Дина Базарбайқызының поэзиясының көркемдік ерекшелігін анықтау, өлеңдеріндегі ұлттық сипат, ұлттық болмыс, ұлттық мінез мәселелерін қарастыру, ақын поэзиясындағы дәстүр сабақтастығы мен көркемдік жалғастығын, жаңашылдығын таныту, сөз қолданысындағы көркемдік тәсілдер мен айшықтарды табу жұмысымыздың басты мақсаты болып табылады.
Қазақ поэзиясына қосқан үлесі, үлгі тұтқан, бағыт алған ұстаздары, туған жерге деген сүйіспеншілігі әңгіме етіледі. Еңбек жолы, шәкірттері, жүрген жолы туралы баяндалып, өлеңдері жария етіліп қорытындыланады.
Вложение | Размер |
---|---|
dina_bazarbaykyzynyn_poeziyasy.doc | 101 КБ |
КІРІСПЕ
Дина Базарбайқызының поэзиясының көркемдік ерекшелігін анықтау, өлеңдеріндегі ұлттық сипат, ұлттық болмыс, ұлттық мінез мәселелерін қарастыру, ақын поэзиясындағы дәстүр сабақтастығы мен көркемдік жалғастығын, жаңашылдығын таныту, сөз қолданысындағы көркемдік тәсілдер мен айшықтарды табу жұмысымыздың басты мақсаты болып табылады.
Қазақ поэзиясына қосқан үлесі, үлгі тұтқан, бағыт алған ұстаздары, туған жерге деген сүйіспеншілігі әңгіме етіледі. Еңбек жолы, шәкірттері, жүрген жолы туралы баяндалып, өлеңдері жария етіліп қорытындыланады.
Зерттеу мақсаты: Қазақ поэзиясындағы жерлес ақын Д.Мұханбедиярованың ақындық тұрғы мен көркемдік шешім мәселелерін зерттеу.
Гипотеза: Д.Мұханбедиярованың шығармаларының тақырыптарын қарастыру, ақын шығармалары арқылы адамгершілік пен елдік тақырыбының айқын көрінетіндігін болжап, жас ұрпақты тәрбиелеудегі ролін көрсету.
Жұмыстың нәтижесі және қорытындысы: Ақын Дина шығармаларының жас ұрпақты тәрбиелеудегі алатын орны анықталды, осы мақсатты жүзеге асыруға байланысты нақты ұсыныстар жасалды.
Зерттеу нәтижелерінің қолданылу аясы:
Зерттеу нәтижелері бойынша ұсыныстар: жас ұрпаққа рухани және патриоттық тәрбие берумен айналысатын оқу орындарында нақты іс-әрекеттерді жүзеге асыруға ғылыми теориялық негіз болады.
Қазақ өлеңінің тарихы қызық та ұзақ, әрі терең. Оны ойласаң, көз алдыңа қазақ даласындай кең жайылып жатқан өлең-жыр дариясы елестейді. Суы мол, нәрлі бұлақтан бастау алған оған үлкенді-кішілі өлеңдер қосылып, арнасын үлкейтіп, кең айдынға ұластырады. Асау тау өзендерінің толқыны іспетті күш халық жанының тереңінен нәр алған сол өлең-жыр дариясына өлмес өмірдің күшін дарытып, буырқанта көрсетеді. Толқын толастамайды, ағын азаймайды, өйткені тарих сыры ән-жырға құмар халықтың сезімімен, қиялымен, ойымен араласып жаңа бұлақтардың көзін ашады, сол арқылы Дария суын молайтады. Осы жыр-дарияны толтырған қазақтың халық поэзиясы мен ақын-жырауларының есімі бүгінде айдай әлемге аян. Бұқар жырау, Дулат, Махамбет, Шортанбай, Абай - барлығы да өз алдына бір-бір жыр-дария. Олар үлкен дарияны құрап жатқан асау, арналы, сулы, нулы өзендер іспетті. Қазіргі таңда сол бабалардың ізімен жырларымен оқырман көңілінен шығып жүрген ақындарымыз баршылық. Солардың бірі – Фариза, Ақұштап сынды қазақ ақын қыздарының жолын қуып жүрген апамыз Мұханбедиярова Дина Базарбаевна.
