Балабай Алтынайдың ғылыми жобасы
Вложение | Размер |
---|---|
makal.docx | 42.68 КБ |
Мазмұны
Кіріспе
І тарау Мақал-мәтелдер – тәрбие құралы
1.1. Мақал-мәтелдердің зерттелуі ........................................................................ 4
1.2. Мақал-мәтелдердің түп негізі – түркі тілдерінде .......................................10
ІІ тарау Тәрбие үрдісінде мақал-мәтелдерді пайдалану
2.1. Мақал-мәтелдердің тәрбиелік мәні ..............................................................14
2.2. Мақал-мәтелдердің оқытылуы .................................................................... 21
2.3. Сабақтан тыс уақыттарда мақал-мәтелдер арқылы тәрбие беру...............28
Қорытынды .........................................................................................................36
Пайдаланған әдебиеттер тізімі .........................................................................38
Кіріспе
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Бүгінгі таңда елімізде жүріп жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жалпыға бірдей білім беретін орта мектептердің алдына әлемдік өркениеттің барлық талаптарына сай келетін, парасатты, тәрбиелі жастарды тәрбиелеп дайындауды талап етуде. Бұл Отанымыздың келешек дамуымен, әлемнің алдыңғы қатарлы елдер қатарына қосылуымен, қазіргі мектеп оқушыларының білім дәрежесімен, шығармашыл ойлай алу қабілеттерімен сабақтаса орайласады. Осыған орай білім беру салаларында оқыту мен тәрбиелеудің жаңа технологияларын қолдану жұмыстары жедел қарқынмен жүруде.
Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында белгіленген орта білім берудің негізгі міндеттерінің бірі «...білім алушылардың еңбек рыногындағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету» үшін тілдік фактілерді жалаң емес, қатысымдық тұрғыдан меңгерту қажет [1]. Бұл оқушылардың ана тілінде жатық таза сөйлеуіне, өз ойын жүйелі, анық жеткізуге әсер етеді.
Бастауыш сыныптарда қазақ тілі, ана тілі сабақтарында мақал-мәтелдерді оқытып, оқушылардың шығармашыл ойлауын қалыптастыру – бүгінгі өмір талабына сай азаматты тәрбиелеудің негізгі жолдарының бірі. Себебі оқыту үрдісінде тиімді қолданылған мақал-мәтелдер оқушылардың сабаққа деген ынтасын арттырады, сол арқылы шәкірттердің ана тілінің терең қатпарларын игеруіне, асыл маржандарын түсінуіне жағдай жасайды. Сондықтан қазақ тілі, ана тілі пәндерінде мақал-мәтелдерді оқыту мемлекет тарапынан білім беру мекемелеріне қойылған талаптардың іске асуына игі әсерін тигізеді.
Оқушылардың сабақтағы белсенділігі олардың сабаққа қызығушылықтарының артуымен тығыз байланысты. Әсіресе, мақал-мәтелдер оқушылардың лидерлік қабілеттерін жетілдіріп, өз пікірін дәлелдеуге, сыныптастарымен еркін пікірлесуге ықпал етеді. Мақал-мәтелдер оқушыларды тілдік материалдарға қызықтырумен қатар ана тілінен алған білімдерін бекіту, тереңдету үшін де тиімді. Мұның өзі мақал-мәтелдер бастауыш сынып оқушыларының танымын кеңейтіп, оның ойлау қабілетін, ізденімпаздығын, еңбекқорлығын жетілдіруде, олардың жеке тұлғалық қабілеттерін тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын көрсетеді. Мақал-мәтелдерді меңгеру барысында оқушылар өздерін еркін сезінеді, басқа жолдастарымен тілдік қарым-қатынасқа оңай түседі. Бұл шәкірттердің жеке тұлғалық қабілеттерін жетілдіруіне, сабақтың тартымды өтуіне, жаңа материалды терең игеруіне ықпал етеді. Сондықтан оқыту барысында мақал-мәтелдерді қолдану – қазақ тілі, ана тілі пәндерін сапалы оқытудың, меңгертудің ұтымды жолдарының бірі.
