Молдағалиев, «Мен - қазақпын» поэмасы.
12.С.Мәуленов, «Құлын», «Түбірлер» өлеңдері.
13.Т.Ахтанов, «Шырағың сөнбесін» романы.
14.Ә.Нұршайықов, «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогі.
15.М.Мақатаев, «Ақ кимешек көрінсе» өлеңі, «Дариға-жүрек» поэмасы.
16.М.Шаханов, «Ғашықтық ғаламаты» өлеңі.
17.С.Жүнісов, «Заманай мен Аманай» повесі.
18.Қадыр Мырза Әли, «Өмірдің өзі қызық-ақ» өлеңі.
19.Қ.Жұмаділов, «Тағдыр» романы.
Оқу-әдістемелік құрал жазуда пайдаланылған дереккөздер:
- «CLRC Writing Center»
(http://www.udc.edu/docs/asc/Outline_Structure_for_Literary_Analysis_Essay_HATMAT.pdf); - http://www.cie.org.uk/programmes-and-qualifications/cambridge-international-as-and-a-level-english-literature-9695/past-papers/
- http://www.bucks.edu/media/bcccmedialibrary/pdf/
- Cambridge International Examinations is part of the Cambridge Assessment Group. Cambridge Assessment is the brand name of University of Cambridge Local Examinations Syndicate (UCLES), which is itself a department of the University of Cambridge.
- http://www.tacomacc.edu/academics/studentlearningcenters/writingtutoringcenter/
- https://k-5unitsofwriting.wikispaces.com/file/view/Grade+5+A+Literary+Essay+based+on+Eleven+by+Sandra+Cisneros.pdf
- https://www.teacherspayteachers.com/FreeDownload/Essay-Rubric-091790000-1376770082
Тағы басқа көптеген қайнаркөздердегі мәліметтер оқылып, талданып, сарапталды.
Предварительный просмотр:
Қазақ тілі және әдебиетінен эссе тақырыптары
1. Махамбеттің «Қара нарға» артқан жүгіне қазіргі уақытта сіз өз тарапыңыздан қандай міндеттерді жүктер едіңіз?
2. Дулат Бабатайұлының «Еспенбет» дастанында Еспенбеттің нағашысынан қалауы Ақбөрте болуының себебін дәлелдеп жазыңыз.
3. Шортанбай Қанайұлының «Зар заман» өлеңіндегі заманның зарлығы мен тарлығының белгілерін дәлелдер арқылы талдап жазыңыз.
4. «Сүйінбай мен Қатаған айтысында»
Сүйінбайдың:
...Іздегенім осы еді,
Өз-өзінен қағынып,
Қатаған сөзден жаңылды.
Қызып тұрған темірге Өзі келіп қарылды,- деуі айтыстың тағдырын шешкен сөз болғандығын дәлелдеп жазыңыз.
5. Қашаған Күржіманұлының «Есқали сұпыға айтқаны» өлеңіндегі байлықтар таласын өз көзқарасыңызбен дәлелдеп жазыңыз.
6. Қашаған Күржіманұлының «Оразалы», «Байларға» өлеңдеріндегі байлар мен қазіргі меценаттар бейнесін салыстырыңыз.
7. Мұрат Мөңкеұлының «Қыз» өлеңіндегі қыз сипатын әнші-ақындар шығармашылығындағы қыз бейнесімен салыстыра талдап жазыңыз.
8. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Ғибратнама» өлеңіндегі астарлы ойды сыни көзқараспен талдап жазыңыз.
9. Ы.Алтынсариннің «Дала қоңырауы» екендігін дәлелдеп жазыңыз.
10. Абай Құнанбаевтың «Он тоғызыншы қара сөзіндегі» естілік пен білімділікке қандай адам жетіп, қалай жүзеге асыра алатынын өмірлік деректер арқылы дәлелдеп жазыңыз.
11. Абай Құнанбаевтың «Ескендір» поэмасындағы ақын жеткізген Ескендірдің әлсіздігін талдап жазыңыз.
12. Шәкәрім Құдайбердиев «Жастарға» өлеңінде жастарды неге Абай арқылы түзеткісі келеді?
