Ұлттық ойын ұшқыны
методическая разработка по физкультуре (подготовительная группа) по теме

Таласбаева Айдана Сержанкызы

Қазақ халқының ежелден келе жатқан ұлттық ойындар жинағы

Скачать:

ВложениеРазмер
Microsoft Office document icon ulttyk_oyyn_ushkyny_2.doc133 КБ

Предварительный просмотр:

«Ұлттық ойын ұшқыны»

арнаулы курсының

Ойындар  жинағы

        


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТІРЛІГІ

АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІ

АҚТӨБЕ ОРТА МЕКТЕБІ

                                                                                                                                Бекітілді

Ақтөбе қаласы білім бөлімінің

2012 жылғы «------» -------------

№ ------------ бұйрығымен

Мектепалды даярлық класына арналған

«Ұлттық ойын ұшқыны»

 /арнаулы курс/

Ақтөбе – 2012

                                                                           Ақтөбе қаласы

                                                                          Ақтөбе орта мектебі

Мектепалды даярлық класының тәрбиешісі

                                                                             Куканбаева Светлана Алимовна

«Ұлттық ойын ұшқыны»

                                                                                 арнаулы курс

П І К І Р

          Ұсынылып отырған  «Ұлттық ойын ұшқыны» арнаулы курс мектеп-алды даярлық класының балаларына арналған. Таңдап алынған тақырыптар баланың  жас ерекшеліктеріне сай күрделендіріліп, ойын түрлері жинақталған.

Бағдарлама баланың ой-өрісін кеңейтуге , еңбекпен, өнермен, қоршаған ортамен тығыз байланыста дамуға, балалар тек ойнап қана қоймайды, сонымен бірге ойлануды аңғарады, көп нәрсені білуге, зерттеуге, қарапайым тәсілдерді меңгертуге көмектеседі.

         Ұлттық ойындарымыз балаларға тәрбиелік мәнімен, дене бітімінің әсем де сымбатты болып бітуге пайдасы  зор. Саусақ маторикасын  дамытуға, тіл байлығын жетілдіруге, көңілін көтеруге қолдануға болады.

Балаларды қазақ халқының ұлттық ойындарымен, ойната отырып жан-жақты тәрбиелейді.

         Бағдарлама көзделген мақсатқа сай баланың жеке басын қалыптастыра отырып балалар коллективінің дамуында басты роль атқарады. Балаларға ұлттық ойындар арқылы халқымыздың тарихын, мәдениетін таныстыру қолға алынған. Жинақтағы ұлттық ойындардың тәрбиелік мәні зор.

 Мектепке дейінгі мекемеге көмекші құрал болып табылады.

Пікір жазған ҚҒӘО әдіскері                                  К.Ж.Рахатова

Қазақ халқының ұлттық ойындары» бағдарламасы

Мектепке дейінгі класс балалардың ойын арқылы қимылын дамытуға әдістемелік құралы.                                                                                                                                                                          

Хаттама №  _____

«______ » _____________  2012жылы

Жинақтаған: 

Куканбаева Светлана Алимовна

Ақтөбе орта мектебі

Мектепалды даярлық класының тәрбиешісі

Пікір жазғандар:

 ҚҒӘО әдіскері:                                                             К.Ж.Рахатова

Ақтөбе орта мектеп директоры                                 Г.У.Габдрахманова

         

Түсінік  хат

       Мектепалды даярлық топтарында адамгершілік тәрбиесі тәрбиелеу және білім беру үрдісінде әр түрлі іс-әрекеттер арқылы жүзеге асырылады. Олармен ойынның әр түрін ұйымдастыра отырып, бір-біріне деген қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық, достық, жолдастық сезімдерді тәрбиелеуге болады.

Баланың бірінші әрекеті  - ойын, сондықтан да ойынның мән-мәнісі ерекше. Ойын – адамның өмірге қадам басардағы алғашқы адымы. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?» деп айтқандай баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Жас баланың өмірді тануы, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері осы ойын үстінде қалыптасады. Ойынды зерттеу мәселесімен тек психологтар мен педагогтар ғана емес, философтар, тарихшылар, этнографтар және өнер қайраткерлері мен бала тәрбиесін зерттейтін ғалымдар да шұғылданды. Көптеген балалар жазушылары бала ойынының психологиялық мәнін және ойынға тән ерекшеліктерді көркем бейнелер арқылы суреттегені де мәлім.

Ұлттық ойындар бала тәрбиесінде негізгі екі жауапты рөл атқарады: біріншіден, жаттығулар жасап, ұлт ойындарын ойнаған кезде дене дамуы жақсарса, екіншіден, ұлт ойындарының мазмұнын, ойлау тәртібін түсіндірген кезде ұлттық әдет – ғұрпымыздан, өткен өмірімізден хабар алады.

Біз болашақ ұрпағымызға тілімізді ғана үйретіп қоймай, салт-санамызды,дәстүрімізді мирас етіп қалдырып, ұрпақтан – ұрпаққа жалғасуына жағдай жасауымыз қажет.

Бұл ретте ойындардың мәні өте зор.

Ойын баланың көңілін өсіріп, бойын сергітіп қана қоймай, оның өмір құбылыстары жайлы таным-түсінігіне де әсер етеді. Балалар ойын арқылы тез тіл табысып жақсы ұғысады, бірінен-бірі ептілікті үйренеді. Оның үстінде дене қимылы арқылы өзінің денсаулығын нығайтады. Халқымыз ойындарға тек балаларды алдандыру, ойнату әдісі деп қарамай, жас ерекшеліктеріне сай оларды көзқарасының, мінез - құлқының қалыптасу құралы деп ерекше бағалаған.

       Бағдарлама аптасына 1 рет өткізіліп  – 32 сағатқа негізделіп жасалған.