Қоғамның қазіргі даму кезеңінде болып жатқан әлеуметтік, саяси және жана технологиялық өзгерістерден, ұрпақ тәрбиесіндегі бетбұрыстардан білім мен тәрбие жүйелерінің ісін жаңа сатыға көтеру қажеттілігі туындап отырғаны мәлім. Осыған орай, бүгінгі таңда қоғамның ұлттық мәдени тұрғыдан кемелденуі жас ұрпақты өз халқының рухани қазынасымен, ұлттық тәрбиенің озық, өнегелі дәстүрлерімен тереңірек таныстыру, соның негізінде жеке тұлғаны қалыптастырып, оның шығармашылық, рухани мүмкіндіктерін дамыту көзделеді. Өйткені, еліміздің болашағы, оның материалдық және рухани дамуы жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесінің деңгейіне байланысты.
Әр жасөспірімнің қалыптасып дамуына өзі күнбе-күн өмірден сезінетін, еститін, көретін заттары мен құбылыстары, оқиғалары үлкен орын алады. Соның ең негізгісі – қазақ халқының ұлттық-мәдени құндылықтары.
Қазақ халқының сан ғасырлар бойы жинақтаған мол тәжірибесі, танымдық мұрасы, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, аңыз-ертегілері, жұмбақ, мақал-мәтел, өлең-жырлары, ұлттық ойындары ерекше тәрбиелік мәні бар, баға жетпес асыл қазына.
І Тарау Мақал-мәтелдер – тәрбие құралы
Қазақ мақал-мәтелдері – ертек, аңыз-әңгіме, батырлық-ғашықтық жырлар, қара өлеңдер секілді халық шығармаларымен қатар жасап келе жатқан көне жанр. Олай дейтініміз ХІІ-ХІІІ ғасырлардан сақталған сирек жазба деректерде мақал-мәтелдерді кездестіруге болады. Мәселен, Орхон жазуларында: «Жырақ болса жаман сыйлық берер, жақын болса жақсы сыйлық берер», «Бастыны еңкейткен, тізеліні бүктірген» («Күлтегіннен»), «Жұқаны топтау оңай, жіңішкені үзу оңай», «Өлімнен ұят күшті» («Тоныкөктен») деген мақал-мәтелдерді кездестіреміз. Ал Махмұт Қашқаридің «Дивани лұғат – ат түрік» сөздігінен: «Ұлы болсаң кішік бол, халық үшін бәлік бол», «Кісі аласы ішінде, жылқы аласы сыртында», «Тай ат болса – ат тынар, ұл ер болса – ата тынар» дейтін мақалдарды [5], ал «Құдатғу біліктен»: «Біліп сөйлеген білікке саналар, білімсіз сөз өз басын жояр», «Ауыздан бірде от, бірде су шығар, бірі жанса, бірі сөндірер» дейтін мақал-мәтелдерді оқимыз.
Алайда ертедегі құлпытастарда, сирек кітаптарда жазылып қалған бірен-сарандары болмаса, қазақ мақалдары мен мәтелдері, негізінде, халық жадында ауызша айтылып сақталған.
Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдерге қатысты материалдарға шолу жасау барысында оларды жинақтау, сұрыптау, жүйелеу, жариялау ісінің екі кезеңнен тұратыны анықталды, оның алғашқысы – ХІХ ғасырдың екінші жартысы – Кеңес дәуірінің 1948 жылдарына дейін мақал-мәтелдерді тек халық аузынан жинап, жеке басылым ретінде шығару жұмыстары жүргізілген болса, екінші кезең – оларды тілдік тұрғыдан зерттеудің қалыптасуымен сипатталады.
Қазақтың мақал-мәтелдерін алғаш қағаз бетіне түсірген ғалым – Шоқан Уәлиханов. Ш.Ш.Уәлиханов пен Л.И.Березин архивтерінде ХІХ ғасырдың елуінші жылдарында ел аузынан жазып алынған екі жүзден аса мақал-мәтел сақталған. Солардың ішінде күні бүгінге дейін құнын жоймаған «Ақыл – дария, көңіл – дүлдүл», «Тотықұс бойын көріп сырланады, аяғын көріп қорланады» деген сияқты ондаған мақал бар. Сол уақыттан бері қазақ мақал-мәтелдері әр түрлі жинақтарда, хрестоматияларда жазылып, жарияланып келеді. Қазақ фольклорының басқа түрлерімен бірге (кейде дербес) оны жинап жариялаушылар: Ш.Ибрагимов, М.Терентьев, Ы.Алтынсарин, Я.Лютшь, Ф.Плотников, Н.И.Гродеков, А.А.Васильева, П.М.Мелиоранский, А.А.Диваев, Н.Ф.Катанов, Н.Н.Фантусов, В.В.Катаринский т.б. болды.