13. Ш. Құдайбердіұлының «Еңлік-Кебек» поэмасындағы ғашықтар тағдырын автордың қайғымен аяқтау себебін талдап жазыңыз.
14. Сал-серілердің (әнші-ақындар) өлеңдеріндегі қыз сипатын талдап жазыңыз.
15. ХІХ ғ. ІІ жартысында өмір сүрген сал-серілер мен бүгінгі таңдағы әншілердің арасында байланыс бар ма?
16. Сал-серілердің жеке тағдырына әсер еткен әлеуметтік мәселелер ме, әлде ғашықтық па?
17. Жаяу Мұсаның қиянатқа қарсы күрестің айбынды ұранына айналған «Ақ сиса» өлеңі – Шорман тұқымына бағытталған тоқтау сөз. Пікіріңізді дәйектерге сүйеніп, дәлелдеп жазыңыз.
18. Мұхит Мералыұлының «Зәуреш», «Айнамкөз», «Дүние-ау» өлеңдеріндегі ғашықтық сезімін жеткізуде қолданған ақынның көркемдік тәсілдерін талдап жазыңыз. 19. Үкілі Ыбырай өлеңінің «Қалдырған» аталуына себепкер болған ойларды талдап жазыңыз.
20. Балуан Шолақтың «Ғалия» өлеңіндегі ғашықтық сезімін жеткізуде қолданған ақынның көркемдік тәсілдерін талдап жазыңыз.
21. Мәди Бәпиұлының «Қарқаралы», «Қаракесек» өлеңдері арқылы ақын өмірін болжай отырып, талдап жазыңыз.
22. Біржан салдың «Теміртас» өлеңінің туу себебін ақынның өмірлік деректері арқылы талдап жазыңыз.
23. Ақан серінің «Құлагер» өлеңіндегі тұлпары Құлагердің ақын өміріндегі орнын талдап жазыңыз.
24. Әсет Найманбайұлының «Салиха-Сәмен» поэмасы мен ғашықтық жырларындағы жігіт сипатын талдап жазыңыз.
25. М.Дулатов автор ретінде «Бақытсыз Жамал» романындағы үстем тап өкілдерін жақтаушы ма, әлде даттаушы ма?
26. М.Жұмабаевтың «Толқын» өлеңінде толқын біресе бала болса, біресе ғашықтарға айналады, ең соңында өледі. Ақынның өлең жолдарында қандай қозғалыс, қандай әрекет жатыр?
27. М.Жұмабаевтың «Қойлыбайдың қобызы» дастаны аңызға, тарихи белгілі оқиғаларға құрылғандығын талдап жазыңыз.
28. Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы қазақ қызының өсу жолының ұлы намыс жолы екендігін дәлелдеп жазыңыз.
29. С.Сейфуллин «Сыр сандық» өлеңіндегі достықта кездесетін сатқындыққа сенерлік дос таңдай білмеген адам кінәлі ме, әлде адал досқа сатқындық жасаған адам кінәлі ме?
30. І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасындағы «Бай-бай, Құлагерім!..» жоқтауындағы ақын мен тұлпар өмірі ажырамас тұтастық па?
31. І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасындағы Сағынай асы мен М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Бөжей асынан мысал ретінде дәлелдер ала отырып, ас беру дәстүрі туралы талдап жазыңыз.
32. М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Бөжей асын Абайға жүктеу себебін талдап жазыңыз.
33. М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» драмасын Абыз сөзімен бастап, Абыз сөзімен аяқтауында қандай сыр жатыр?
34. М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» драмасындағы сөз бен мінез (характер-адамның ішкі сипаты) жасаудағы шеберлігін дәлелдер арқылы талдап жазыңыз. 35. С.Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасындағы ғашықтар махаббатының діңгегі Сұлушаш па, әлде Алтай ма?
36. С.Мәуленов неге «Түбірлер» өлеңіне дәл осы атты қойды?
37. Т.Ахтановтың романға «Шырағың сөнбесін» атауын беру себебін оқиға желісіндегі дәйектер арқылы дәлелдеп жазыңыз.
38. Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогіндегі автор (Ә.Нұршайықов) сөздері арқылы батыр бейнесін сомдап жазыңыз.