Ұстаздықты өзінің мақсаты ретінде ұстанған Дина Мұханбедиярова бүгінде мәртебелі мұғалім болғанымен, өзі де бір кездегі шәкірт. Ол – Шалқар ауданындағы Қорғантұз орта мектебінің түлегі. Сол балаң кезінен қолға ұстаған қауырсын қаламын әлі күнге дейін ақ қағазға әдемі де әсем жыр жолдарын түсіріп келеді. «Ақиқатты айтсын деп тіл берілген». Дина – ұстаздың ақындық айқын бағыты да осындай. Оны ұсынылып отырған жырларынан да анық байқайсың.
Мұханбедиярова Дина Базарбайқызы 01.02.1966 жылы Шалқар ауданында дүниеге келді. Ұлты – қазақ.
1981 жылы Қорғантұз орта мектебінің 8-сыныбын үздік бітірді.
1985 жылы Ақтөбе педагогикалық училищесін (гуманитарлық колледж) қызыл дипломмен тәмамдады.
1992 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын, кейін
2001 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін аяқтады.
Білім беру саласында үздіксіз 27 жыл еңбек етіп келеді, жоғарғы біліктілік санаттағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
1992 жылдан Ақтөбе қаласы Ғ.Ақтаев атындағы №6 мектепте оқу-тәрбие жұмысының меңгерушісі болып қызмет атқарып келеді.
Сара Батақұлы атындағы сыйлықтың лауреаты, «Біз білмейтін тылсым бар» (1998 ж) өлеңдер жинағының авторы, 2006 ж. «Мемлекеттік тіл – ұлт тағдыры» аясында өткізілген «Өлеңмен өмірін өрнектеген ару» байқауында қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
ҚР білім беру ісінің үздігі, 2007 жылы ҚР Білім және ғылым Министрлігінің Құрмет Грамотасымен марапатталды. Облыс әкімінің 2009 жылғы «Ең үздік мұғалім» грантының иегері. 2011 жылы екінші мәрте иеленді.
30 жылдан бері үздіксіз баспасөз беттерінде өлең, мақалалары жарияланып келеді. 2009 жылдан бері Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі.
Шалқар аудандық «Коммунизм таңы» («Шалқар»), облыстық «Коммунизм жолы» («Ақтөбе»), республикалық «Қазақстан мектебі», «Қазақстан мұғалімі», «Бастауыш мектеп» журналдарында, облыстық «Ұстаз» газеті, «Нұрдаулет» газеті, республикалық балалар мен жасөспірімдердің «Жас талап» үн парағында туындылары жарық көрді.
Мазмұнды сценарий жазады, мәнерлеп өлең оқиды, асабалық өнері бар.
Бір шаңырақтың түтінін түтетіп отырған аяулы ана.
Сүйікті ақындары: Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов.
Ақындық жолға түсуіне ықпал еткен педучилищеде дәріс алған ұстаздары Зоя Брауова, Айша Базарбаева. «Зоя апай өте керемет мұғалім. Көптеген ақындармен кездесулер ұйымдастырып, менің талантыма қанат бітірген сол кісі болатын»,- деп ризашылықпен есіне түсіреді. Ол ұстаздарымен әлі күнге дейін байланысып тұрады.
Өзі қызмет атқаратын мектепте «Жас қалам» үйірмесін жүргізеді. Ондағы мақсаты: мектептегі ақындыққа жақын оқушылардың қанатын қатайту, өлең өлкесіне шақыру, поэзиямен ерте достастыру.
Шәкірттері: Избасаров Д., Әлбілекова С., Кусаинова Ш. фиолология факультетінің студенттері, Әкімгереева Ш., Турабаева А., Қосанова Қ., Лайхан С., Алданова С. 11-класс оқушылары.
Жастайынан өлең өнеріне жақын болып өскен ақын 9-10 жасынан бастап жыр шумақтарын шығара бастады. Оның алғашқы өлеңдері «Анама», «Ұстазым» деп аталады. Ақындық өнер нағашыларынан дарыса керек. Нағашылары шетінен сөз тапқыш, көпшілікті үйіріп әкететін шешен, өнерлі адамдар екен.
Ақынның шығармаларының тақырыптары: туған жер, ата-ана, отбасы, шәкірт және ұстаздық.
Оның азаматтық үні “Туған жер”, “Әділет”, “Дала ”, “Болмайды соғыс” сияқты өлеңдерінде айқын көрінді. Туған елге деген сүйіспеншілік, ана тілі тағдыры, т.б. мәселелер ақын поэзиясының арқауы. Мұханбедиярованың шығармалары поэтикалық қуатымен, тілінің шырайлылығымен қазақ поэзиясына жаңа өрнек алып келді.
