"Т.Шаханов шығармашылығының қырлары" Крикунова Камила
проект на тему

Шаханов Толеу

зерттеу жұмысы

Скачать:


Предварительный просмотр:

Абстракт

Мен Төлеу Шаханов атындағы мектепте оқимын. «Біздің мектепке неге Төлеу Шаханов есімі берілді? Ол кім?» – деген сұрақтар туралы көп ойлайтынмын. Төлеу Шаханов туралы мәлімет іздедім. Кітапханада бір кітапшасы ғана бар екен. Өмірбаяны қысқа жазылған. Ғаламтордан да іздедім, бірақ Т. Шаханов туралы ақпарат өте аз екен. Біз Төлеу Шаханов атындағы мектепте оқимыз, ал ол туралы аз біледі екенбіз. Оқып білейік десек, ақпарат аз. Мен осындай проблемаға тап болдым. 1999 жылдан бастап біздің мектеп Төлеу Шаханов атын иеленіп жүр. Төлеу Шаханов біздің мектепте оқыған екен. Біз жүрген дәліздермен жүріп, біз отырған сыныптарда отырған. Ғажап! Төлеу Шахановтай республикамызға белгілі ақынның оқыған мектебінде біздің оқып жүргеніміз, оның «менің мектебім» деп айтқанын біздің де «менің мектебім» деуіміз мақтан тұтарлық жағдай. Мен Төлеу Шаханов туралы, шынымды айтсам, бірнеше жыл бұрын ойланбайтын да едім. Соңғы уақытта өзіме аса таныс болмаған тұлға мені қызықтыра бастады. Мен оның фантастикалық шығармалар, өлеңдер жазғанын, аударма жұмысымен айналысқанын, тіпті оның өлеңдеріне ән жазылған сынып сағаттарынан, әдебиет сабағынан, дәліздегі ақынға арналған стендтен білуші едім. Ендігі мақсатым – мен оқып жүрген мектепке аты берілген ақын туралы неғұрлым көбірек білу және өзімнің білгенімді біздің мектеп оқушыларына насихаттау. Төлеу Шахановты біздің мектептің оқушылар, мұғалімдер ұжымы ғана емес, сондай-ақ, қала тұрғындары да осы Ереймен қаласында тұрып, қаламыздың жақсы атын елге таратқаны үшін мақтаныш етеді. Сондықтан біздің өз өлкеміздің жақсы даңқын шығарған жерлесіміз туралы білуге ұмтылуымыз – адамгершілік, азаматтық парыз. Содан кейін өзіме мақсат қойдым: Төлеу Шаханов туралы ақпарат жинау керек, оның шығармаларын талдау керек және мектеп оқушыларына сол мәліметтерді жеткізу керек. Мәлімет жинау барысында бұл тақырып зерттелмеген екенін көрдім. Бұған дәлел белгілі қазақ журналисі Жанат Елшібектің «Жұлдыз» журналында шыққан очеркі. Ол Төлеу Шаханов туралы жазу үшін онымен жерлес деген белгілі қаламгерлерден мәлімет сұрайды екен: Бәдуан Имашевтен, Жылқыбай Жағыпарұлынан, Сайлау Байбосыннан, Амангелді Жұмабектен, бірақ анық ештеңе таба алмапты. «Егемен Қазақстан» газетінде хатшы болып жұмыс істейтін ереймендік Раиса Жанайдарова Төлеу Шахановтың жұбайының телефон номерін тауып береді. Раиса апай телефон номерін менің жетекшім Тагиманова Қарлығаш Сеитовнадан алады екен. Қарлығаш Сеитовна – Раиса апайдың жиені. Ал Төлеу Шахановтың жұбайының телефонын Қарлығаш Сеитовна ол кісіден Ерейментауға Зейін Шашкиннің 100-жылдығы аталып өтілген кезде келгенінде алыпты. Төлеу Шахановтың жұбайы Зейін Шашкиннің қызы екен. Оның да есімі  - Қарлығаш. Жанат Елшібек Қарлығаш апайдың телефонын тапқанына қатты қуанып, ол кісімен бірнеше рет телефон арқылы хабарласып, кейін «Жұлдыз» журналында Т. Шаханов туралы «Уақыттан озған қиялгерлер» атты мақаласы шығады. Бұл оқиға көтерілген тақырыптың зерттеуді қажет ететінін көрсетеді.