Қазақ ауыз әдебиетінің нұсқалары, соның ішінде мақал-мәтелдер жарияланған Орынборда 1879 жылы шыққан, 1906 жылы толықтырылып қайта басылған Ыбырай Алтынсарин хрестоматиясының алатын орны ерекше.
Хрестоматияда қазақ мақал - мәтелдерінің ең таңдаулары іріктеліп жарияланған және адам туралы, әйел, бала, ата - ана мен туыстар, байлық пен кедейлік, достық пен денсаулық деп он шақты тақырыпқа бөліп, жүйелеп түзілген. Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин тек оқу-ағарту ісіне емес, сонымен қатар халық мұрасын іріктеп, сұрыптап, реттеп жариялауға да үлкен үлес қосты.
Сол сияқты В.Катаринскийдің Орынборда 1899 жылы «Памятная книжка Тургайской области на 1899 год» дейтін кітапта жарияланған қазақ мақалдарының жинағын да атай кеткен жөн. Бұл жинақта оған дейін жарық көрген қазақ мақалдары мен мәтелдері жинақталған – бір мың бес жүздей мақал-мәтел жарияланған [6].
Халықтық нұсқалары таңдап алынып, тақырыптық принцип бойынша түзілген бұл екі басылым қазақ мақал-мәтелдерінің кейінгі жинақтарына үлгі болды, жол ашты.
Жоғарыда аталған жинақтардың бір артықшылығы – оларда мақал-мәтелдер ел арасында қалай айтылса, ешбір өңдеусіз, өзгертусіз сол қалпында жазып алынған да, іріктеп-сұрыптап жарияланған, көне, бөгде сөздерге түсініктер және қазақша мәтінімен қатар орысша аудармасы берілген. Сосын қай жерден жазып алынғаны көрсетіліп, әр уездің мақал-мәтелдері бөлек топталған.
Баспасөзі кенжелеп дамыған халықтардың тілін, тұрмысын, салтын, кәсібін т.б. зерттеп білу үшін құрылысы ерте қалыптасқан мақал-мәтел сияқты ескі әдеби мұраны өзгертпей, өз қалпында жазып жариялаудың және материалдың қайдан, кімнен жазып алынғанын көрсетіп отырудың ғылыми мәні үлкен. Оның үстіне әдеби нұсқаны қазақ тілінде жариялаумен қатар, орысша аудармасын беру де жинақтардың құнын арттыра түскен.
Алайда халық шығармасын жинаушы жариялаушылардың осындай игілікті істерінде кейбір кемшіліктер де орын алған. Атап айтқанда, ауыз әдебиеті нұсқаларын жаттап, сақтап келген және жаздырған әңгімешілер мен жыршылардың аты-жөндері аталмаған, айтушы, жаздырушылар жөнінде ешқандай дерек, мәлімет берілмеген. Тағы бір кемшілік, аталған жинақтардың көбінде мақал-мәтелдің шығу тарихын, әдеби мәнін түсіндіргендей жарытымды түсініктер, алғы сөздер жазылмаған.
Қазақ фольклорының басқа түрлері сияқты мақал-мәтелдер де ұқыпты жиналып, молынан жариялана бастады.
Ташкентте 1927 жылы «Қазақ мақалдары» (құрастырушы Әбубәкір Диваев) [7], Алматыда 1935 жылы «Қазақтың мақалдары мен мәтелдері» (құрастырушы Өтебай Тұрманжанов) [8], 1950 жылы «Қазақтың мақал-мәтелдері» (құрастырушы Балым Ақмұқанова) атты жинақтар басылды [9]. Содан бері мақал-мәтел нұсқалары мезгіл-мезгіл қайталап, толықтырылып басылып келеді.
Мақал - мәтелдердің басылымдарына тән ерекшеліктер бұларда материалдар идеялық мазмұнына, көркемдік құндылығына қарай елеп-екшеп алынған, тақырыптық принциппен жүйелеп берілген. Барлығында дерлік түсіндірме, алғы сөздер бар.
