Ұстаз - тағдыр, ұстаз – ғұмыр
статья на тему

Самарканова Бибигуль Камитпаевна

Статья об учителе в районную газету "Шуй нуры" ("Чуйские зори")

Скачать:

ВложениеРазмер
Файл ustaz2.docx17.66 КБ

Предварительный просмотр:

                         Ұстаз - тағдырұстаз – ғұмыр

   Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақындар да,тегеуріне темір балқытқан жұмысшы да, егін еккен дихан да, мал бағып терін төккен шопан да бәрі-бәрі ұстаздан білім алған. Мұғалім –бұл жай ғана мамандық емес, бұл үлкен ғұмыр!

«Ұстаз ұлы — тұлға»- дегендей бәріміз де ұстаз алдынан өттік. Ұстаз мен үшін ардақты есім.
       
  Ұстаздар – тыншымайтын еңбеккерлер,
          Жемісті жерге екпеген, елге еккендер,-демекші  әрбір адамның, шәкірттің өзі сүйген алғашқы ұстазы, жылдар бойы тәлім алған ұстазының аяулы бейнесі көкірек көрігінде, жүрек түбінде сақталуы заңдылық. Себебі, ұстаз – баланы адам қылып тәрбиелеп, күлімдеген, күнім деген, сенің жүрегіңе болашаққа мақсат қоя білуге сенім ұялатқан зор тұлға.   
 
Оңашада отырып ұстаз туралы ойға кетсем, көз алдымнан ақ жарқын мінезді, ақ жүректі, жылы жүзді ұстаз бейнесі көрініп, мені қиялға батырып, еріксіз нұрлы естеліктерге жетелей жөнеледі... Мен ұстаздардың еңбегін бағалаймын,өзім де ұстаз болғандықтан шығар,сондықтан олардың еңбектерінің еленгенін қалаймын.Өйткені олар — бала үшін жанын салып, білімнің бар кәусар бұлағын ашып, әр оқушының санасына  сәулесін төгіп, нұрын шашатын жақсылық иелері. Олай дейтінім, жақсының жақсылығын айт, нұры тассын дегендей, мен өзімнің сүйікті және мәңгілік есімде қалған ұстазым жайында айтсам артық болмас деп ойлаймын. Сонда мен өзіме пір тұтқан бейне, өзімнің мұғалімім-Мұрат Өтепұлы . Ұстазымның ерекшелігі – туа біткен ұстаз еді, бар жандүниесімен ұстаз еді. Ол кісі - сондай мейірімді, ақылды, ақкөңіл әрі өте білімді адам болған. Бізге 9- 10 сыныптарда 1971- 1973 жылдарда Ақтал орта мектебінде  қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ берген. Ұстазымның  сабақ түсіндіруіне, кішіпейілділігіне қатты қызығатынмын.   Барлық сабақтары қызықты өтетін,өйткені,ол — өте ізденімпаз жан еді.  Ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған ана тіліміздің өрістеуін оқушыларына дәріптеді.Әлі есімде, ұстазымыз әңгімелерді, романдарды оқыған кезде ең бір қызықты жерге келіп тоқтап, ары қарай не болғанын айтпай қоятын.Өзіміз қызыға оқып келетінбіз. Әрбір тақырыпты тереңнен зерттеп,  түсінікті түрде, қызықты өткізетін.
    Мұрат Өтепұлы сабақтарында үнемі шұрайлы сөз сырын ұқтырып, өлеңнің құдіретін сезінуге әсер ететін. Көркем сөздің қуаты ұстазымның әуезді үнімен  тіптен құлпыра түсетін, ғажайып ертегілерді, шыншыл да сыншыл аңыз-әңгімелерді, ерлікті дәріптеген батырлар жырын, шынайы махаббатты мұрат еткен әсерлі ғашықтық жырларын, өткір де өміршең шешендік сөздер арқылы халқымыздың рухани құндылықтарын бойымызға сіңірді. Әдеби шығармаларды оқу арқылы халқымыздың арманы мен қиялын, өткені мен бүгінгі өмірін таныдық. Сүйікті кейіпкерлердің арасындағы достығы мен сүйіспеншілігінен, патриоттығы мен еңбекқорлылығынан, адалдығы мен адамгершілік қасиеттерінен үлгі алып, жақсысына жанымыз сүйсініп, жаманынан жиреніп, өзімізше ой түйіп, жан-жақты іздене білдік. 
 