Шынын айтсам, Төлеу Шаханов туралы мәлімет жинау – оңай іс емес екен. Ол туралы «ХХ ғасыр қазақ ақын-жазушылары» деген кітапта, Сайлау Байбосынның «Ереймен» деген кітабында қысқаша анықтамалық ретінде мәлімет берілген, басқа ештеңе жоқ. Төлеу Шахановпен дәмдес, сырлас, әріптес болған кісілермен танысып, олардың білгенін сұрап, ақпарат жинауға тура келді. Сондықтан осы жұмысымды жазу үшін, мен зерттеу, сұхбаттасу, мәлімет жинау сияқты әдістерді пайдаландым. Төлеу Шахановтың шығармаларын оқып, ақынның бұл дүниеге көзқарасын білуге тырыстым. Ақынның ерекше қолданған сөз тіркестері, фразаларын іздестірдім. Зерттеу барысында мен Төлеу Шахановтың Ерейментауда тұратын жеңгесімен сұхбаттастым. Төлеу Шахановпен бір сыныпта оқыған қазір марқұм болған Канцарина Людмила Валентиновнаның естеліктерін таптым. Ол бұл естеліктерімен біздің мектеп оқушыларымен кездесуде бөліскен екен. Жергілікті қаламгерлеріміз жазған мәліметтерді жинақтадым. Оның шығармаларымен танысып, талдау жасадым.

Өз жұмысымды шартты түрде үшке бөлемін. Бірінші бөлімде ақынның өмірі туралы мәлімет, екінші бөлімде Төлеу Шаханов туралы естеліктер, оның есімінің біздің мектебімізге берілуі және үшінші бөлімде ақынның шығармашылығы туралы жинаған деректерді жаздым.

Осы зерттеу жұмысымда Төлеу Шахановтың шығармашылығын, ол туралы жазылған еңбектерді таратудың жолдарын ұсынамын. Менің жұмысымның құндылығы – Төлеу Шахановқа арналған сайт ашып, біршама материалды жинақтай алғанымда.

Менің осы жұмысымның, біріншіден, біздің мектебіміздің оқушылар үшін маңыздылығы бар. Сондай-ақ, бұл жазғандарымды мектеп мұғалімдері де пайдаланар деп ойлаймын.

Төлеу Шаханов ( Төлеу Ирғайлин, буркеншік аты болса керек ) 1942 жылдың 25 желтоқсанында Ақмола облысы Еркіншілік ауданы ( қазіргі Ерейментау ауданы ) Бестөбе кенішінде шахтёр отбасында туған. 1959 жылы Қазақ темір жолына қарасты «Ерейментау» орыс мектебін бітіргеннен кейін аудандық «Знамя труда» - «Еңбек туы» газеттерінде корректор, аудармашы, әдеби қызметкер болып қызмет істеген.

1961 – 1966 жылдар аралығында С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің орыс және қазақ журналистикасы бөлімдерінде оқыды. Бұл кездері оның өлеңдері республикалық мерзімді баспасөз беттерінде жиі жарияланып тұрды. Төлеу Шаханов өлеңдерін орыс және қазақ тілдерінде қатар жазады. Төлеу Шахановтың негізгі еңбек жолы «Социалистік Қазақстаннан» бастап, «Ленинская смена», «Семиречье», «Қазақ әдебиеті» газеттерімен тығыз байланысты. Ол көп жылдар бойы «Жазушы», «Жалын» баспаларында редактор, «Қазақфильм» киностудиясында коллегия мүшесі болып қызмет атқарды.

Фантастика жанрында автордың қазақ тілінде «Көгілдір мұнаралар» (Повестер мен әңгімелер ), «Жоғалған жауһар» ( повесть ) атты кітаптары жарық көрді.