Бұл жерде қазақ ауыз әдебиетінің жанашыры жазушы Өтебай Тұрманжановтың еңбегін ерекше атау ләзім. Ол ескілі-жаңалы газет-журналдарда, жинақ-кітапшаларда бұрын-соңды жарияланған, әдеби-тарихи архивтерде қолжазба күйінде жатқан және ел аузынан өзі жинаған қазақ мақалдары мен мәтелдерін іріктеп-сұрыптап, белгілі жүйеге салып, үнемі толықтырып жариялап келді. Ө.Тұрманжанов құрастырған мақалдар мен мәтелдер жинақтары идеялық және көркемдік жағынан таңдап алынуымен, тақырыбы мен мазмұнына қарай жүйелеп берілуімен, басқа жинақтарға қарағанда толықтығымен дараланады.
С. Сейфуллин мақал-мәтелдері шешендік сөздердің бір саласы, жалғасы ретінде қарайды. Мақал-мәтел көшпелі елдің тұрмысынан туып, сол халық өмірінің барлық саласын қамтитынын, бейнелейтінін көрсете келіп, зерттеуші жалпы ауыз әдебиетіне ортақ бір ой тастайды. «Ауыз әдебиетінің қай бөлімі болса да, – дейді Сәкен, – сол заманның тұрмысының қандай болғанын, сол тұрмыстың әсерімен ол тұрмысқа ұсап туған сана, қандай сөз, қандай әдебиет болғанын көрсетеді. «Заманына қарай күлкісі, тауына қарай түлкісі», «Сабасына қарай піспегі, мұртына қарай іскегі» деген ерекше сөздер – әр заманның тілі, көркем сөзі, әдебиеті сол заманның салт-санасына, сол заманның тұрмысына, ол заман тұрмысынан туған мұратына ұсай туды деген сөзді қуаттайды» [11; 295].
Демек, әдеби мұра оны тудырған уақытпен, қоғам мүддесімен, мұратымен тығыз байланыста қаралып, бағалануға тиіс.
Ұлы жазушы, ғұлама ғалым М. Әуезов – қазақ мақал-мәтелдерінің алғашқы зерттеушілерінің, оның ішінде ең беделді ғылыми пікір айтқандарының бірі. Ол «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» деген еңбегінде халық шығармашылығының бұл түрін жеке дербес тарау етіп алып, талдаған. Мақал-мәтелдердің басқа халықтарда да барын ескере келіп, М. Әуезов: «Мұның қазақтағы түрінің өзіндік ерекшеліктері мол... Қазақ мақал-мәтелдерінің, жұмбақтарының дені өлең түрінде келеді. Және сондағы сөздердің өзара үндесіп, ассонанс, аллитерациялардың мол болатындығына қайран қаласың. Мағына, мәні де мейлінше терең болады», – дейді [10; 28]. Сөйтеді де, «Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» сияқты мақалдардың ішкі ұқсастықтарының күштілігіне жұртшылық назарын аударады.
Зерттеуші қазақ халқының ғасырлар бойы қорланған қазынасынан жиналып, қағазға түскенінен, әлі күнге дейін ел ішіндегісі, хатқа түспегені көп екенін айта келіп, оқырман қауымға соларды жинау, жалпақ елдің жан-жақты игілігіне айналдыру парыз екенін де ескертеді.
«Қазақ мақал-мәтелдерінің екінші бір ерекшелігі, – деп көрсетеді М.Әуезов, – оларда халықтың мал баққан тұрмысына байланысты образдар мен сарындардың мол ұшырасатындығы. Үй хайуанаттарының қылығын айту арқылы адам мінезіне ишара, тұспал жасау соншалықты әсерлі де мәнді болып шығады». Автор бұл пікіріне дәлелді, нақты мысалдар келтіреді [10; 401]. Алайда қазақ фольклористикасының негізін салушылар мақал-мәтелдердің кейбір ерекшеліктерін анықтап, оған жоғары баға бергенмен, олардың жанрлық табиғатына тоқталмайды.
Халықтық мәдени тәрбие беру ғасырлар бойы жинақтаған бай тәжірибесі, балалар арасындағы тәрбие жұмыстарының мақсаттары, міндеттері мен тәсілдері бір-бірімен байланысты жинақталған. Сондықтан тілімізге мемлекеттік мәртебе берілуіне, республикамыздың тәуелсіздік алуына байланысты тарихымызды, мәдениетімізді, бүкіл адамгершілік рухани қазынамызды ғылыми жүйеге келтіріп, оны ұрпақ тәрбиесіне орынды пайдалануымыз керек. Бұл салада мұғалімдердің алдында күрделі де жауапты міндеттер тұр.