       

Бағдарламаның  мақсаты:

         

Балалардың жалпы адамзаттық құндылықтар мен адамның айналадағы дүниемен жеке тұлғалық қатынасын (этикалық, эстетикалық, адамгершілік тұрғысынан) тәрбиелеу.Халқымыздың мәдени рухани мұрасының, салт-дәстүрінің озық үлгілерін оның бойына дарыту арқылы жүзеге асыру. Балаларды  халқымызға тән әдептілік, қонақжайлық, мейірімділік, т.б. сияқты қасиеттер, табиғатқа деген қарым-қатынасындағы біздің халыққа тән ерекшеліктерді үйрету. Балаларға өз халқының мәдениетімен, асыл мұраларымен ұлттық әдебиеттер арқылы таныту.  Балалардың денсаулығын нығайтып,ой-өрісін жетілдірумен бірге, өз халқының асыл мұраларын бойына сіңіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізе білу тәрбиелеу.

Міндеттері:

  • Денсаулықтарын нығайтуда бағытталған ойын түрлерін меңгеруге көмектесу
  • түрлі ойынға тарту арқылы шыңдау, ұмтылдыру, бірнеше рет бір ойынды ойнату барысындағы баланың физиологиялық өзгерісімен қатар психологиялық тұрғыдан сенімділігінің артыру

  • Оқушылардың сөйлеу тілін қалыптастыру;
  • Өмірге көз қарасын ояту;
  • Жақсыға үйретіп,жаманнан жиренуге тәрбиелеу;

Бағдарламаның  мазмұны:

         Бұл бағдарлама мектепалды даярлық класының балаларының бойында тапқырлық, ұйымдастырушылық, шыдамдылық, белсенділік, ойлау  қасиеттерін  қалыптастырады.

        Бағдарламаға қазақ халқының ұлттық ойындар жинағы және  халық ауыз әдебиетінен санамақтар,өлеңдер,жаңылтпаш,жұмбақ еңгізілді.

     Бағдарлама аптасына 1 рет – 32 сағаттан жоспарланған.

Бұл бағдарлама

-  ақыл-ойды, тілді ұстартады, сөздік қорды байытады, өмірді танытып, сезімді кеңейтеді, тәрбиелейді.

-  ерік  және мінез қасиеттерін бекітеді, адамгершілік сапаны  жетілдіреді.

-  ұжымдық сезім әрекеттері өсе түседі.

-  эстетикалық тәрбие беру - өнерді, көркемдікті түсіндіру құралына айналады.

-  еңбек  тәрбиесін беру  мақсаттарын шешуге мүмкіндік  береді.  

-   дене   күшінің  жетілуіне көмектеседі - ойын баланы жан-жақты жарасымды тәрбиелеудің психологиялық және физиологиялық негіздері болып табылады  деп ойлаймын.

Күтілетін нәтиже:

  • ұлттық ойынның аты мен шартын  білуі тиіс;
  • ескіден келе жатқан қазақ халқының көне ұлттық ойындарының ерекшелігін ескере білуі тиіс;
  • халық ауыз әдебиетін пайдалана білуі тиіс;
  • Тез әрі шапшан қимылдап, ойын кезінде амал-айла, әдіс қолдана білуге тиіс;
  • Халықтың асыл мұрасын бойына сіңіріп, ұлттық сананы қалыптастырып,ойынның шартың бұзбай ойнай білуі тиіс;

Пайдаланған  әдебиеттер  тізімі

  1. Б.Төтенаев «Қазақтың ұлттық ойындары» (Алматы, 1994)
  2. «Казахские национальные виды спорта и игры» (Алматы, 1957).
  3. Е.Сағындықовтың «Ұлттық ойындарды оқу-тәрбие ісінде пайдалану» (Алматы, 1993)
  4. М.Балғымбаевтың «Қазақтың ұлттық спорт ойыны түрлері» (Алматы, 1985)
  5. Отбасы және балабақша журналы 1997ж,№3
  6. Бастауыш мектеп журналы 1994 №3
  7. Мектеп және балабақша 2002 № 4
  8. «Кел ойнайық балақай» 2010 жыл
  9. «Ақ сандық,көк сандық» Алматы  «Жазушы» 1988ж.
  10. «Жаттамақ» Алматы «Балауса» 1988 ж.


  1. Ақсүйек

        Ең алдымен, ойнаушылар өзара келісіп, жеңген топ үшін жүлде тағайындайды да, екі топқа бөлінеді. Топ басқарушылар ақсүйекті қайсысының лақтыратынын шешіп алу үшін кезектесіп таяқ ұстайды, таяқтың басына кімнің қолы бұрын шықса, сол ақсүйекті құлашы жеткенше лақтырады. Ақсүйек жерге түскеннен кейін ғана ойыншылар іздеуге шығады. Көмбеде топ басқарушылардан басқа ешкім қалмайды. Ақсүйекті тапқан ойыншы ешкімге білдірмей, көмбеге қашуға әрекет жасайды да, ал қарсыластары біліп қалса, қолма-қол тартып алуға тырысады. Сондықтан ақсүйекті алдымен тауып алған топтың ойыншылары біріне-бірі лақтырып, көмбеге қай топтың адамы бұрын жеткізсе, сол топ ұтқан болады да, жүлдегер атанады. Келесі жолы ақсүйекті екінші топ лақтырады, сөйтіп ойын кезектесіп отырады.

  1. Сақ құлақ 

Бұл ойынның әрбір қимылы сөйлеп жүріп орындалады. «Сақ құлақ» ойынын қазір көбінесе «Телефон» деп атап жүр.  Қатынасушылардың арасынан бір ойын жүргізуші тағайындалады. Ойнаушылар қаз-қатар түрегеліп тұрады немесе қатарласа отырады. Бірақ бір ойыншы мен екінші ойыншының арасы бір метрдей алшақ болуға тиіс. Ойынды бастаушы (І-ойнаушы) естілер-естілмес дауыспен бір-екі сөзді бірақ рет айтып қалады. Сол сөзді қағып алған 2-ойнаушы үшіншіге, үшінші төртіншіге, төртінші одан әрі тез-тез айтып, онан әрі жеткізе береді. Олардың бәрі сөздерді бір рет қана айтып, тым-тырыс отырады.

Айтылатын сөйлем екі не үш сөзден құралған шағын болуы керек. Оның бір мүшесі өз құрамындағы дауысты немесе сөз басындағы ұяң дыбыстардың естілу жөнінен екі ұшты, яғни басқа бір дыбысқа ұқсас сөз болуы қажет. Мысалы, тарғақ көрдім — жарғақ көрдім, борсық көрдім, тағысын-тағылар.

