Қазақстан Республикасының Тілдері күніне арналған шығарма "Достықтың терең тамыры"
Вложение | Размер |
---|---|
Шығарма | 34 КБ |
Кравченко Жанна,
№4 Ақкөл орта мектебінің оқушысы.
Қазақстан Республикасының Тілдері күні
мерекесіне орай жазылған шығарма.
Қазақ тілі пәнінің мұғалімі:
Хасенова Мадина Бельгибаевна
Шығарма
«Достықтың терең тамыры»
Қазақ тілі өзінің көп ғасырлық дамуы барысында рулық тіл дәуірін де, тайпалық тіл дәуірін де, халықтық тіл дәуірін де басынан кешірді. Бүгінгі таңда бабалар мұратына қолымыздың жеткеніне көзіміз жетті – қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесі шыңына көтерілді. «Өмірдей жалғызбын, өлімдей ортақпын» дегендей сан ғасырлар арасынан, шайқас пен саясаттың ортасынан жарып шыққан даланың ұлы тілі бүгінде өркендеген мәдениеттің тілі. Иә, қасиетті де, қасіретті қазақ тілі басынан не өткізбеді десеңізші! Дүние жүзі тарих толқынымен дамып, алға адымдап келе жатқанда қазақтың ауызына қисайған орыс сөзін салып, «Бисмиллә» - сін, алдындағы жайнамазын жұлып алған. Даңғарадай даланы мекендеген халақтың дінін, тілін, мәдениетін суырып алған не деген сұмдық еді! Ресей патшалығына еніп, орыс «царь» алдында бас иіп, өз жерімізде аяғымызды баяу басқан күндеріміз де болып еді. Бірақ, қаһарман қазақ халқы басын көтерді, ілгері жүрді... Қайран, қараңғы, қалың қазақ елім –ай! «Мен – мен» деп кеуде соққан бабаларым – ай! «Аруақ!!!», - деп жауға шапқан ерлерім – ай! «Алла жар!»,- деп буыршын мұзға тайған желтоқсандық аға–апаларым – ай! Бүгінгі ұрпақты бүгінгі күнге жеткізген, арайлы таң, шуақты күлкі сыйлаған сендер. Мәңгілік алғыс. Мәңгілік тағзым... Қазақ халқы ғасырлар бойы азаттық жолында күресіп, «жалындап жанып» елінің егемендігін алды. Өз жерінде, өз елінде өз туын көтеріп,өз тілін мемлекеттік етіп, өз тілінде сөйледі. Сайрады, әндетті, шырқады... «Егер ертең тілім жоғалар болса, мен бүгін өлуге даярмын» , - деген сөздер баяғыда бекер айтылмаған екен.
Қазақстан Республикасының 1997 ж. 11 шілдеде шыққан «Тіл туралы» Заңында: «Қазақстан халқын топтастырудың маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деп айтылған. Бұл Заңды орындау барысында барлық оқу орындарында қазақ тілі оқытылып келеді. Қазақ тілі – қазақ халқының басынан өткен өмірін, тарихын, қолы жеткен жетістіктерін, әдеби шығармаларын, өнерін, өмір туралы ұғымын, ойын, сезімін, атадан балаға мұра етіп жеткізіп келе жатқан бар құндылықты бойына жинаған халықтың зор байлығы.
Жыл сайын Қазақстан Республикасының халқы тілдер мерекесін тойлайды. Қазақстанда жүзден астам ұлт өкілдері тұрады. Әр ұлттың өзінің тілі, өзінің әдет – ғұрпы бар. Бірақ, бәрімізде бір жанұядай тату – тәтті өмір сүреміз. Мен орыс мектебінде оқимын. Үйде қазақша сөйлеймін, мектепте ағылшын тілін үйренемін. Менің жанұям, Қазақстан халқындай көпұлтты. әкем – украиндық, анам – қазақ, әкемнің анасы – поляк елінің қызы еді, ал нағашы әжем – орыс. Мен өзімді қазақпын деп мақтанам. Арманым – қазақ тілінде жетік сөйлеп, ағылшын, украин тілдерін игеру.
Елбасымыздың саясаты арқасында біздің Республикада біз – балалар, көшеде, автобус, пойыздарда өзімізді еркін сезінеміз. Ешқай жерде жарылғыш жоқ екеніне сенеміз. Елімізде азаматтық соғыс жоқ. Орыс бол мейлі, неміс бол – Қазақстан жерін еркін, бақытты болып басып жүреміз. «Басқа ұлтсың», - деп ешкімде бетімізге басып, ренжітпейді. Адам еңбексүйгіш болса, білімді, мәдениетті, парасатты болса, ол кез келген жерде еңбек етіп, ғылыми жұмыспен айналысып, жасқанбай қалаған емханасына, оқу орнына барып жүруіне болады. Бұл жерде әр ұлттың салт - дәстүрлері сақталып қуанышпен тойланып жатады. Кез келген адам табысқа жете алады, тек Заңды бұзбаса, өзге азаматтарды сыйласа болды.
Қазақ халқы ежелден өзінің қонақжайлығымен, ашық жүрегімен, ақ көңілдігімен белгілі. Баяғы 1936 жылдары қазақ халқының осы ізгі қасиеттері саяси қырғын – сүргін құрбандарының өмірін сақтап, өздеріне қазақ елінде пана іздеген көшпенділерді қарсы алып, бауырына басқан да қазақ еді. Солардың көбі қазақ елін, жерін сүйіп осында мекендеп қалды, осы жерде тамырларын тереңінен жіберіп, өздерін қазақтың бауырымын деп санады. Қазақша сөйлеп, ән салып, қазақ мектебіне барды.
Солардың арасында менің де әжем – Пекарская Люция Степанқызы бар еді. Украинадан поляк қызы болғаны үшін қуылды. Бірақ осы жерде көп жолдас тауып, жанұя құрып, үй салды. Бұл жерде менің әжем жоғалтқанынан көбірек нәрсе тапты, олар: жүрек жылылығы, алаулаған махаббат, бейбіт өмір. Ал ең бастысы – бұл жерден оны ешкім де қуған жоқ. Сол үшін қазақ халқын бар жан дүниесімен сүйді.
Шығармамды «Достықтың терең тамыры» деп атаған себебім: ана тілің қандай тіл болса да, бәріміз доспыз, бір – бірімізге жау емеспіз. Оның сыры, достығымыздың терең тамыры – Қазақстанның жерінде жатыр. Осы қасиетті жерді басып, осы елде өмір сүргенімізден ортамызда бірлік бар. Өткен ғасырдың қиын кездерінде әжемді қарсы алып, бауырына басқаны үшін мен өз басымнан қазақ халқына алғысымды айтамын.
Мен Қазақстан елін, өзімнің Отанымды мәңгілік сүйіп өтемін. Мен үшін осындай өткен тарихы бар, бақытты бүгінгі күні бар, жарқын келешегі бар Отаннан биік еш нәрсе жоқ!
Басня "Две подруги"
Весенняя гроза
Рождественский венок
Рисуем ветку берёзы сухой пастелью
Астрономы наблюдают за появлением планеты-младенца