Баланы сергек сезімді, еңбек сүйгіш, абзал азамат етіп тәрбиелеу ісін оның жас ерекшелігін ескере отырып жүргізуді талап еткен. Мәселен, «ұлыңа бес жасқа дейін патшаңдай қара, он бес жасқа дейін қосшыңдай сана, он бес жастан асқан соң досыңдай бағала» деген халық мәтелі баланы беске дейін еркін тәрбиелеудің, ал он беске дейін көмекшің деп қараудың, он бестен асқан соң ақылшы-досың деп санаудың қажеттігін мегзейді. Ал бұл ғылыми педагогикадағы баламен еркін сөйлесу, тең азамат санау, ашық сырласудың тәлімдік мәнін қоштайтын ашық пікірлесу қағидасына сай келеді.
Мақал-мәтелдерді пайдалана тәрбиелеу ісін баланың жас ерекшелігіне сай жүргізумен бірге, тәрбиеленушінің жеке бас ерекшелігін ескере отырып жүргізуді де ескерткен.Барлық адамның мінез-құлқы, қабілеті бірдей емес. Солай болғандықтан да оларды тәрбиелеу әдісі, ықпалы, құралы да алуан түрлі болмақ. Олай болса, бала мінезін жете түсініп, жеке өзгешелігін еске ала білу қажет. «Балаға үміт арту – әкенің парызы, ақтау – баланың қарызы» деген мақал да осыған байланысты. Өйткені, кімде-кім болмасын өз ұрпағының асыл азамат болып өскенін қалайды, бұл үшін қолынан келгеннің бәрін істейді. Сондықтан әр ата-ана баланың жеке адамгершілік қасиеттерін еске ала отырып, тәрбие беруге тырысуы керек. Қалыптасқан мінезбен еш пенде дүниеге келмейді. Осыны топшылаған ата-бабамыз «Баланы туады екенсің, мінезді тумайды екенсің» немесе «Бір биеден ала да туады, құла да туады» деп ой төркінін жасаған. Сондықтан да бөбекті ер етіп өсіру де, ез етіп қожырату да үлкендердің қолындағы іс.
Мақал-мәтелдер бойынша баланың тәрбиесі туған, өскен ортаға, ата-анаға, үлкендерге, олардың үлгісіне байланысты. Мәселен: «Жібекті түте алмаған жүн етеді, баланы күте білмеген құл етеді», «Бала айналасына қарап өседі», – дейді халқымыз. Алайда, асырау мен асыл тәрбие беру екі түрлі мәселе. Сондықтан да халык «Жігіттің тентек болмағы – биінен, баланың тентек болмағы – үйінен», «Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Өнеге күші өлшеусіз» деуі арқылы бала тәрбиесінің өскен ортаға байланысты екенін көрсетеді. «Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса ел болғаны қайсы?», «Ұл ұяты әкеге, қыз ұяты шешеге» деу арқылы да ата-ананың, үлкендердің жас ұрпақ тәрбиелеудегі орнын керсеткен, Қай халық болмасын – философ. Қазақ халқы да ұстанған қағидасын, түйген философиялық ойын жан-жақты қарастырып, бір ауыз сөзге сыйғызып бере білген. Мысалы: «Ағаға қарап іні өсер», «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүрер» деп осы ойды нықтай түскен. Қазіргі кезде жас өрендерімізді жан-жақты тәрбиелі, терең білімді азамат етіп өсіруде ата-анаға үлкен міндет жүктеліп отыр. «От басы -өнеге» деген халық мақалы да осыны ескертеді. Біз бұдан ата-ананың балалары алдында өздерін біркелкі ұстауы, әке мен ананың өзара татулығы, сыйластығы, пікір келісімі отбасында бала тәрбиесіне зор ықпал жасайтынын халық педагогикасының орынды пайымдағанын байқаймыз. «Адамға көбінесе үш алуан адамнан мінез жұғады. Бірінші-ата-анадан, екінші-ұстазынан, үшінші-құрбысынан» деп ұлы ойшыл Абай да өте дұрыс айтқан [11]. Осы пікірді халық педагогикасында «Атпаз көрген ат таныр, үстаз керген хат таныр», «Ұстазына қарай шәкірті», «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», «Өмір -үлкен мектеп», «Аға-жаға, ұстаз-пана» деген мақал-мәтелдер арқылы құптайды. Бірақ құрғақ өсиет, құнсыз уағыз арқылы емес, жеке бастың үлгісімен, тапқырлық тәсілмен баланы тәрбиелеу орынды дегенді атап көрсетеді.