Жазушы аударма жұмысына да атсалысты. Бұған орыс тілінде жарық көрген К. Әзірбаевтің, Қ. Ахметбековтың, Ә. Ахметовтың, Д. Қанатбаевтың өлеңдері мен поэмалары айғақ. Республикалық балалар қуыршақ театрында Төлеу Шахановтың аудармасы бойынша венгер жазушысы Крянгенің «Өжет әтеш», М. Светловтың «Мальчиш-Кибальчиш» спектакльдері үзілмей қойылып жүр. Төлеу Шаханов «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, СССР Мәдениет министрлігі мен ВЦСПС-тің «Село еңбеккерлерінің мәдени жүлдегері» белгісімен марапатталған.

Шығармалары : «Бәйге» - өлеңдер жинағы, «Жазушы» 1966 жыл, «Шуақты күн» - өлеңдер, «Жазушы» 1968 жыл. «Білесің бе бұларды?» - өлеңдер, «Жазушы» 1972 жыл, «Қос шапқыншы» - өлеңдер мен поэма «Жазушы» 1974 жыл.

Міне, Төлеу Шахановтың жүріп өткен өмір жолына, азды-көпті шығармашылық еңбегіне шолу жасасақ, осындай екен. Жомарт табиғат жерлесімізге адам баласына көп дари бермейтін сан қырлы талант сыйлапты. Қазақ әдебиетінде өзі ақын, өзі жазушы, сонымен қатар баспа қызметкері, журналист, аудармашы, екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазатын қаламгерлер санаулы-ақ. Солардың бірі - жерлесіміз Төлеу Шаханов.

Төлеу Шаханов туралы мәлімет жинау барысында мен оның жеңгесімен кездесіп, сөйлескенімді жазғанмын. Ол кісі Шахан атаның үйіне келін болып түскенде, Төлеу мектеп оқушысы болатын. Ағасы мен өз үйінің арасында бірдеңелерді айтып жүреді екен. Бұл – оның жаңа өлеңдер тудырып жүргені болатын. Жеңгесі қыздарға өлең жазып жүрсің деп қалжыңдайды екен. Шахан атаның төрт ұлы болыпты. Төлеу балаларының ең кенжесі екен. Оның ағалары – Аманжол, Әмен, Төлеш. Осы төрт ағайындының екеуі шығармашылық жұмыспен айналысады екен. Олар - Төлеш және Төлеу. Төлеу Шахановтың ағасы Төлеш те журналистикамен айналысыпты. Қазіргі уақытта төртеуі де о дүниелік болыпты. Төлеу Шахановтың әкесі Бестөбе кенішінде жұмыс істеген екен, ал анасы үй шаруасымен айналысыпты. Шахан ата мінезді адам болыпты. Оған Төлеш деген ұлы көбірек тартқанын еске алады жеңгесі. Ал Төлеу және оның үлкен ағасы Аманжол жуас болып өсіпті. Төлеу Шаханов мектеп бітіргеннен кейін, Алматыға оқуға аттанған. Сол кезден ол Алматы қаласында тұрақтап қалады. Өзінің әке-шешесін де Алматыға алып кетіпті. Төлеу Шахановтың өмірдегі серігі, жан жолдасы – Қарлығаш апай де осы Ерейментау ауданының Ажы ауылынан шығыпты. Оның әкесі – белгілі жазушы Зейін Шашкин. Төлеу Шахановқа шығармашылық еңбек жолында өз ақылын қосқан адамдардың бірі – оның атасы. Төлеу Шахановтың екі баласы бар екен: қызы және ұлы. Қызы Айжан қазір шет елде тұрады, ал баласы Әділ – Алматыда. Балалары әке жолына түспеген, өз істерімен айналысуда, шығармашылық жұмысқа бет бұрмаған. Төлеу Шаханов қартаймай қайтыс болды. Ол төсек тартып ауырып жатқан емес. Ерейментауға соңғы келіп жүргендерінде кеуде тұсы ауыратынын айтады екен. Ол, мүмкін, жүрегінің ауырғаны болар. Ерейментауға келіп, табиғат аясында демалғанды жақсы көрген екен. Төлеу Шахановтың немере інісі Бақтыбай Шаханов есімі теледидардан жиі айтылатын. Ол Астана қаласында президент телерадио кешенінде оператор болып жұмыс істеген. Қазір марқұм боп кетті. Шахановтар ұрпағы өсіп-өнуде. Әрқайсысы өз өмір жолын таңдап, еліміздің қарапайым халқындай өз күндерін кешуде. Міне, ақын, фантаст-жазушы Төлеу Шаханов туралы оның жеңгесінің еске алғаны осындай болды.