Ең соңғы ойнаушы ойын бастаушыға сыбырлап өзіне жеткен сөзді айтады. Егер сөз дұрыс жеткен болса, ойын тағы да үш рет басқа сөздермен қайталанады. Егер сөз бұзылып жеткен болса, бастаушы соңғы ойнаушыдан бастап І-ойыншыға қарай сыбырмен ғана тыңдап, сөзді бұзушы кім екендігін анықтайды. Сөз бұзған ойнаушы ең аяққа барып тұрады да, екі-үш ауыз жаңылтпашты қайталап дұрыс айта алмаса, ұпай тартады. Ұпай келісім бойынша не өлең айту, жұмбақ шешу немесе бір өнер көрсету (мысалы, сурет салу, үлгі қию, есеп шығару т. б.) арқылы орындалады.

  1. «Орамал тастау».

 Ол  алаңда, көгалды шөптесін жерде ойналады. Ойнаушылардың саны көп болса, ойын соншалықты қызық болады. Ойнаушыар тең екі топқа бөлінеді де, арасы он адымдай екі сызықтың бойына қарама-қарсы қатарласа тұрады. Жүргізуші қолындағы орамалын бірінші топтың өз жағындағы шеткі ойыншыға береді. Ол өзінің қарсыласының біреуіне тастайды да: «қа» деп дауыстайды. Ол қағып «ғаз», дейді, болмаса «ла» дейді. Сонда «қағаз», «қала», т. б. сөздер шығады. Айтатын сөз екі буыннан ғана тұруы керек, мысалы «са» деп дауыстаса, «са-дақ», «са-қа», «са-бын»-, «са-қал», «са-рын» т. б. сияқты сөздер айтылуы керек.

Орамалды қағып алған ойыншы сол бірінші буынның сөзі шығатындай етіп айтуы керек. Егер ол екі буынға арналған сөздің алғашқы буынын тез, дұрыс тауып айта алмаса, онда ортаға шығып, өнер көрсетеді. Енді орамалды қарсыластар тобына өзі лақтырады.

Лақтырған кезде жаңағыдай сөздердің бірінші буынын айтуы керек. Жазаны жауап бере алмаған ойыншы да тартып, ортаға шығып өнер көрсетеді. Осылайша екі топтың ойыншылары орамалды бір-біріне лақтыра отырып ойынды жалғастыра береді.

  1. Ақшамшық /Сақина салу/

Бұл – қазақ халқының ерте заманнан келе жатқан дәстүрлі ойыны. Оны сақина салу, сақина тастау деп те айтады.

Сақина  салу— бұл ойын көгалды жерде, залда өткізіледі. Ойыншылардың саны 20—25 адамға дейін болады. Олар көгалды жерді қоршалана бір аяғын астына басып, енді бір аяғымен тізерлеп тұруға ыңғайланыш отырысады. Ойыншылардың аралары тым жақын болмауы керек.

Ойыншылар екі алақанын беттестіріп, қусырыңқырап, қолдарын алға соза отырады. Шеңбердін ортасына шыққан адам екі алақанын беттестіріп ойыншылардың алақандарының арасына сұғады. Ол бір шеттен бастап, басқаларға білдірместен отырған ойыншылардың біреуінің қолына сақина немесе сақина орнына алынған затты салып кетеді. Тегіс айналып өткен соң ортаға шығып, «Сақинам кімде?» деп дауыстап сұрайды. Сол уақытта қолында сақина қалған ойыншы жан-жағында отырғандарға білдірместен орнынан атып тұруы керек. Ал оның оң жағындағы адамның міндеті қасынан атып тұрған ойыншыны орнында ұстап қалу болып табылады.

Егер ұстап қалса, орнынан тұрушы жаза тартады. Көпшіліктің ұйғаруы бойынша ән, би, күй немес басқа бір білетін өнерін орындап береді. Берілген «жазаны» орындағаннан кейін ол алғашқы ойын бастаған адамның орнына тұрып, ойынды қайта жүргізеді. Ал егер ол ұстатпастан тұрып кетсе, онда ұстай алмай қалған ойыншы жоғарыдағыдай жазаға бұйырылады. 

  1. «Кім шертті?»

        Ойын   отырып ойнауға өте қолайлы. Ойыншылар екі бөлініп отырып болғаннан кейін, әр топ өздеріне басшы сайлайды.

Әр топты басқарушы өз тобының ойыншыларына барып құлағына сыбырлап, жеке-жеке жасырын ат қояды. (Мысалы, Марат, Болат, Асқар, Серік деген сияқты). Жасырын аттарды айтып болғаннан кейін бастықтар өз орнына келіп отырады. Бір топтың ойыншылары екінші топтың ойыншыларының атын білмеуге тиіс. Сөйтіп, барлығы тегіс жайласып болғаннан кейін бірінші топтың басшысы екінші топқа келіп: «Сіздерден бір «жүйрік» сұрай келдім»— деп топты ажыратады.

Екінші топтың басшысы «Таңдағаныңызды алыңыз»,— дейді. Әлгі таңдаушы ойнаушылардың ішінен көңіліне ұнағанының көзін екі қолымен басып тұрып, өз тобындағы ойнаушылардың бірінің жасырын атын атап шақырады. Ол қай жерден жүріп жеткенін білдірмей, ептеп басып келіп, көзі басулы тұрған ойыншының маңдайына шертіп кетеді. Мұны сездірмес үшін ойыншының көзін қолымен басып тұрған басқарушы шертуші адам отыра бергенде, «Сілкін» деп өз тобына бұйрық береді. Осы бұйрық бойынша олардың барлығы да үстін қағынып, сілкініп, жайласып отырады.

Мұнан соң бастаушы қасындағы ойыншының көзін ашады да: «Кәне, кім шертті?»— деп сұрайды. Жаңағы өзін шерткен адамды ол табуға міндетті. Егер ойыншының атын атап, көрсетіп берсе, ол шертуші адамды өз тобына қосып алады. Ал кімнің шерткенін таба алмаса, онда өзі ол айтқан «жүйрік» болып, көрші топқа кете барады.