Қазақ халқының келесі ерекше қағида орыс халқының көрнекті педагогы А.С.Макаренконың «Егер менен педагогтік тәжірибемнің мәнін қысқаша тұжырымдап беруді сұраса мен: адамға көбірек талап қою, оны барынша қадірлеу деп жауап берген болар едім» – деген өсиетімен пара-пар, себебі адам өзін сыйлағанның құлы» [12]. Баланың аты бала. Оның қандай бір нәрсені білгісі келетін, қандай бір құбылыстың сырын жете меңгергісі келетін мінезі, оның психологиясы мен физиологиясы – баланы жаңсақ қылыққа ұрындыруы да мүмкін. Баланың жіберген мұндай қателіктерін үлкендер дер кезінде байқап, дұрыс жолға салып отыруы парыз. Сондықтан да халкымыз: «Баланы ақылмен тәрбиелей алмаған қорқытып та тәрбиелей алмайды» дейді. Халық ұғымында тәрбиелеуші жазалаудың және ықпал етудің барлық шараларын дұрыс қолдануы үшін бала жанын жетік білуі шарт. Ол үшін бала жанын түсінуге талпыныс жасау қажет. Басқа ұрып, көзге шұқи беру баланы жүнжітіп жібереді немесе кияңқылыққа соқтырады. Сондықтан балаға үлкен талап қою керек және сол дәрежеде оны қадірлей білу керек. Жасөспірім алдына үлкен максат қоя білсе ғана биікке ұмтылады, сондай ұмтылыс үстінде өседі, жетіледі. Армансыз биікке самғау жоқ екенін жақсы ұққан халық: «Талаптыға нұр жауар» деп жеткіншекті қанағаттандырумен қатар «Армансыз ұлан - қанатсыз қыран» немесе «Арманы жоқтың – пәрмені жоқ», – деп парықсыздықтан сақтандырған.
Оқушыларды тәрбиелей оқыту барысында дамыту – бүгінгі педагогиканың ең көкейкесті мәселелерінің бірі. Себебі, шәкірттердің ойлау дербестігі іске асырылмаса қазіргі ғылыми-техникалық прогресс қарқынының жылдамдығы мен жастардың білім игеру қабілеті арасында алшақтық туады. Халық педагогикасы осы бір қағиданы ежелден ұстанған. Өйткені, жасөспірім әр қадам басқан сайын өзі үшін ұдайы жаңалық ашады. Халқымыз «көрмеген жердің ой-шұқыры көп» болса да тартынба, тайсақтама, дүниені тани бер, алдыңда асқақ арманың болсын, «Көз жұмбай, дария кешпек жоқ», «Ақылды тәуекелдің арты – игілік», «Тәуекелдің кемесі суға кетпейді» дейді. Бұдан мақал-мәтелдер арқылы тәрбиелеу ісінде алға қойған ойлы мақсаты – жас буынды дербестікке, өздігінен ойлауға баулу екенін айтамыз. Мұнда ескеретін бір жай жас буынды ой дербестігіне баулуда халык ауыз әдебиетін кеңінен пайдаланған жөн. Олардың ішінде, әсіресе, сюжеті күрделі, шытырман оқиғалы жырлар мен ертегілер, жұмбақтардың атқарар міндеті орасан. Негізінен ой дербестігі, адамдарда сындарлы сыннан өту, мәселені өздігінен шешу барысында қалыптасады. Бұл жерде А.В.Луначарскийдің «Мектептен тыс білім алу дегеніміз – күллі өмір. Адам өмір бойы білімін биіктете беруі керек» – деуі осыған дөп келеді. Ал қазақ атамыз «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмас» – деп тұжырымдайды. Сондай-ақ ата-бабамыз: «Жығуға шамасы жоқ – күреске түспейді», «Жығылсаң нардан жығыл» деу арқылы ауырдың үсті, жеңілдің астымен бас сауғалап күн көргенше, күресте көрініп көзге түс, көпке таныл дегенді уағыздайды.