Дина ақынның бүкіл шығармашылығын шолып шыққан адам оның жырларының ең басты екі тірегін байқар еді: ол — ақынның туған ел мен жерге деген ыстық махаббаты және шәкірттеріне сүйіспеншілігі. Оның лирикасының өзіндік сыр-сипаты алуан түрлі. Туған жерге сүйіспеншілік, табиғат көріністері мен құбылыстары, махаббат сырлары, сағыныш сазы, мезгіл суреттері, ана-бала сүйіспеншілігі — ақын лирикасының басты тақырыптары.
Ол, әсіресе, табиғатты жан-жүрегімен нәзік сезініп, сүйіне жырлады. Ақынның әйгілі "Шалқарым" өлеңі қазақ жерінің көркем, сәулетті өңірінің естен кетпес мынандай керемет сұлу суреттерінен басталады:
Төңірегі Шалқар көлдің көк ала,
Қонып жатыр, әне, аққу, шағала.
Ұқсатамын көл суының кеңдігін
Мінезге бай айналайын анама.
Туған жердің көзге ыстық көрінер, көңілге қуат берер әсемдігін де дала перзенті Дина апай өз өлеңдерінде мақтанышпен шабыттана жырлайды. Ақынның кір жуып, кіндік кескен туған жерін ардақтаған әсем жырлары санатында «Туған жер», «Сарыбұлақ» өлеңдері аталуға тиісті.
Оның тоқсаныншы жылдардың ортасында жарық көрген алғашқы жыр жинағындағы әдеби қауымды елең еткізген өлеңдерінен оқырмандар Д.Мұханбедиярованы нәзік лирик ақын деп қабылдаған болатын. Дегенмен, оның осы лиризмінің өзегінде бір өжет қайсарлық аңғарылатын. Өйткені оның өр өлеңінде боямасыз өмір, тартысты тағдыр жатқан еді.
Жетелейсің мені өмірге арманым,
Толғанумен атты талай таңдарым.
Жапырақ жайған жас жүректі көндіріп,
Жас кезімнен ақындықты таңдадым.
Осы өлеңінде ақындық жолды өзіне арман еткен өрімтал акын-қыз шыншыл да сыршыл қалпымен жүректерде бірден үялап қалды. Ақ бантикті ақынның сол нөзік қайсарлығы келе-келе үлкен күрескерлікке, қайраткерлікке ұласты. Сол балғын шақта жазылған "Көгершін" атты өлеңді де бей-жай оқу мүмкін емес:
Көгершінім, өрлеп көкке ұша бер,
Тұмсығыңа бақыт хатын қыса кел.
Ақ тілекпен сен үй сайын қонғанда
Аймалап кеп разы болып құшады ел.
Тыныштық деп соқсын әркез жүрегің,
Тек сол ғана менің басты тілегім.
«Бейбітшілік» айдарыңа тағылған
Ұлы сөздің өлмейтінін білемін.
Дина Мұханбедиярованың жырларының өзіне тартар жұмбақ магнитизмі бар. Ол махаббат мақамын да өзгеге үқсатпай, өзінше жырлайды.
Ару көктем шуағыңдай мінезің,
Сырға толы мұхиттарда жүземін.
Саған деген көңілімнің шоқтығы
Қырдың сұлу қызғалдағын үземін.
Ол ақын да, ана да бола білген асылдардың санатынан.
Анамын бөбегін сағынған,
Ақынмын жыр болып, ағылған.
Көңілмін екіге бөлінген,
Жүрекпін екіге жарылған.
Осы өлеңді оқи отырып сүйсінесің, оқи отырып ерисің. Ақындығына тәнті боласың, аналығына басыңды иесің. Бұл да болса өлең-сөздің қүдіреті.
Сыршыл да ойшыл ақын, сұлулық жыршысы табиғатты онда мекендеген адамның көңіл күйімен, жасампаз еңбегімен байланыстыра жан бітіре суреттейді.Дина апайдың кейіпкерлерінің елге, туып-өскен жерге деген сезім күйлері табиғатка ынтықтығы арқылы ашылады. Мысалы, «Күз» шығармасында:
Сары зерден сырға тағып аққайың,
Сағындырып күз де жетті өлкеме.