Енді бірінші топтың бастаушысы екінші топқа барып, жаңағы сөзді айтып, біреудің көзін басады, өз тобы ойыншыларының бірін жасырып атымен атап шақырады. Ойын жоғарыда айтылған тәртіп бойынша жүріп отырады.

Сөйтіп, ақыры екі топ бірін-бірі ұтып алады. Мұнан кейін ойын қайта басталады.

  1. «Соқыртеке» 

«Соқыртеке» — ұлттық ойын. Ойынға қатынасушылар жиылып, алқа-қотан тұрғаннан кейін, бір қыздың, не жігіттің көзін байлап, қолына бір метрдей жас шыбық беріп, ортаға шығарады. Ол:

Қараңғыда көзім жоқ,
Тиіп кетсе сөзім жоқ.
Қайда кеттің қалқа жан,
Жетектейтін өзің жоқ.
Қолға түскен құтылмас,
Қала бермек көзім боп,

— деп таяғын өзі болжаған тықыр, дыбыс естілген жаққа қарай соза береді. Айнала трған ойнаушылар қашып жүріп:

Соқыр — соқырақ,
Оң көзіңе топырақ.
Топырағын алайын,
Тотияйын салайын
Саған бір ем табайын,
—деп келіп, «Соқыр текеге» тиіп қашып жүреді. Осылай ойнап жүргенде «соқыр текенің» қолына түскен ойнаушы ұтылады да, екеуі орын ауыстырады.

«Соқыр теке» мен оны түрткілеп қашып жүрушілердің өрісін мөлшерлеп сызып қояды. 

  1. Бөрік жасырмақ

Ойынға қатысушылар араларынан бір ойыншы шығарып, алыстау жерге  таман барып, бөркін немесе басқа бір  белгілі затын жасыруға жібереді және өзі де  сол маңайына жасырынуы керек.Қалған ойыншылар тығылған ойыншылардың тыққан затын іздеуге  кіріседі. Кімде-кім тығылған бөрікті көріп қойып алуға қам жасаса онда иесі бермеуге тырысады.Бермеудің жаңдайы – екеуі бірдей бас салып  бөрікке таласу емес, қай бұрын алғаны алады.Ал көрген ойыншы ала алмай қалса, онда иесі қорып,бөрікке жібермеуге тырысады. Ал басқалардың қай-қайсысы болмасын бөріктің иесіне қол тигізіп, күш жұмсауына болмайды.Қайткендеде алдап жүріп алып, оны жүргізушіге ертіп келулері керек.Келесі жолы бөрікті әкелген ойыншы барады да , ойынаушының уақыттары жеткенше ойын жалғаса береді.

  1. «Ақ сандық, көк сандық» 

Бұл ойын  мектеп ауласында, дене шынықтыру, спорт залдарында  ойналады. Ойынға қатынасушылар екі ойыншыны ортаға шығарады. Ортаға шыққан екі ойыншы бір-біріне арқаларын беріп, қолдарын айқастыра ұстасып отырысады. Сол кезде ойын жүргізуші тақпақтап:

«Ертең аулым көшеді,
Уық бауын шешеді,
Қара қойым қашады,
Құмалағын шашады...
Ақ сандың, көк сандық
Арқан тарт, кілем арт!»
— дейді.

Соңғы «арт» деген сөз қолдасып ұстасып отырған екі ойыншыға берілген белгі. Соңғы сөз айтылғанда қолдасып отырған екеуі тез тұрып кетуі керек. Қайсысы қарсыласын арқалап кетсе, арқадағы ойыншы қашан ұтқыр (тапқыр) жауап бергенше түспейді. Ойын жүргізуші:

«Аң сандық, көк сандық
Аспаннан не көрдің»,— деп сұрақ қояды. Ал арқадағы ойыншы:

«Жұлдыз көрдім, ай көрдім»,— деп жауап береді.

Одан кейін: «Жерден не көрдің?»— деген сияқты сұрақтар беріледі.

Егер ойыншы осы сұрақтарға жауап бере алмаса, онда жеңіледі. Арқалап тұрған ойыншы оны біраз сілкілеп, есін шығарады. Ойын жалғаса береді, балалар кезекпе-кезек ортаға шығып, ойынды жалғастырады. Соңында жеңімпаз атанған екі ойыншы күш сынасады. Жеңген ойыншы мақтау алады немесе сыйлықпен силанады.

  1.  «Үй артында қол ағаш» 

 Ойынға қатынасушылар бірінің қолынан бірі ұстап дөңгелене тұрады. Ойын бастаушы не белбеу, не орамал алады да, дөңгелене тұрған топтың сыртын айнала жүгіріп былай дейді:

Үй артында қол ағаш,
Желбау тартам, есік аш.

Бұл сөзді бірнеше рет қайталай береді. Дөңгелене тұрған ойыншылар:

Үй артында қол ағаш,
Жел кірмесін, есік бас
,— деген сөзді қайталай береді. Тұрған ойыншылар ұстасқан қолдарын ажыратпайды. Ол — есік ашпағанның белгісі. Енді:

Үй артында қол ағаш,
Желбау тартам, есік аш
,— деп жүгіріп жүрген ойыншы өзі таңдаған бір ойыншының артына орамалмен бір соғып қалады да, оны сол ойыншыға тастай сала:

Үй артында қол ағаш,
Озам десең, ала қаш,—
 деп өзі сол бетімен жүгіре береді.

Осының боларын біліп, әзір тұрған ойыншы да «қол ағашты» ала сала, әлгі балаға қарай қарамақарсы жүгіреді. Бұл кезде дөңгелене тұрған балалар:

Үй артында қол ағаш,
Қол ағаштан ала қаш.

Бұрын келген балаға
Тездеп бар да есік аш,
— деп хормен айтып тұрады.

Қол ағаш, қол ағаш!

 Жел кірмесін, есік бас! —

деген сөзді барлық бала хормен тағы да айтады. «Есік жабылады». Енді осы қалып қойған бала бәрін қайталап орындайды. Ойын осылай созыла береді.