39. М.Мақатаевтың «Ақ кимешек көрінсе» өлеңіндегі әже туралы ойларын әдеби туындылардағы әжелер бейнесімен байланыстыра отырып, талдап жазыңыз.
40. М.Мақатаевтың «Дариға-жүрек» шағын поэмасындағы Дариға-жүрек кім?
41. М.Шахановтың «Ғашықтық ғаламаты» өлеңіндегі ғашықтық сезімге қатысты көзқарастарға өз пікіріңізді білдіріп, талдап жазыңыз.
42. С.Жүнісовтің «Заманай мен Аманай» повесіндегі қарт Томар-Омардың Балзия мен Аманайдың елге жетуіне күмән тудыруының себептерін талдап жазыңыз.
43. Қадыр Мырза Әлидің «Өмірдің өзі қызық-ақ» өлеңіндегі жұмбақтарға шешіміңді ұсынып, көзқарасыңызды дәлелдеп жазыңыз.
44. Қ.Жұмаділовтің «Тағдыр» романының кейіпкері Демежан авторға не үшін қажет? 45. ХХ ғасырдағы әдеби туындылардан Алаш идеясын тауып, дәлелдеңіз.
46. ЭКСПО көрмесі – тұрақты дамудың биік үлгісі. Өз ойыңызды дәйектеңіз.
47. Бүгінгі Атымтайлар мен Ы. Алтынсариннің «Атымтай Жомарт» әңгімесіндегі кешегі Атымтайдың ұқсастықтарын дәлелдеңіз.
48. Бүгінгі күн жігіттерінің бойында Абай Құнанбаевтың «Жігіттер, ойын - арзан, күлкі - қымбат» өлеңінде сипатталған мінез-құлықтар қаншалықты кездесетінін дәлелдеңіз.
49. XX ғасырдың басындағы қазақ халқы мен XXI ғасыр қазағының болмысын Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ салты» өлеңін негізге ала отырып салыстырыңыз.
50. Өзің білетін Ұлы Отан соғысы жауынгерінің ерлік істерінің Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасындағы батыр бейнесіне сәйкестігін дәлелдеп жазыңыз.
51. Ж. Молдағалиевтің «Мен – қазақпын» поэмасы 1963-1964 жылы жазылған. Ал поэма қазіргі таңда жазылар болса, ақын нені жырлар еді деп ойлайсыз?
52. Махамбет өлеңдеріндегі(«Қара нар керек біздің бұл іске», «Қызғыш құс»,«Еңселігім екі елі») ақын көңіл күйін танытатын жолдарды талдап жазыңыз.
53. Дулат Бабатайұлының «Еспенбет» дастанындағы жас батыр Еспенбеттің ерлік істерінің көрінісін дәлелдер арқылы жеткізіп жазыңыз.
54. «Сүйінбай мен Қатаған айтысындағы» Сүйінбай қолданған бейнелі сөздер мен әдемі әсірелеулердің көркемдік қуаты жайлы көзқарасыңызды дәлелдер арқылы жеткізіп жазыңыз.
55. Қашаған Күржіманұлының «Оразалы», «Байларға» өлеңіндегі әлеуметтік мәселелерді талдаңыз.
56. Мұрат Мөңкеұлының «Қыз» өлеңіндегі қыз сипаты мен сал-серілер өлеңдеріндегі қыз бейнесін салыстыра талдап жазыңыз.
57. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Ғибратнама» өлеңіндегі бұлбұл мен қаршыға диалогі арқылы жеткізгісі келген автор ойын талдап жазыңыз.
58. «...дәулетті өзімсініп, тиісті орындарына жаратпай, көбісін өзім ішіп-жеп, өзім тұтынсам, мал берген иесіне күнәлі болармын деп қорқамын» деген Ы. Алтынсариннің «Атымтай Жомарт» әңгімесіндегі Атымтай сөзі қорқуға тұрарлық па?
59. Абай Құнанбаевтың «Он тоғызыншы қарасөзіндегі» «қандай» мен «қалайға» жауап беріп, өз көзқарасыңызды талдап жазыңыз.