Бейне алтындай жапырақтар бақ сайын
Жерді айнала қонып жатыр көмкере.
Шартарапқа шалқытатын ойыңды
Аққу әні естілмейді көлдегі.
Күздің демі суық шалып бойыңды
Байқалады терезенің өрнегі.
Салқын мінез сабырлылау күз көркі,
Ойлы кейіп әкелгендей қалаға.
Алтын шашбау сыңғырлаған қыз бөркі
Жарасып тұр менің маңғаз далама.
Лирикалық кейіпкердің қыр тіршілігіндегі өзгерістерге сүйінген қуанышты көңіл күйін ақын "Ақ қайың", "Таң самалы" атты өлеңдерінде еркелей, шаттана ескен дала желі арқылы бейнелейді:
Таң шолпаны жарқырап, түн жарымын асырып,
Ақтарады ойға сыр, ертеңіне асығып.
Бозғылт тартып төңірек, көрсетпейді жұлдызды
Ақ шарбы бұлт көлбеңдеп, көлегейлеп, жасырып.
Қырау шалып бастарын сонау өркеш таулардың,
Қол бұлғаған сағымды таң алдында аңғардым.
Таза ауаны қақ жарып көңілге жыр құяды
Бұлбұл сайрап ішінде жүрген бақша-баулардың.
Шымылдығын меңіреу, мылқау түннің серпе ашып,
Төңірекке әр берді күн сәулесі нұр шашып.
Таң самалы аймалап беттен өбіп бөбегін
Асығады кешегі жұлдызына тым ғашық.
Ғашықтық, сүйіспеншілік сырлары көбінесе табиғаттың қошеметі мен қолдау-құттауы аясында ашылады. Ақын махаббаттың арман-аңсары мен құпия сырларына сұлу табиғатты куә етеді. "Мөлдір сезім", "Бақыт көктемі", "Алғашқы сезім", «Жүрек әні» өлеңдеріне осы сипаттар тән. Оларда туған өлкенің сырлы табиғаты жастардың жүрек құпиялары, ынтық сезімдерімен жарастық тауып, оқырманды ерекше әсерге бөлейді.
Көк шалғынды жайлау кеші қандай тамаша,
Өзіңменен сырласамын ылғи оңаша.
Аспандағы шоқ жұлдыздар жымың қағады
Сыр айтысып олар-дағы бізбен таласа.
Ал "Қартайсаң да хор қызына балаймын", "Сағыныш" өлеңдерінде аналық-балалық махаббаттың, сағыныш-мұңның, өкпе-наздың, жүрек қылын шертер, көзге жас үйірілтіп, ет жүректі елжіретер нәзік лирикалық сезім жеті-сегіз буынды, шалыс ұйқаспен келетін өлең өрнегімен аса сәтті бейнеленеді.
Ақын "Сыр сандық" өлеңін досына хат түрінде жазған. Сезім мен сыр, ой мен образ жымдаса қабысып кеткен бұл өлеңнің ішкі ырғағы, әуезі есіле төгіліп, жібек торғындай судырап тұр. Адалдық пен арамдық, талант пен күншілдік, мансап пен ождан, достық пен қастық туралы тебірене сыр шерткен ақын тіл байлығы арқылы эстетикалық-этикалық мұраттарын ірікпей толғаған.
Қайғы-мұңсыз өмір, шіркін, өтер ме?
Кінәлама жан досыңды бекерге.
Күліп қарсы ал кездескенде әрдайым
Жылы сөйле хош айтысып кетерде.
Адал ұста, биік ұста бойыңды,
Кез келгенге айта берме ойыңды.
Доспен бірге қас барын да ұмытпа
Бөгейтұғын сайрап жатқан жолыңды.
Дина ақын адамның көңіл-күйін, сырын тұспалдай жырлап, оны биік таудың басындағы кілттеулі сыр сандыққа балайды. Дос жанын түсіне білетін нағыз адам — дос қана сол құзар биіктегі сыр сандықтың кілтін тауып ашып, көңілдің күй пернесін баса алмақ.
Баладайсың жамандықты сезбеген,
Армандарың толып жатыр жүздеген.
Тауларың көп шыңына әлі шықпаған,
Жотаң қанша емін-еркін кезбеген.
«Қорға тілді, қастерле, оян қазақ!» атты тіл туралы толғауы атына мазмұны сай қайрат пен жігерге толы, заманның зәру мәселелерін ашық та өткір көтеріп, халықтың ұлттық намыс, еркіншіл сана-сезімін көресетеді.