Төлеу Шахановпен бір сыныпта оқыған ауданымыздың ардагер ұстаздарының бірі – Канцарина Людмила Валентиновна да, ол туралы біздің мектеп оқушыларына сынып сағаттарына келіп, естелік айтқан еді. Оның айтуынша, мектеп оқушысы Төлеу басқа балалардан аса көп ерекшеленбейтін. Сабақты да соншалық үздік оқыған жоқ. Көптің бірі болып жүре берді. Жоғары сыныптарға келгенде, қыздарға хат жазатын шақ туған кезде, Төлеу Шахановтың ер балалар арасында танымалдығы күшейе түседі. Ол сыныптастарының өтініші бойынша қыздарға арнау хаттар жазады екен. Есте қалған бір нәрсе – осындай арнау хаттарының бірін оқығанда, әр жолдың бірінші әріптерін тігінен оқығанда, сол хат арналған қыздың есімі шығады екен.

Төлеу Шахановтың «Дружные ребята» газетінде жарияланған өлеңін оқып, сыныптастары өте қуанышты болыпты. Сыныптастары Шаханов Төлеудің дарынын мойындап, оның беделі, абыройы өсе бастайды екен.

     Төлеу Шахановтың прозадағы тұңғыш кітабы «Көгілдір мұнаралар» деп аталады. Бұл кітапта фантастикалық әңгімелер мен «Көгілдір мұнаралар» атты повесть жарияланған. Ақын шығармашылығында аспан әлеміне, ғаламшар тақырыбына көп орын берілген. Бұл тақырып оның прозалық шығармаларында ғана емес, сондай-ақ, өлеңдерінде де өз көрінісін тапқан. «Көгілдір мұнаралар» кітабында «Тірі көз» деген әңгіме бар. Бұл әңгімеде ақын «Алиамма» деп аталатын ойдан шығарылған ғаламшар арқылы біздің заманымызда аса маңызды болған экология тақырыбын көтереді. Алиамма деген белгісіз ғаламшарда, біздің санауымызша, он бес жылдың ішінде ауа азайып, жер шөлге айналыпты. Күн сайын құнарлы топырақты жері тарылып, тіршілік жоғалуға айналған. Біздің ғаламшарымыздан ғалымдар «Тіл» деген аппарат арқылы Алиаммадағылармен сөйлеседі. Алиаммадан көз кейпінді бір тіршілік иесі байланысқа шығады. «Тірі көз» жердегілерден, яғни бізден, көмек сұрайды. «Тірі көз» әңгімесі фантастикалық болса да, негізгі ойы реалистік өмірден алынған. Әңгімеде көтерілген мәселе барлық елдерге түсінікті, ортақ шешімді қажет ететін бүгінгі заманның өткір проблемасы. Біздің жеріміз де көмекке зәру. Бізде де сусыз шөлге айналып бара жатқан жерлер көп. Біз де «Алиамма» тұрғындары сияқты көмек қажет етеміз.

     Тағы бір әңгімесін Төлеу Шаханов «Люциос» деп атаған. «Люциос» дегені – роботтың аты. Люциос роботының адамға ұқсастығы көп. Бек есімді ғалым осы роботты жасау үшін өмірінің жартысын арнапты. Бұл роботтың басқа роботтардан ерекшелігі – оның адами қасиеттерді ие болғандығы. Люциос адамдар сияқты қобалжиды, аяйды, әр түрлі сезімдерді бастан кешіре алады. Люциос сияқты роботтың дүниеге келуін әлемнің ғалымдары үлкен қызығушылықпен қабылдады. Бек Люциосты далаға шығарып, Сырдария өзеніне әкелгенде, робот қарапайым арамдарға тән адамдық сезімдерді бастан өткізе алатынын көрсетті. Суға батып бара жатқан баланы құтқарып, оған аяушылықты білдіре алатынын Бек көргенінде, кеудесі қуанышқа толды. Өмірін арнаған еңбегі зая кеткен жоқ.