 Сол кісінің орнында болғым келетін, ол кісінің бойынан табылатын балаларға бар мейіріммен қарайтын көзқарасы,адалдығы,  қарапайымдылығы маған  ұнайтын. Мен ұстазыма шексіз алғысымда білдіремін және ризамын, себебі менің осындай дәрежеге жетіп, арманыммен асқақтап өмір сүруім сол кісінің ықпалы деп білемін. Болашақта қандай мамандықты таңдасам? Осы бір сұрақ өмірге келіп, сана-сезімі жетілген әрбір адамды толғандырары сөзсіз. Бір кездері мен де осы бір сұрақтың жетегінде көп ойланып, толғанып, қиялдап, өзім қалайтын, өзім сүйіп айналысатын істі таңдау жетегінде жүрдім. Ақырында осы бір сұраққа жауап та таптым.Ұстазым қазақ тілі мен әдебиетке  деген құштарлығымды оятты.
 Абай атамыз «сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деп айтқандай, мен де өз орнымды таптым.
 Ең алғаш еңбек жолымды ауылдағы «қара шаңырақ» аталатын Төбелер орта мектебінен бастадым.  1978 ж. бастап қазақ тілі және әдебиет мұғалімі болып қызмет атқардым.  Ол мектептің тамыры тереңнен нәр алған, қаншама ел басқарған азаматтар мен азаматшалар сол алтын ұядан ұшқан. Сондықтан да мен алғаш келгенде өзіме жүктелетін жүктің ауыр екенін сезіп, бар ынта- жігерімді алдыма келген шәкірттеріме аудардым. Ұстазымның бойыма сіңірген сарқылмас білімі мен білігінің арқасында шынайы өмірге шыңдалып өзім де сол ұстаздың үмітін ақтау үшін шәкірт тәрбиелеп, сол шәкірттеріме  берген білім мен тәрбиенің арқасында елімізге еңбегі тиер азамат қылып тәрбиеледім.
  Мұрат Өтепұлы мен ұстаз болып келген кезде әдіскер (методист) қызметіне ауысқан еді.
 Өзі тіл маманы болғандықтан қазақ тілінің дамуы мен қолдану аясын кеңейту мақсатында аянбай еңбек етті.Үнемі сабағыма келіп отырып, ақылын айтатын, сабақтың қыры мен сырын түсіндіретін. Ол алтыннан да бағалы ойларын, ақыл –кеңесін беруге әрдайым дайын жан болатын.
 
Ұстазым Мұрат Өтепұлына, 10 сыныпта оқып жүргенде сынып жетекшіміз болған Марат Бүріспайұлына  алғысымды білдіре отыра,  ауыр топырақтарыңыз жеңіл болып, имандарыңыз жолдас болсын демекпін. Артта қалған бала-шағаларыңыз жамандық көрмесін.Ұрпақтарыңыз мың жасай берсін.  Киелі мұғалім мамандығын құрметтеген асқақтық пен өрлік, ірілік пен ізгілік, қайсарлық пен өткірлік, қажыр мен жігер, кесектік пен кішілік бір бойынан табылған ешкімге ұқсамайтын Ұлы Ұстаздың дара тұлғасы мен ерен еңбегі мәңгі оқушыларының есінде. Бар ғұмырының тірегі болған қымбатты жанұясы, жора-жолдас, туыстары, әріптес іні-бауырлары, біз сияқты алдынан білім алған сан мыңдаған шәкірттері асыл ағалардың бейнесін жүректерінен өшірген жоқ деп біліңіздер. Асыл да, ардақты ұстазымның жүрген жолы, кешкен ғұмыры, ұлт мүддесі жолындағы ерен еңбегі біз үшін мәңгілік үлгі-өнеге болып қалды деп сеніңіз.
 Жазған мақаламды  А. Керімбекованың  «Ұстазым, менің ұстазым» әнінің қайырмасымен аяқтағым келді:
           Ұстазым, менің ұстазым,
           Өзіңмен өткен қыс-жазым.
           Қалдырған ізің мәңгілік,
          Жадымда тұрар жаңғырып,
          Ұстазым, менің ұстазым!

 Мұғалімдер мерекесі жақындап қалғандықтан ұстаздар қауымын қазан айында аталып өтетін Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мерейлі мерекеде дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, істеріңізге сәттілік тілеймін.

                                                            Самарканова Б.К.,Төбелер ауылы.


По теме: методические разработки, презентации и конспекты

Ұстаз ұлы тұлға

Ұстаздың адам өмірінде алатын орын зор екендігін, ұстаздарды құрметтеу, сыйлау және қадірлеу қасиеттерін оқушылардың бойына дамыту әрі дарыту....