Жылдар қанша құрыққа бағынбаған,
Айлар қанша асуы алынбаған,
Екпіні бар десем де арындаған
Алса-дағы мәртебе ана тілім
Қуаныштан жүрегім жарылмаған.
Жарылмады жүрегім қуаныштан,
Көрінеді көкжиек тым алыстан.
Алдарқату, арбау ма, жұбату ма...
Бұтарлайтын бардай-ақ бір арыстан.
Қазағымның көргенде жүдеу қалпын
Поэзиямен түн қатып сыр алысам,
- деп қуана отырып мұңаюының сырын, түйткілін астарлап жеткізеді.
Көсемсөздің хас шебері Ахметті-
Оқығанда халқыма жақын етті
Міржақыптың азалы, дертті өлеңі
Көмейіме жыр құйып ақын етті.
Жүсіпбектің қалдырған бай мұрасы
Қыз да болсам, бір беткей, батыл етті.
Бұл қазақ қыздарына тән мінез. Инабаттылығымен, нәзіктілігімен, байсалдылығымен қоса азаматтық жүректілік пен қайсарлық, батылдық бойында қоса көрінетін қазақ қызының бейнесі оның өлеңдерінде айқын аңғарылады.
От жалынды Мағжанның туындысы
Армандатты шындық пен әділетті.
Жастық арман адалды қолдады шын,
Озбырлық пен жауызға болмады сын.
Ана тілін қорғаған арыменен
Құрбан болды бәйтерек – жолбарысым,
Сәкен, Ілияс, Бейімбет – үш арысым.
-дей отырып құрбан болған арыстарымызға тәу етеді.
Дуалы ауыз жоқ бүгін шешендерім,
Көрінбейді көрікті көсемдерім,
-деп өкініш білдіреді.
Рухыңды оятар екпінімен
Аңсап жүрмін сөзстан нөсерлерін.
Күннен күнге биіктеп парасатың,
Мақсатың бар аспанмен таласатын.
Ер түріктің ұрпағы – қазақ атың,
Болмақ емес беделің аласа тым.
Бақсы емеспін жөнсіздеу бал ашатын,
Жөнің жоқ қой жарықта адасатын.
Алға бассаң адымдап қолдайтұғын
Тәңірім бар қорған боп қарасатын.
Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз кием,
Азаттықтың туына басымды ием.
20жылда жанары тұмшаланған
Еңіреген Тілімнің жасын сүйем.
Тілім менің тағдырым маңдайдағы,
Мақал-мәтел сөзімнің бал қаймағы.
Ақ батаны сағынып, шөлдегенде
Ауыл еске түседі шалғайдағы.
Отаршылдық езгіден болып азат,
Артта қалып құлшылық тозақ-азап,
Ту тігілді тұғырлы еңселі елім,
Қорға тілді, қастерле, оян қазақ.
Тіл қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс – берекенің алды, ұлттың әрі жаны, әрі ары. Тіл жай сөз емес, өмірдің талай сынынан өткен, өскелең талаптарға сәйкес өрістей түскен толыққанды ақиқат десек, жаңыла қоймаспыз. Ақын бұл өлеңінде қазақ тілінің қорғаны болуға баршаны шақырады.
Дина Базарбаевна ақындықты өзінің сүйікті кәсібі ұстаздықпен қатар алып жүрген тұлға. Шығармаларының басым бөлігі де осы кәсібіне байланысты. Оның «Шәкіртіме» деген ойлы да тебіреністі өлеңін оқып көрелікші:
Қоңыраудың бағынған сыңғырына,
Адалдығың тудырған жырды мына.
Сағат сайын, ал кейде минут сайын
Қылығың бар өзгегер мың құбыла.
Тұсалмаған қалайша тұрмақ құлын,
Үйрет дейсің өмірдің жұмбақ-сырын.
Бабам салтын сіңірем құлағыңа
Болмасын деп бояусыз құрғақ ырым.
Көздеріңе қараймын күлімдеген,
Еш уайым, реніш білінбеген.
Сағынғанда шәкіртім, мен мектепке
Жарты сағат өзіңнен бұрын келем.
Сен бар жерде тұрады жайнап бар маң,
Болмау керек ісімде титтей жалған.