Төлеу Шаханов шығармаларын оқып отырғанда, оның мінезіне бір нәзіктік, сезімталдық тән болды ма деп ойлайсың. Адамдарға жақсылық жасау, шығармасымен шуақ төгу, болашаққа оптимистік көзқарас тудыру – ақынның басты мақсаты сияқты болып көрінді маған.

Менің ойымша, фантастиқалық шығармалар тудыру – бұл көркем сөз өнерінің ең бір қиын жанры. Ол үшін көптеген мәселелерден жан-жақты хабардар болу керек. Ғалымның әр түрлі салаларынан білім негіздерін алған өте маңызды (физикадан, биологиядан, химиядан, астрономиядан, әдебиеттен). Сонымен қатар, фантастар - біздің өмірімізді алға жетелеуші күштің бірі. Фантастардың ойлап тапқан ой-қиялы ерте ме, кеш пе, көбі ме, азы ма, әйтеуір, күндердің бір күнінде біздің өмірімізде өз орнын тауып, кәдімгі реалистік формаларды иеленеді. Мысалы, ұялы телефон, қашықтықтан басқару, тағы басқа ғылым мен өнер жетістіктері.    

Төлеу Шаханов поэзиядағы қадамдарын орыс тілінде өлең жазумен бастайды. Оның алғашқы өлеңдер жинағы «Бәйге» деп аталады. Бұл жинақ 1966 жылы жарыққа шықты. Ақын өлеңдерінің көпшілігі болашаққа деген үлкен сенімді, оптимистік көзқарасын білдіреді. Мысалы «Утро» деген өлеңінде мынадай әдемі жолдар кездеседі:

«Солнцем брызнуло утро

И рассмеялось.

Здорово!

Сон с лица я вытер

И поднял голову»...

«Бәйге» деген өлеңін оқығанда, еркіндікті, атқа мініп, ауаны жарып ұшып бара жатқаныңды сезінесің. Ұшқандағы жел гуілі, шөптің шуылдағаны анық естілетін сияқты. Ақын өзінің сезімдерін «Я первый!» деген сөйлем арқылы аңғартатын сияқты:

«Я первый! Догонишь?

Да где там!»

Әрине, үздіксіз еңбек ететін, жұмыс - өмірінің негізі, тірегі саналатын адам алғашқылардың қатарында болмақ. «Работа» өлеңінің тәрбиелік мәні зор. Әр адам Төлеу Шахановтай ойласа, жұмысын ол сияқты сүйсе, біздің өміріміз көп жеңілдер еді:

«Люблю ли работу,

Которая пахнет солнцем и потом?

Конечно! И к чёрту

Зевок – «не охота»

Вот почему работа –

Жизни моей основа.

Строю,

Пашу,

С охотой,

С радостью,

честное слово.»

Мұндай сөзді өмірінде қуанышты, шуақты күндерден басқа қиын сәтті де басынан кешіп, осындай қарапайым тірлікті бағалай алатын адам айта алады. Төлеу Шахановтың балалық шағы соғыс жылдарына, соғыстан кейінгі жылдарға тап келді. Балалық шағының қиындығы туралы «Детство» өлеңінде айтады:

«Нас взрослеть заставляла

Тревожная медь.

Мы старались во всём

быть до боли

упорными...»

деген жолдар арқылы біз жасы бала болса да, ойы дана болуға мәжбүр болған сәбилерді елестетеміз. Осы өлеңімен үндес шығармасы «Зов к живым». Ақын бейбіт өмірді бағалауды, күш-жігерімізді бейбітшілікті сақтауға жұмсауымызды сұрайды. Туған жер, атамекен тағдыры ақынды бейжай қалдырмайды. Ол өзін белгілі бір аймақтың адамы ретінде ғана сезінбейді, оны бүкіл ғаламшар тағдыры алаңдатады. «Земля» өлеңінде жеріміздің соғысты, ядролық сынақтарды да, басқа да апаттарды көргенін айтып, өлеңді көтерінкі көңілмен, жақсылыққа үлкен сеніммен аяқтайды. Өлең: «Земля моя – разутая земля!» - деп басталса, - «Прошли века и вновь цветут поля», - деген оптимистік оймен аяқталады. Төлеу Шахановтың «Земля» өлеңі жұлдызды күнделігінен алынған екен, сондықтан болар бұл өлеңде «звёздные будни», «звёздная пыль», «звёздное пламя», «искать межзвёздные пути» деген сияқты тіркестер көп кездеседі.