Мақал-мәтелдер тәрбиенің әлеуметтік-идеялық мәнінен туындаған. Мәселен, халық баланы жастайынан еңбек етуге үйретуді, даярлауды басшылыққа алған. Жастайынан ұл балаларды қозы-лақ қайыру, отын-су әзірлеу, мал өнімдерінен тұрмыстық құрал-жабдықтар әзірлеуге, ал қыз балаларды ыдыс-аяқ жуу, кесте тігу, өрнек тоқу, үй тазалау, т.б. жұмыстарға үйретті. Балалар есейген сайын олардың еңбектерін күрделендіріп отырды. Сол арқылы балаларды өмірдің ең қажетті дағдысы-еңбекті сүю және құрметтеу рухында тәрбиеледі. Басқаша айтқанда, халық жас ұрпақты адамгершілікке тәрбиелеудің негізі еңбек екенін дүрыс пайымдаған және еңбек тәрбиесін ерекше бағалаған. Олай болса, еңбекке тәрбиелеу - тәрбиенің ескірмейтін қағидасы, тозбайтын тәсілі. Себебі, еңбек - адам қызметінің шешуші түрі дегенді халқымыз «Істесең тістерсің», «Мал баққанға бітеді», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» – деп тұжырымдайды, материалдық игілік адам еңбегінің нәтижесі екенін жас ұрпаққа ұғындырады.
Мақал-мәтелдердің ең негізгі қағидасы тәрбиенің біртұтастығы жайлы болмақ. Жас ұрпақты өмірге дайындап олардың «Сегіз қырлы, бір сырлы» азамат болуы үшін бар мүмкіндігін сарқа пайдаланған халқымыз тәрбиенің барлық түрін ұштастыра, ұластыра жүргізген. Халық педагогикасында мынау ақыл-ой тәрбие тетігі, мынау эстетикалық тәрбие құралы дейтін жекеленген тәрбие құралы жоқ. Кез келген тәрбие құрамына талдау жасасақ, ақыл-ой, дене, адамгершілік, еңбек, т.б. тәрбиелері іштей сабақтастық тауып етене араласып кеткенін көреміз.
Мақал-мәтелдерде адамгершілік қасиеттерді, әсіресе, ар, ожданды қастерлеу тәрбиенің басты принципі болып саналған. Осыны басты нысан етіп ұстанған ата-бабамыз «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», «Ақ жүрген адам азбас», «Адам деген ардақты ат», «Әдептілік, ар, ұят – адамдықтың белгісі, тұрпайы мінез, тағы жат – надандықтың белгісі», «Жігіттің құны – жүз жылқы, ары – мың жылқы», «Жаным арымның садағасы» деп арды аса жоғары бағалаған. Арлы адам адал, әділ болады. Ар тазалығы басқаға қиянат жасамауға, шыншыл, әділ болуға баулиды. Әдептілік, сыпайылық, кішіпейілдік, мейірімділік, иманжүзділік қасиеттердің бәрі ар-ұят, ождан тазалығынан туындайды. Имансыз болу, ата-ананы, үлкенді, ұстазды сыйламауды халқымыз кешірілмес күнә деп санаған. Қазіргі мейірімсіздік, қатыгездік, дөрекілік етек алып отырған заманда жастарды ар ождан тазалығын сақтауға, имандылыққа тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлу қажет болып отыр.
Қорыта айтар болсақ, мақал-мәтелдеріміз әрдайым үздіксіз тәрбие мәселесінде адамгершілік, бауырмалдық, туыстық, қайырымдылық қағидаларын басшылыққа ала отырып үлкен мен кіші, ұстаз бен шәкірт, ата-ана мен бала арасындағы ынтымақтастық педагогикасын дәріптегендіктен, қазіргі ғылыми педагогика қағидалары да халықтық тәлім-тәрбиеден нәр алғанының айқын айғағы болмақ.
Қорытынды
Бала тәрбиесі қай заманда, қай қоғам үрдісінде болсын үздіксіз ізденуде ізгі мұрат екені баршаға аян. Ұрпақ тәрбиесі келешек қоғам қамын ойлаумен бала бойында үнемі үйретілетін ізеттілік, кайырымдылық, әдептілік, елін-жерін сүюшілік асыл қасиеттері салт-дәстүрден бастау алатыны белгілі. Әр халықтың көне заманнан бері келе жатқан өзіне тән әлеуметтік мәдени мұрасы бар.