10.Етек – етек

Ойында бір бала «жалмауыз кемпір» болады.Қалғандары-түйе,оның ботақандары.Ең алдында түйе,онан соң бір-бірінің артқы етектерінен ұстап ботақандар тұрады,бойға қарап,ең кішкентайы артқа барады.

«Жалмауыз кемпір» мен түйе бетпе – бет тұрады.Түйені әрі-бері алдап тұрып «жалмауыз кемпір» ең артқы ботақанды ұстап алуы керек,түйе оған мүмкіндік бермеуге тиіс. Барлық ботақанды «жалмауыз кемпір» ұстап біткенше ойын созыла береді.

11«Көги гөк»

Тақпақ айтып,бір қызды «кемпір» етіп сайлайды.Қалғандары қаз болады. «Кемпір» шетке  шығып тұрады,басқа ойыншылар қаздай тізіліп,бірінің соңынан бірі ұстап:

Гөк,гөк,көги гөк,

Гөк,гөк,көги гөк,

Гөк,гөк,көги гөк,-

Деп, қаздың жүрісіне еліктей ақырын оң мен солға шайқалып «кемпірдің» қасына келеді.Бірінші келген балаға «кемпір» ине /шөп,кішкене таяқша,шидің сынығы/беріп: «Жоғалтпаңдар!» деп тапсырады.

Балалар айнала жүгіріп,қайтадан қаздай тізіліп «кемпірге» келеді.

«Кемпір» :                                              Әлгім қайда?

Әлгім қайда?- деп сұрайды.Балалар бәрі бірдей:

Әлгің қайда?

Қалды сайда!-

деп жауап береді.

-Олай болса,сендердің біріңді алып қаламын,-деп «кемпір» балаларға бас салады.Балалр тізбегін жазбай қаша жөнелуі керек. Қолға түскен біреуін «кемпір» қасына алып қала береді.Ойын барлық балаларды түгел ұстап болғанша қайта жалғаса береді.

  12.Біз де

Ойынға қатысатын балалар қаз-қатар отырады.Ойын бастаушы бала ортаға шығып,әнгіме айта бастайды.

Егер бастаушы,балалар қосылатын сөз айтса,басқалар «біз де» деп,,қосылып айтады да,балалардың қосылмайтын сөзі болса, «біз де» деуге болмайды.

Байқамай қосылып,әлгі сөзді айтып қалған бала ойынға қатысушылардың тілегін орындап,айып тартады.Айыптан ән салып,не тақпақ айтып,не билеп береді.

Ойын жүргізуші:

  •  Мен көлге барам,
  • Балалар:
  • -Біз де!
  • Ойын жүргізуші:
  • -Онан үйрек ұстап алам.
  • Балалар:
  • -Біз де!
  • Ойын жүргізуші:
  • -Үйректің жарымын күшігіме берем.
  • Балалар:
  • -Біз де!
  • Ойын жүргізуші:
  • Күшігім жейді.
  • Осы кезде біреу: «Біз де»-деп қалса,ойын тоқтайды.Әлгі қателескен бала айып тартады..Бұдан соң,ойын қайта басталады.Ойын жүргізуші сөздерді ары қарай өзі құрай береді.

13. Сиқырлы таяқ

         Қазақ халқының ұлт ойындарының жастар арасында көп тараған және өте ертеден келе жатқан, аса сүйіп ойнайтын түрлерінің бірі — «Сиқырлы таяқ». Бұнда ойнаушылар санына шек қойылмайды. Ойынға жиналғандар қол ұстасып, дөңгелене шеңбер құрып тұрады да, араларынан біреуін ойын жүргізуші етіп тағайындайды. Жүргізуші қолына таяқ ұстап, шеңбердің ортасына шығады .. Ойнаушылардың бір шетінен бастап барлығына рет қатарын білдіретін сандарын атайды. Сонан кейін жүргізуші қолындағы таяғының бір басын жерге тіреп тік ұстайды да, кез келген бір ойыншының санын атап, таяқты қоя береді. Жүргізушінің атаған саны төртінші, бесінші, оныншы не жиырмасыншы бола ма, әйтеуір, рет саны аталған ойыншы ести салысымен жүгіріп барып таяқты құлатпай ұстауы керек. Егер ол дауысты аңғармай я болмаса жай басар болып, дереу алмай, таяқты құлатып алса, онда ол ортада тұрып, көптің ұйғаруымен өнер көрсетеді. Ол өлең айтып, би билеп, домбыра тартады, әйтеуір көпшілік нені талап етсе, бәрін орындауға тиісті. Ол өнерін көрсетіп болған соң қайтадан орнына барып тұрады. Егер таяққа тез жетіп жерге құлатпай ұстап алса, онда жүргізушімен орын ауыстырады.

  1. Қыз –қуу

Балалар арасынан бір ер бала,бір қызды(ағаш атпен)қуады.Бала қызға жетіп қолынан ұстаса ол жеңіске жеткені.Кейде қызды 2 бала да қуады қай бала бұрын жетіп қыз қолын ұстаса сол бала жеңіске жетеді.

Жігіт:

Ей,сұлу қыз,

Қашпа бекер!

Бәрібір қуып жетем.

Орамалды қолыңнан алып кетем!

Қыз:

әуре болма,ей жігіт,

жүйрігімді ытқытып,

қамшының алып астына,

кетемін елге мазақ қып!

15. Тас қала

Асық ойынының ендігі бір түрі —«Тас қала» деп аталады. Ойынға қатынасушыларға шек қойылмайды. Олар тегіс жерді таңдап алып шеңбер сызады да, дәл ортасына асықтарды бірінің үстіне бірін пирамида етіп жияды. Сонан соң асық тігілген жерден ойынға қатынасушылардың жас ерекшелігіне орай көн белгіленеді. Оның қашықтығы 7—8 метрден кем болмайды. Ойынды бірінші болып бастайтын ойыншыны анықтау үшін сақаларын иіреді. Кімнің сақасы бұрын алшы түссе ойынды сол бастап, қалғандары да осы тәртіппен өз кезектерін алады. Алшы бірінші, тәйке екінші, бүге үшінші, шіге төртінші.