Ақынның өз жанын түсінуге, жеке басының қайшылықтарын шешуге сезімдерін жұмсағанын өлеңдерінен көруге болады. «Я ошибаюсь» өлеңі кәдімгі адами мінездердің қателікке айналып, оны кейін мойындаудың қиын болатынын жырлайды. Кей жағдайда өзінің әлсіздік танытатынына өкінеді:

«И если я вулканом разгораюсь,

То начинаю тут же потухать,

Своей натуры слабость прикрываю.»

Сирек адам өзінің әлсіз болатынын жария ете алады. Бұл батылдық Төлеу Шахановтың қолынан келді.

Қоршаған ортасына бейжай қарай алмайтын ақын «Что такое боль?» деген сұраққа жауап іздейді. Бар жанымен тек жақсылық істеуге ұмтылған адамның сөзін айтады:

«Я вам, люди, как флаг,

Свое сердце несу на ладонях.»

Жасалған қателіктерді, жанның қиналуын, азаптарды ұмытып кетсе ме екен? Мұқағали Мақатаев: «Сәби болғым келеді...», - деп жырлағандай, Төлеу Шахановта да осындай тілектер туады. «Мальчишка» өлеңінде бәрін білуге құштар, биікке ұмтылғыш бала, мүмкін, мен болармын деп жазады ақын.     Төлеу Шаханов жастарға үміт артады. Оның шығармалары өсіп келе жатқан азаматтарды қайырымды, әдепті, отаншыл, кеңпейіл болуға, бір-бірінен көмекті аямауға тәрбиелейді. Жастарды «зеленый росток» деп атайды.

Пусть зеленый росток

Будет солнцем,

Поэмой

И песней!

Пусть минуты идут

И ликует земля,

Пусть веселые ветры, как прежде,

Нас будят,

Пусть гудят провода,

Пусть шумят тополя

И с рассветом в дорогу

Торопятся люди!

Пусть!

Осындай әрі тілек болған, әрі ұран болған ақынның бір шумақ өлеңімен сөзімді аяқтаймын. Ақынның тілегі орындалсын деймін.

Қорытынды

Өз ойымды қорытып айтсам, Төлеу Шаханов туралы мәлімет жинау, шығармашылығына толық талдау жасау – ертеңгі күннің еншісінде. Ол – біздің азаматтық парызымыз. Ақын өлеңдеріне жазылған әндерді топтау керек. Оның өлеңдерін тақырыптарына қарай жіктеу керек. Төлеу Шахановтың публицистикалық шығармаларын жинақтау керек. Осындай «керектер» көп. Оларды ақынға жанашыр туыстары, жерлестері қолға алады деп үміттенемін. Мүмкін, осы еңбектің иесі, яғни менің бұл істі белгілі бір нәтижеге жеткізуге шамам, қабілетім келер. Әйтеуір, бұл жұмысты орындау барысында әлі көптеген белгісіз нәрселердің бетін ашу керектігін, бірталай талдау жүргізу керектігін түсіндім. Менің сіздерге, Төлеу Шаханов туралы білуге қызығушылық танытқандарға, айтарым – бәріміз мүмкіндігіміз келгенше, біздің мектебіміз атын иеленіп жүрген ақын туралы титтей де болса бір беймәлім болған дерек тапсақ, оны жария етейік, ақын есімін баршаға насихаттайық. Nsportal әлеуметтік жүйесінде мен Т.Шахановқа арналған шаңын сайт аштым. Бұл соның бастамасы болар.