Мақал-мәтелдер – ата-бабамыздың тәрбиеге қатысты асыл қоры, осы тұрғыдан ұрпақ тәрбиесінде алатын орыны ерекше. Сонымен қатар, қазақ поэзиясының бөлінбес бір бөлшегі. Оған қанатты сөздер, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер, айтыс, ертегі, аңыздар, жұмбақтар мен жаңылтпаштар жатады. Осындай асыл қазына – халық тәлімінсіз күнделікті өмірде жүзеге асуы мүмкін емес. Ұлтымыз өз ұрпағын «Балаларға оқу, білім берілсін, сұлу мінез әр өнермен өрілсін», – деп Баласағұн айтқандай, еліміздің көк байрағындай көлбеңдеп, тәуелсіз мемлекетіміздің тізгінін өз қолдарына мықтап ұстайтын азамат тәрбиелеуде, ғасыр бойы пайдаланып келген ауыз әдебиетіміздің асыл қорын бүгінгі күнге дейін құнын жоймай келген мұраны оқу-тәрбие үрдісінде тиімді пайдалану көкейкесті мәселе. Сонымен қатар бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі – қазақ халқының ұлттық- мәдени құндылықтарымен үйлестіре оқытып, тәрбиелейтін халықтық-мәдени білім беру.
Халықтық-мәдени білім – төл мәдениет пен ана тілін келешек ұрпақ бойына сіңіріп, дамытуға бағытталған білім. Ол халықтың дәстүрлі мәдениеті сияқты жазу-сызусыз, күнделікті тірліктің, тұрмыс-салт пен әдет-ғұрыптың, халықтың дүниетанымына, табиғи жағдайларына, шаруашылықтың ерекшеліктеріне орай қалыптасып, өмір сүрудің, ұрпақ өсірудің машықтық әдіс- тәсілі ретінде пайда болып, өмір сүреді.
Мәдениетін қорғамайтын ұлт – ертеңін ойламайтын ұлт. Халықсыз мәдениет болмайды. Мәдениет те халықсыз өмір сүре алмайды. Оның негізгі тиянақ-тірегі – білім беру жүйесі. Қазақ мектебі мен білім жүйесі - ұлттық мәдениетті іске асыру тетігі, Оқу-тәрбие процесінде мақал-мәтелдерді пайдалану білім беру жүйесінің өрісін кеңейте түседі.
Халықтың салт-дәстүрі, тарихы ұрпақтың рухани қазынасының негізі. Әл-Фараби айтқандай «адам ләззәт іздеу, қызығу сияқты нәрселерден бойын аулақ ұстауы үшін рухани негізді түзету керек, адамның рухани негізі түзу болса, оның тілегі, қалауы дұрыс болады».
Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат –міндеттердің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі келешек қоғам қамын ойлау болып табылады. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген ақыл парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі озық азамат етіп тәрбиелеу, біздің де қоғам алдындағы борышымыз. Мұндағы мақсат жас ұрпақты ұлтшылдық бағытта емес, ұлттық негізде тәрбиелеуде, халқымыздың мол мұрасын олардың бойына сіңіре білуде. Өйткені бала әлеумет мүшесі болғандықтан оның оқу тәрбиесі жеке-дара емес көппен бірге болу қажеттілігі негізгі назарда болады.
Мақал-мәтелдердің ұлттық-мәдени, ұлттық-дүниетанымдық мақсатта қолданылған сөздердің халық тарихын, салт-санасын танып-білудегі рөлі ерекше.
Қорыта келгенде, тіліміздегі мыңдаған мақал-мәтелдер тіл байлығымыздың сүбелі саласы, көркем сөз шеберлігін шыңдай түсуге, тілдік мүмкіншіліктердің өрісін кеңейте түсуге қажетті, әсерлі де әсем, бейнелі де айшықты сөз өрнегі болып саналатынына көзімізді жеткіздік.
Пайдаланылған әдебиет тізімі
Макаренко А.С. Балаларды тәрбиелеу туралы лекциялары. Алматы,
Сказка на ночь про Снеговика
Снежная сказка
Воздух - музыкант
Интересные факты о мультфильме "Холодное сердце"
Северное сияние