60. Абай Құнанбаевтың «Ескендір» поэмасында Аристотель сөзі арқылы берілген негізгі ойға қатысты сыни көзқарасыңызды дәлелдеңіз,
61. Абай Құнанбаевтың «Ескендір» поэмасындағы кейіпкер Ескендір мен тарихи тұлға Ескендірді салыстыра талдап жазыңыз.
62. Шәкәрім Құдайбердиевтің «Жастарға» өлеңінде Абайды үлгі етудің себебін талдап жазыңыз.
63. Ш. Құдайбердіұлының «Еңлік-Кебек» поэмасындағы Еңліктің қазақ қызына кереғар мінездерін талдап жазыңыз.
64. Сал-серілердің (әнші-ақындар) көтерген мәселесін, қозғаған тақырыбын талдап жазыңыз.
65. Әнші-ақындардың өлеңдеріндегі серілік табиғатын талдап жазыңыз.
66. Сал-серілердің тағдырына әсер еткен әлеуметтік мәселелерді талдап жазыңыз.
67. Жаяу Мұсаның қиянатқа қарсы жазылған «Ақ сиса» өлеңіндегі оптимистік ой-толғамдарға дәлелдер келтіре жазыңыз.
68. Мұхит Мералыұлының «Зәуреш», «Айнамкөз», «Дүние-ау» өлеңдеріндегі ғашықтық сезімі қалай жеткізілген?
69. Үкілі Ыбырайдың «Қалдырған» өлеңіндегі астарлы ойды талдап жазыңыз. 70. Балуан Шолақ «Ғалия» өлеңінде ғашықтық сезімін қалай жеткізген?
71. Мәди Бәпиұлының «Қарқаралы», «Қаракесек» өлеңдері арқылы ақын өмірінің көрінісін талдап жазыңыз.
72. Біржан салдың «Теміртас» өлеңіндегі ақын өмірінің көріністерін талдап жазыңыз. 73. Ақан серінің «Құлагер» өлеңіндегі Құлагердің сипатын талдап жазыңыз.
74. Әсет Найманбайұлының «Салиха-Сәмен» поэмасы мен ғашықтық жырлардағы жігіттердің сүйгені үшін күресін талдап жазыңыз.
75. Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ салты» өлеңіндегі қазақ халқының психологиясын талдап жазыңыз.
76. М.Дулатов «Бақытсыз Жамал» романындағы үстем тап өкілдерінің мақсатын қаншалықты сенімді суреттей алды?
77. М.Жұмабаевтың «Толқын» өлеңін адам өмірімен байланыста қарауға бола ма? Көзқарасыңызды дәлелдер арқылы талдап жазыңыз.
78. М.Жұмабаевтың «Қойлыбайдың қобызы» дастанындағы бәйгеге қобыз қосу көрінісін баяндап жазыңыз.
79. Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы Ақбілек бейнесін ашудағы автор тәсілін талдап жазыңыз.
80. Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы кейіпкерлердің өмір үшін күресін талдап жазыңыз.
81. С.Сейфуллиннің «Сыр сандық» өлеңіндегі нағыз досқа тән қасиеттерге өз көзқарасыңызды танытып, сыни талдау жасаңыз.
82. І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасындағы «Бай-бай, Құлагерім!..» жоқтауындағы ақын өміріндегі Құлагердің орнын білдіретін өлең жолдарын талдап жазыңыз.
83. І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасындағы Сағынай асы мен М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Бөжей асының ұқсастықтары мен ерекшеліктерін салыстырып жазыңыз.
84. М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Абайдың Бөжей асындағы азаматтығы елге танылу ма, елді таныту ма, жоқ әлде есейгендік пе?
85. М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» драмасындағы ғашықтардың жан түршігерлік өліміне әкелген билер шешіміне көзқарасыңыз қандай?
86. М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» драмасында Кебектің: «Бағың ашылатын күн болар ма, әлде сорға туған сорлымысың, бейшара?!» деуі шарасыздық па, әлде әлсіздік пе? Өз көзқарасыңызбен дәлелдеп жазыңыз.
87. С.Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасындағы Сұлушаштың «Сүйіктің еркін басын ноқтаға ілді» сөзіне өз көзқарасыңызды танытып, талдап жазыңыз.