Төлеу Шаханов туралы мәлімет жинап жүрген, оның өлеңдерін аударымен айналысып жүрген біздің өлкеміздің зиялы азаматы –  Сайлау Байбосынов. Осы ағамыздың Төлеу Шахановқа қатысты зерттеулерін, шығармашылық еңбектерін топтастыртып, мектептің Төлеу Шаханов туралы жинаған кітапханасында сақтаған жөн.

Төлеу Шаханов туралы мектеп оқушыларының, Ереймен ақындарының жазған көркем туындылары да бір жинаққа топтастырылуды қажет етеді. Менің Төлеу Шаханов өмірі мен шығармашылығын зерттеуге арналған ұсыныстарым ақын туралы келесі жұмыстың тақырыбына сілтеме болар деп үміттенемін. Ал осы жұмысты біздің жергілікті ақынымыз Сайлау Байбосыновтың Төлеу Шахановқа арнаған өлеңімен жеткізгім келеді.

Төлеу Шахановтың рухына

Асыл деп сені көтерсе елің несі мін,

Кешігіп жеттің, етерсің бірақ кешірім.

Мәз болып жатыр бір мектеп беріп атыңа,

Ереймен мына еркелеп өскен бесігің.

Халыққа – мерей, ұрпаққа үлгі болады

Оралып жатса, еліңе қайта есімің,

Киелі жердің, Ереймен сынды, ұлы едің,

Өнерлі едің, өрісті едің, ұлы едің.

Алматы асып, асқақтап атың жүрсе де,

Халықпен, сірә, бірге де болды жүрегің.

Толағай елің көтерді бүгін төбеге

Топ жарып ұшқан туысы бөлек түлегін.

Бәйгенің басын шын жүйрік алмай, кім алсын?

Ұлылыр салған соқпаққа түскен ұлансың,

Ұлағатты елің ұлым деп көкке көтерсе,

Бір аунап аға түскен де бүгін шығарсың.

Аннотация

Бұл аннотация 8«А»-сынып оқушысы Крикунова Камиланың «Төлеу Шаханов шығармашылығының қырлары» деген жұмысына арналады. Алынған тақырып біздің мектебіміздің мұғалімдер және оқушылар ұжымы үшін маңызды тақырыптардың бірі. Төлеу Шаханов есімі біздің мектепке берілген соң, ол туралы көбірек білу, оның еңбектерін насихаттау – біздің борышымыз. Аталмыш жұмыс осы мақсатты орындауға бағытталған қадамдардың бірі. Жұмысты орындау барысында оқушы ақынның көркем туындыларын оқып, оларға талдау жасаған, ақын шығармашылығына өз көзқарасын білдірген. Камила Төлеу Шахановпен таныс болған адамдармен кездесіп, әңгімелескен. Бұл оның жұмысының құндылығын арттырады. Зерттеу еңбегінің абстракт бөлімінде оқушы алдына қойған мақсатын, жұмысты орындау барысында қолданған әдістері туралы жазған. Ал қорытынды бөлімінде әлі жинақтауды, зерттеуді қажет ететін мәселелерді қозғады. Крикунова Камилаға айтатын ұсынысым – Төлеу Шахановтың қазақша жазған шығармаларын оқып, олар туралы өз көзқарасын білдіру. Жалпы, бұл жұмысты «қанағаттанарлық» деп бағалаймын.

Пайдаланған әдебиет

  1. Т. Шаханов «Бәйге» өлең кітабы, «Жазушы» 1966 жыл.
  2. Т.Шаханов «Два гонца» өлең кітабы «Жазушы» 1972 жыл.
  3. Т. Шаханов «Көгілдір мұнаралар» әңгімелер мен повестер жинағы.
  4. С. Байбосын «Ереймен» кітабы, «Фолиант» , 2009 жыл.
  5. «Қазақстан жазушылары. ХХ ғасыр», «Ана тілі», 2004 жыл.
  6. «Жұлдыз» журналы 2015 жыл №1.
  7.  «Ереймен» газеті, 28. 11. 1999 жыл.


По теме: методические разработки, презентации и конспекты

"Төлеу Шаханов рухына" Сайлау Байбосын

Жергілікті ақынымыз Сайлау Байбосынның Т.Шахановқа арнаған өлеңі...