Тарыдайсың, ең биік тау қылам деп,
Алға ұмтылам бабалар жолмен салған,
- деп өзінің шәкірттеріне сүйіспеншілігін білдіреді.
«Сау болыңыз» дейтұғын тілек-үнмен,
Апай деген айналдым жүрегіңнен.
Білсем деген ықылас-ниетіңнен
Қуат алып, жадырап жүремін мен.
Сендерменен қамалым алынады,
Сен жоқ жерде тынысым тарылады.
Атың шауып бәйгеден озып келсе,
Қуаныштан жүрегім жарылады,
- деп елжірей жырласа, енді бірде:
Тілің сенің балдан тәтті, балапансың ақ қардай,
Көңілің шат, құлпырасың гүлге оранған бақтардай.
Ақтығыңа, пәктігіңе жан шәкіртім елжіреп
Қала алмадым түкпіріндегі сырларымды ақтармай,
«Ұстаз» деген ұлы есім, киесі бар,
Шәкірттейін мектептің иесі бар.
Еңбегің еш, тұзын сор етіп кейде
Кейбіреудің жағатын күйесі бар.
Шәкір – ұстаз егіз сөз ескірмейтін,
Бір-біріне өкпесі естілмейтін.
Бас иеді ұстазға патша, ғалым,
Өзгертпеген сан жылда бейне-кейпін.
«Қыран түлегіне қайрылмас қанат сыйлайды, ұстаз түлегіне алға бастырар талап сыйлайды»,- деп атамыз қазақ айтқандай, еселі еңбегі еліміздің ұрпағын тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатуға арналады.
Ұрпақ деген ұғымда аса мән бар,
Заңдылықты жасаған жаратқан бар.
Шәкірттерім, болашақ сендердікі
Аманатқа қиянат жасамаңдар!
Білімменен адымдап алға асыңдар,
Қуаныңдар, артыңда жалғасың бар.
Үкілеген үмітпен бірігіңдер
Алдыңда әлі алынбаған асулар бар.
Сендер елді әлемге танытатын,
Уызынан ұрпақты жарытатын.
Жұлдыздарға тағыңдар тұмар етіп
Қазақ деген халқыңның алып атын,
- деп жас ұрпақты білімге шақыра отырып, оларға зор үміт артады.
Атамекен төріне жайғасыңдар,
Көкке өрлеңдер, Күн менен Айға асыңдар.
Ер түріктің ұрпағы – түкті жүрек
Жолбарыстай түлектер қайдасыңдар?!
Мен сендерге тілеймін өмір шыңын,
Бар байлығым – шәкірттерім сырым-шыным.
Төккен терім өлшеусіз өз алдында
Өздеріңе арналар ғұмыр-жырым.
Ақынның осы тәрізді азаматтық, әлеуметтік сарындағы өлеңдерінің тақырыбы да, айтар ойы да, кұрылысы да, айтылу ерекшеліктері де әр алуан. Ақын бірде халықтың тағдырын, бүгінгісі мен келешегін толғаса, бірде жастарды оқу-білімге шақырған насихат айтады немесе күнделікті өмірдегі құбылыстарға қатысты адамгершілік мәселесін қозғайды.
Поэзия өнер мүлкі ретінде қыр-сыры мол жан-сезімнен тыс поэзия болмайды. Оның ішінде лирика тікелей сезімдік туынды екені мәлім. Алайда әр ақынның сол сезімді поэзияға өзек етуіндегі эстетикалық арсеналдары түрліше. Негізгі объект алдымен талант қырларында жатыр. Айту мәнері шабыт көзінде жатыр. Лирика – белгілі бір уақыт пен ортаның жемісі, сол орта мен уақыт перзентінің көңіл-күйі , жан тебірінісі.
Әдебиеттің негізгі құралы – тіл. Ұста металды, суретші бояуды қандай жақын білсе, ақын тілді сондай жақсы білуі керек. Онсыз ол өзінің ой-сезімін, өмір тәжірибесін басқаларға суреттеп жеткізе алмайды. Өмір картинкасын, адам образын жасамайды. Тиіс – сан сөздің жиынтығы, ал сөздердің ішінде терең ой, сұлу сын, нәзік сезім, асқақ көңіл тағы басқа адам мінезіне тән ерекшеліктерді көркем суреттейді.
Ақын өзінің шығармаларында көркем образ жасауда сөзбен сурет салуды өзіне тән өзгеше мәнерін танытып, көрікті құралдарын өте шебер қолданады.