88. Ж.Молдағалиевтің «Мен – қазақпын» поэмасында ұлттық құндылықтардың қаншалықты көрініс тапқанын дәлелдеп жазыңыз.
89. С.Мәуленовтің «Түбірлер», «Құлын» өлеңдеріндегі автор ойын талдап жазыңыз. 90. Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романындағы өмір үшін күрестегі кейіпкер психологиясын талдап жазыңыз.
91. Ә.Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогіндегі ерекше стилі арқылы батыр бейнесін аша алды ма?
92. М.Мақатаевтың «Дариға-жүрек» шағын поэмасындағы «Дариға-жүрек шөлдеді» қайталауының туындыға қосқан үлесін талдап жазыңыз.
93. М.Шахановтың «Ғашықтық ғаламаты» өлеңіне Естай мен Қорлан оқиғасын кірістіруіндегі мақсатын талдап жазыңыз.
94. С.Жүнісовтің «Заманай мен Аманай» повесіндегі табиғат күшіне адамдар қарсы тұра алды ма?
95. Қадыр Мырза Әлидің «Өмірдің өзі қызық-ақ» өлеңіндегі оқырманына ой тастайтын сөздер өлең идеясына сәйкес пе?
96. Қ.Жұмаділовтің «Тағдыр» романындағы: «Бәріміз де пендеміз ғой... Бір-бірімізді сөге-жамандамай, жақсы көңілмен еске алатын болайық» - деген түйін сөзге әкелген қандай құндылық?
97. Алаш ардақтылары көтерген ұлттық идеялардың бүгінгі күні жүзеге асқандығын дәлелдеңіз.
98. Астана – Тәуелсіздіктің жемісі. Өз көзқарасыңызды дәлелдеңіз.
99. Бүгінгі жастар бойынан Шортанбай Қанайұлының «Зар заман» өлеңіндегі ақын сынаған ұл мен қыз қылығы кездесе ме? Екі заман кезеңіне салыстыра талдау жасаңыз. 100. Бүгінгі күннің жігіттеріне тән қасиеттерді Абай Құнанбаевтың «Жігіттер, ойын - арзан, күлкі - қымбат» өлеңіндегі жігіттің мінез-құлқы, қасиеттерімен салыстырып талдаңыз.
101. Өз аймағыңыздағы Ұлы Отан соғысы жауынгерінің бейнесі Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасындағы батыр бейнесіне пара-пар келетінін салыстырып жазыңыз.
102. Өз өміріңіздегі әжелерді М.Мақатаевтың «Ақ кимешек көрінсе» өлеңіндегі ақынды табындырған әже бейнесімен салыстыра талдап жазыңыз.
Предварительный просмотр:
Предварительный просмотр:
По теме: методические разработки, презентации и конспекты
ЭССЕ «Учить детей – что может быть прекрасней?». ЭССЕ «Учить детей – что может быть прекрасней?». Эссе "Учить детей, что может быть прекрасней?"
Эссе "Учить детей, что может быть прекрасней?"...
Структура эссе. Алгоритм написания эссе.
Структура эссе . Алгоритм написания эссе....
Критерии оценивания эссе. Примеры эссе и их анализ .
Критерии оценивания эссе . Примеры эссе и их анализ....
Эссе. Темы эссе
В помощь сдающим ЕГЭ по английскому языку...
Формирование навыков написания эссе с элементами рассуждения (эссе с выражением собственного мнения)
Статья описывает правила и принципы написания эссе по английскому языку с элементами рассуждения (эссе с выражением собственного мнения), а также типичные ошибки при написании эссе такого типа....
Учебно-методическая разработка "Эссе-мнение: как написать эссе за 50 минут"
УМР учитывает принцип визуализации при подаче материала. Может быть использован как раздаточный материал на вводном уроке по написанию эссе-мнения. (Разработка выполнена для получения зачета на курсах...
Учимся писать эссе: Эссе моих учеников на различные темы на немецком языке
Написание эссе - одно из сложнейших заданий ЕГЭ по ИЯ. Научить писать эссе - нелёгкая задача для любого учителя. Начинать писать эссе стоит уже с 7 класса. Данная публикация содержит оригинальные и не...