Егер ойыншының асығы омпа түссе, онда ол алшыдан жоғары болып есептеледі де, бірінші орынды сол алады. Егер де екі не үш адамның асығы бірдей не алшы не бүк, не шік, не тәйке түссе, онда саңалар қайта иіріледі.

Атушы «Тас қалаға» саңасын дәл тигізіп, бір асықты шеңберден шығарса, ойынды жалғастырып, саңасы түскен жерден қайта атады. Шеңберден атып шығарған асықтарын ала береді. Егер бірінші атушы тигізе алмаса, онда екінші ойыншы атады. Егер атқан ойыншы «Тас қаланы» бүзып, бірақ асықты шеңберден шығара алмаса, онда айыбын қосып «Тас қаланы» қайта түрғызады. Егер атушы тас қаланы бұзып бір асықты шеңберден шығарса, онда қалған асықтарды шеңберден шығара алмаганға дейін ата береді. Қалған ойыншыларды бүзылған «Тас қаланың» бытырап жатқан қалдықтарын атып алады. Көнде жатқан асықтар түгелдей біткен соң, ойын қайта басталады.

16. Хан  талапай

Асықпен ойналатын ойынның тағы бір түрі — «Хан талапай».Асықтың көп болғаны жақсы.Көп асықтың ішінде біреуін қызыл түске бояйды.Сол асық «хан» болады.Ойынды бастаушы бала асықтың бәрін қос уысына жинап алып,отырған балалардың алдына шашып жібереді.Балалар «ханның» қалай түскенін бақылап отырады. Егер «хан» бүк,ші,не тайке түссе,ойын бастаушы бала «ханның» түсуіне қарай жақын жатқан асықтарды бас бармақтың көмегі арқылы сұқ саусағымен итере ыршытып «хандыкіндей» ең соңғы асықпен /егер «хан» бүк жатса бүкпен,шік жатса шікпен,тәйкі жатса тәйкімен/ғана атып алады.Сондықтан асықтарды атқан кезде есепке,дәлдікке,мергендікеке жүгінуге тура келеді.Ойын бастаушы баланың қолы басқа асықтар,а тиіп кетсе,сондай-ақ атқан асығы басқа асыққа барып тисе,ойынды келесі бала жүргізеді.

17. Асау мәстек

Ойын бастаушы  арқанды жерден 50 см –дей биік етіп керіп байлайды  да қасындағы балаларға

Былай дейді.

Ер екеніңді білейін

Ешкі сойып берейін

Тақия алсаң еңкейіп

Құламасаң теңкейіп

Ерлігіңе сенейін

Ойын шартын қабылдап ,ортаға шыққан бала:

    Асау мәстек бұл болса

    Үйретейін көріңіз

    Маған таяқ беріңіз!-деп ортаға шығады..Ойын жүргізуші таяқты беріп тұрып: санай бастайды:

Міне,саған таяқ,

Үшке дейін санақ.

Бір...

Екі...

Үш...

Ойынға шыққан бала сананқ біткенше таяқтың көмегімен арқанның үстіне атша мініп алуы тиіс те,жерден еңкейіп тақия алады. Тақияна ала алмаса өзі айып тартады. Айып өлең айту,ән салу,немесе қораз болып шақыру,түйедей боздау,ешкі сияқты маңырау түрінде болады.Ойынды келесі бала осылай жалғастырады.

18. Қара құлақ

         Ойынға 5-10 бала  қатысады.Олар оңаша жерге топталып өз араларынан бір баланы қазық етіп белгілейді.Қазық тұрған жерінде қозғалмай тұрады.Басқалары әрі кетеді.Содан кейін ойынға қатысушылар қазықты алыстан қоршап бірте-бірте жақындай түседі.

Таяп келіп мынау кім? –деп бір-бірінен сұрасады.

Біреуі ойбай бұл қарақұлақ  қой!-деп қаша жөнеледі.

Қалғандары да –қарақұлақ,қара құлақ!-деп бытырай қашады.

Қарақұлақ біреуін ұстау үшін тұра қуады.Ұсталған бала қарақұлақ болып,ойын әрі қарай  жалғасады.

19. Допты қуып жет

    Бұл ойынға 5-6  бала, тәрбиеші басқаруымен қатыса алады.Тәрбиеші доптарды себетке салып алып,балалардың алдына домалатып жібереді. «Допты қуып жет»деген белгі бойынша ,балалар допты ұстап алып тәрбиеші ұстап тұрған себетке салуы керек.

20. Дауыста, атыңды айтам

      Қазақтың ұлттық ойындарының бірі — «Дауыста, атыңды айтам» ойыны. . Ойынға қатынасушылардың саны шектелмейді. Ойнаушылардың саны көп болса, ойын солғұрлым қызықты болады.

Ойнаушылар қол ұстасып, шеңбер бойымен дөңгелене тұрады. Шеңбердің сыртына шығарып бір ойыншының көзін байлайды да қолына таяқ ұстатып, шеңбердің ішіне кіргізеді. Көзі байлаулы ойыншы шеңбердің ортасына келген соң, қолындағы таяғын өзіне карсы тұрған ойыншылардың кез келгеніне ұсынады да «дауыста, атыңды айтам» дейді. Таяқтың екінші басынан ұстаған ойыншы атын біліп қоймас үшін дауысын өзгертіп үн қатады. (Шеңбер бойында тұрған ойыншылар белгілі бір бағытпен үнемі қозғалыста болады, тек ортадағы көзі байланған ойыншының таяғы бір ойыншыға тиген кезде ғана бір орында тоқтап тұрады). Көзін байлаған ойыншы таяғының кімге тигенін дәл тапса, сол ойыншымен орын ауыстырады. Таба алмаса, келесі ойыншыға ұсынады, оны да таба алмаса, үшіншіге ұсынады. Осылайша ол үш ойыншының атын атайды. Олардың атын анықтай алмаса, көзі шешіліп, сол ортада тұрған бойында көпшіліктің ұйғарымымен өнер көрсетеді. Болған соң көзі қайта байланады да ойын жалғаса береді.