Иә, кей күні өткен жастық еске түсіп толғанам,
Сезім Шалқып тебіренем, жас қаламды қолға алам.
Егіледі сыршыл жүрек және ақтарып жыр-әнін
Сағынышты сырларым бар әлі айтылып болмаған
Шымылдығын меңіреу, мылқау түннің серпе ашып,
Төңірекке әр берді күн сәулесі нұр шашып.
Бұл үзінділердегі «сыршыл жүрек», «меңіреу, мылқау түн» эпитет, адамға берер әсері өзгеше. Эпитетті қолданғанда ақын жай қолдана салмаған... Ақынның қолданған эпитеттері, суреттеген нәрсесіне өзінің қатынасын көрсетіп тұр.
Меңіреу мен мылқаулық адамға тән ерекшеліктер, ақын оны жаңаша табиғаттың ерекшелігіне суреттеу арқылы, табиғатты басқа қырынан көрсеткендей, жаңаша қырын ашқандай соны леп еседі.
Теңеу:
Қызғалдақтай көктемдегі бүршік жарып жайнаған,
Қайдасыңдар, жан достарым, асыр салып ойнаған.
Шалқып жатқан дариядай көңілің,
Күлкің әсем бұлағындай өңірдің.
Мұндағы теңеулер ақынның айтайын деген ой-пікірін оқушыларға дәл жеткізуде әр сөз, әр образы өз міндеттерін қалай атқарып тұрғандықтары айрықша дәлелдеуді керек етпейді.
Мұғалім өлеңдерінде суретші қолындағы бояу секілді, шіні тауып оның құбылта білген. Құбылған сөз әсерлілік үстіне адам баласының танымын байытуға, сөз әсерлілік үстіне адам баласының танымын байыта түсіп, оны түрлеңдеп құбылту арқылы тіршіліктің сан-алуан сырын тануға септігін тигізеді.
Құбылтудың түрлері көп. Әдеби тілдегі ең басты құбылтудың бірі – ауыстыру, яғни метафора. Ақын өлеңдерінің мәні өңдерінде өзгертіп айтып суреттеп отырған затты не құбылысты айқындап, ажарлы, көрікті, әсерлі шығу үшін оларды өздеріне ұқсас өзге затқа не құбылысқа былай отырып, суреттеп отырған заттың не құбылыстың мағынасын үстеу, мазмұнын тереңдету арқылы әсерін күшейте қолданған:
Жалындасын білім-шырақ алауы,
Желбіресін ашық аспан жалауы.
Жатушы едің керіліп күміс күлкің шашыла,
Абайсызда қара құс қонды-ай келіп басыңа.
Асау арман желкенімен алысып,
Бал шырынын тата берші өмірдің.
Асыл арман жырлатқанмен махаббаттың термесін
Жыртық көңіл балалақтың тәтті күйін тарта алмас.
ҚОРЫТЫНДЫ
Өзінің шынайы таланты, сырға толы тұнық та мөлдір жырлары арқылы жұртшылық жүрегіне жол тапқан ақын апамыздың еңбектері туған халқының қажетіне жарап, рухани азығына айналып отыр.
Д.Мұханбедиярова поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман аңсары. Осының бәрін Дина апамыз жас дарынға тән қайталанбас шеберлікпен, тәңірдің таңдайынан төгілгендей поэтикалық мінсіз үйлесіммен, әр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл сезіммен, нағыз поэзияға ғана тән бейнелі образдармен бедерлеп, өлмес өнер деңгейінде туындатып отыр.
Ақынның поэзиясында тек тіл, сөз ғана емес, ой да көркем, бейнелі. Өлең тіліне көркемдік сипат дарытатын, қуат беретін ой-сезім тереңдігі, өткірлігі, әсерлілігі. Лирикалық шығармалар әдебиеттің өзге де түрлері сияқты адам тағдырын толғайды және сол арқылы қоғам өмірін, саяси-идеялық тынысын бейнелейді. Ақын шығармашылығы туралы үлкен бір арна және негізгі арна – қоғам өмірі, адам тағдыры, достық, адамгершілік, биік парасат туралы ой толғаған лирика деп ойлаймыз.
Пайдаланылған әдебиеттер
«Течет река Волга»
Рисуем подснежники гуашью
Стеклянный Человечек
Солнечная система. Взгляд со стороны
Кто чем богат, тот тем и делится!