21.  «Аңшылар»

         Жануарлар дүниесінен, аңшылықтан туындайтын ұлттық ойындарының бірі.

Ойынға қатынасушылар араларынан біреуін ойын жүргізуші етіп сайлап алады да, кең жазық алаңға жиналады.

Жүргізуші күні бұрын белгіленіп сызылған шеңбердің (радиусы 5—10 м) бойына, қолына доп беріп, үш жерге үш ойыншыны тұрғызады,— бұлар «аңшылар». Қалған ойыншылар «үйрек» болып, ойын жүргізушінің берген белгісі бойынша шеңбердің ішіне жамырай жүгіріседі де, «Тоқта!» деген кезде бәрі орындарында қозғалмай тұра қалады. Осы кезде «аңшылар» қолдарындағы доптарымен «үйректерді» атқылай бастайды. «Аңшылар» атқылаған кезде «үйректерге» доптан бұлтаруға болады, бірақ тұрған орнынан жүріп кетуге болмайды. «Өлген үйректер» аңшыны алмастырады, ал «үйректерге» тигізе алмаған «аңшылар» доптарын алып қайтадан атқылайды. Осылайша үш «аңшы» орындарын ауыстырғаннан кейін ойын қайта жалғасады.  

22. «Күшің жетсе — үзіп кет» — ұлттық ойын.

Ақсерек-көксерек.

Ойнаушылар кең алаңга, не мектеп ауласына жиналып келіп, екі топқа бөлінеді. Екі топ -15—20 қадамдай қашықтықта біріне-бірі қарама-қарсы тұрысады. Бір жағында тұрган балалар былай деп шақырады.

Қаңжығадан қан керек
Тебінгіден тер керек,
Сонау топтың ішінен,
Әлі-күші кем сен керек!

— деп, қарсы топтың біреуін нұсқап көрсетеді. Шақырылған бала ұстасып тұрған топтың бір жерінен бар пәрменімен үзіп өтуге тырысады. Үзіп шықса, сол жерден екі ойыншыны өз тобына алып кетеді. Үзе алмаса, қарсы топта қалып қояды. Белгіленген уақытқа дейін қай жағының «тұтқыны» көп болса, сол жағы ұтқан болып есептеледі. Ойын дене күшін шыңдауды, оны орынды пайдалануды үйретеді.

23. Қандық – сандық

Ойынға топ балалар қатысады. Екі ойыншы ортаға шығарылады. Олар бір-біріне арқаларын тіреп шынтақтасып тұрады.Ойын жүргізуші белгі берген кезде  екеуі бірдей алға еңкейіп бір-бірін көтерудің қамын ойлайды.Қайсысы бұрын көтеріп алса сол бала жеңімпаз атанады.Үтылған ойыншы орнына барады,кезек күтіп тұрған ойыншы шығады.

24. Атқаума

Ойынды 6 бала 3-3-тен бөлініп ойнайды.Бір бала сол қолымен өзінің оң қолының білезігінен ұстайды.Содан кейінгілері де солай істейді де  бір-бірімен қолдарын айқастырады.Үшінші бала көзі таңыулы күйде  екінші баланың айқасқан қолына отырады..Қолдасып тұрған балалар:-Атқаума,атқаума –деп қаумалай көтерген бойы мөлшерлі жерге дейін жетеді.Бірінші бала ақ сандық,көк сандық десе,көзі таңулы бала  -көк сандық ,көк сандық деп жауап береді.Қаумалап келе жатақан балалар :

Бақа,бақа балпақ

басың неге жалпақ?

Бұтың неге талтақ

Көзің неге тостақ

Бұған көзі таңулы бала былай деп жауап береді.:-

Темір терсек көп киіп

Басым содан жалпақ

Теуіп ,теуіп қашырды

Бұтым содан тостақ!

Балалар қолдарын жіберген кезде бала құлап түссе,айып тартады.Құламай тік түссе қалған текі бала көтеріп жүре береді.

25. Қарғымақ

Бұл тіпті ескіден келе жатқан қазақтың көне ойындарының бірі. Оны әсіресе жылқышылар мен бие сауушылар ойнайтын болған.

  1. Биіктік мөлшерін дәлдеп алып керіп ұстаған жіптен жүгіріп келіп қарғып, ар жағына барып түседі.
  2. Белгілі биіктік мөлшерде керіліп қойылған жіптен, қолына ұстаған сырыққа сүйене, оның бір басын жерге тіреп, бүкіл денесін өз күші екпінімен жоғары серпілте қарғиды.

Осындай әдістердің бірімен ара алыстығы өлшеніп, белгі жасап қойған жазықтан секіреді. Қарғымақ ойналатын алаң не ұсақ құм, не ағаш ұнтағы төселген жұмсақ болуы шарт. Қазіргі кезде «қарғымақ» ойынын өткізу мүмкіншілігі мол. Оны мектептегі дене шынықтыру залдарында, мәдениет үйлерінде т. б. жерлерде өткізуге болады. Кім биік және алысқа секірсе, жүлдені сол алады. Ойын тәртібін ойын жүргізуші қадағалайды.

26. Жапалақтар мен қарлығаштар — ұлттық ойын.

Ойын кең, жазық алаңда өтеді. Ойынға қатынасушыларға шек қойылмайды. Ойнаушылар екі топқа бөлінеді де бірінің арқасына бірі арқасын қаратып, екі сан құрып тұрады.

Бір қатардағыларды жапалақтар екіншісін қарлығаштар деп атайды. Орталарынан біреуін ойын жүргізуші етіп алады.

 Ол ойыншылардың арасынан жүріп отырып, сөзін үзіп-үзіп, созып сөйлейді: қар-үзіліс-лығаш немесе жа..., ал сөз аяғын айтпайды. Сонда аты аталған топ бытырап қаша жөнеледі де, аты толық аталмаған топ оларды қуады. Ұсталған ойыншы үстаған топтың ойыншыларының қатарына қосылады.

Ойын тәртібі: қашушылар мен ұстаушылар алдын ала келісілген белгі бойынша ұсталғанын мойындайды. Ол үшін қашушы ойыншы қолын тигізсе болды. Қай топтың жеңгенін ойын соңында қайсысының саны көп болса, соған қарай шешеді. 

27. «Жаңылма» — ұлттық ойын.

Бір топ бала көгалды алаңға, не мектеп ауласына жиналып келіп, қол ұстасып, дөңгелене тұрады да, ортасынан санамақ айтып бір баланы ортаға шығарады. Шыққан бала өлең, тақпақ, әңгіме айтып тұрып кез-келген жерінде жата қалады, не болмаса құлағын ұстайды, басын сипайды, тағы сол сияқты іс-әркеттерді жасайды. Оның өлең, тақпақ, әңгіме айтып тұрып істеген қимылдарын қайталай алмай қалған бала айыпты болып, өлең айтады, билейді, әңгіме айтып күлдіреді.

28. «Аркан тарту».

       Арқан тарту халық арасында ертеден келе жатқан танымал ойындарының бірі Ойын көбіне мерекелерде, тойларда өткізіледі. Соңғы кездерде бастауыш сыныптардын дене шынықтыру сабақтарында, баланы сергіту сәттерінде де ойналып жүр.  Алаң ортасына көлденең сызық сызылады.  Ойынға екі ұшы тұзақтап байланған ұзын жіп немесе арқан кеерек. Ойынға қатысушылар өз топтарымен бірге екі жақтан арқанды белге салып өз жағына қарай тартады. Ортадағы көлденең сызықтан қай топ бұрын сүйреп өткізсе, солар женіске жетеді.

29. «Құшақ лақтыру»  

        Ойыншылар екі топқа бөлініп, 15 - 20 метр қашықтықта қарама - қарсы бір - біріне қарап тұрады. Бастаушы орамалды топтың бір ойыншысына беріп, ойынды қарап тұрады.  Ойыншы екінші топ жаққа қарай жүгіріп, орамалды бір ойыншының арқасына лақтырып кері қарай жүгіреді.  Өзінің арқасындағы орамалды байқап қалған ойыншы, жүгіріп бара жатқан ойыншыны қуып жетіп орамалын тигізсе, онда ол ойыншыны өз тобына қосып алады, ал егер қуып жетпесе онда ол өзі қарсылас топқа барып қосылады.  Қай топта көп ойыншы болса, сол топ жеңіске жетеді.

30. «Тұтқынға алу» -  ойыны.

Ойыншылар екі топқа бөлінеді  де бір біріне қарап сызылған сызықтың екі жағында тұрады. Тұрдық па?  Енді қарама - қарсы тұрғандар бір - бірінің қолынан ұстап әр бақталас топ өз жағына қарай тартады. Кімнің тобы мықтырақ, қай топ өз жағына көп тартып алады, сол топ жеңіске жетед.і

31. Қуыр-қуыр қуырмаш.

Оң қолдың бес саусағын бір жерге түйістіреді де,сол қолымен оны бүрмелеп қапсыра ұстайды.Содан соң екінші балаға:

-ортанғы саусағымды тапшы,-дейді.Екінші балаға қарап байқап отырады да,міне,-деп бір саусақтың басынан шымшып ұстап тұрады.Егер екінші бала жасырушының ортанғы саусағын дәл тапса,ұпайды бірінші бала тартады.Ұтқан бала ұпай алу үшін мына ережелермен сөздерді жақсы білуі керек.

1. Бас бармақтан бастап шынаққа дейін саусақтардың атын бір түгел атап бередуі.:басбармақ,балан үйрек,ортан терек, шылдыр шүмек, кішкентай бөбек.Бес саусағын түгел жұмады.Тағы да бас бармағыннан бастап,былай деп 5 с аусақты түгел жазады.

Сен тұр қойыңа бар.

Сен тұр түйеңе бар

Сен  тұр жылқыңа бар

Сен тұр сиырыңа бар

Сен кішкентай әлі жас екенсің

Қазанның қаспағын қырып же де,жыламай отыра тұр.

Енді осы шынашақтың өзі алақан шұңқырына бүгіп тұқырта ұстайды да:

Қуыр-қуыр ,қуырмаш

Балапанға бидай шаш

Әжең келсе есік аш

Қасқыр келсе мықтап бас

Шынашақты шыр айналдырып,баланың алақанын қытықтайды.Осыларды істеп бола беріп:

-мына жерде қой бар

Мына жерде жылқы бар

Мына жерде жылқы бар

Мына жерде түлкі бар -  деп баланың білегінен қолтығына дейін түртіп ең соңында мына жерде күлкі бар –деп сәл ғана қытық-қытық! Қытықтайды

32. Ат жарыс

Бұл ойын екі командаға бөлініп ойналады.

 Балалар тәрбиешінің «Алға»-деген белгісі бойынша, ат үстіндегі қимылын салып жарысады. Қай команда мәреге тез жетіп бітіреді.Сол команда жеңімпаз болады.Ат кескін бет пердесін тақымға қысып мәреге шауып жету.


По теме: методические разработки, презентации и конспекты

Ұлттық ойын ұшқыны

Қазақ халқының ежелден келе жатқан ұлттық ойындар жинағы...

Баланың тілдік қызметін ұйымдастыруда ойынның маңызы

Ойын – мектепке дейінгі балалар үшін айналаны  танып, білу тәсілі. Ойын мен ойын әрекеті  мазмұнның әлеуметтік сипаты. Баланың қоғамда өмір сүретіндігімен байланысты. ...

Подвижная игра "Дед мороз" - Ойын «Соох апчах»

  Подвижная игра для обагащения и закрепления слова на хакасском языке для детей дошкольного возраста....

Игра "Строим домик" - Ойын «Тура пeдiрчебiс»

Хакасская авторская пальчиковая игра для закрепления словарного запаса....

Қазақтың ұлттық ойыны «Ханталапай»

Мақсаты:-       Қазақтың  ұлттық  ойындарын дәріптеу  арқылы  балалардың  интеллектуалдық, тапқырлық, ептілік  қабілеттерін дамытуға ықпал е...

«Қысқы ойын мекенінде» «В стране зимних игр»

Веселые зиние эстафеты для старшей группы...

Ойын "Кирек он, тап"

Дидактическая игра на хакасском языке " Найди нужный цвет" ...